АуылБасты жаңалықтар

«Сыбаға» — мал басын көбейтудің сенімді жолы

«Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет — еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту».

Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Елбасының Жолдауында көрсетілгеніндей, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің сыртқа өнім шығарудағы қуаты таяудағы бес жылда 2,5 есе ұлғаюға тиіс. Осы міндеттерді шешу үшін аталған салаға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие түрінде қаржылық қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы  тауарөндірушілерінің алдына қойған бұл міндеттерді шешудің жолдары көп. Соның бірі — қазір әр шаруашылық дәмін тата бастаған «Сыбаға» бағдарламасы. Оны жүзеге асыруда біздің облыстың өз тәжірибесі, іс үлгісі бар. Облыстық ауыл  шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовпен осы жөнінде әңгімелескен едік.

— Аймақта агроөнеркәсіп кешенін, оның ішінде мал шаруашылығы саласын дамытудағы кейінгі жылдардағы жаңалықтар қандай?

— Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама аясында ұзақ мерзімге есептелген интерактивті көрсеткіштер бізге келіп жетті. Сол көрсеткіштерді қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Биыл біз облыс бойынша 200 ірі қара, 50 қой шаруашылығын құруымыз керек болатын. Сол шаруашылықтар аудандар бойынша құрылып жатыр. Атап айтсақ, қазір 153 шаруашылық ірі қарадан құрылды. Осы шаруашылықтардың 116-сы жер телімдерін алды. Несие алуға 105 шаруашылық құжат тапсырды. Осы сатып алынатын ірі қараның саны бүгінгі күнге 11 мыңнан асып тұр. Осы шаруашылықтардың 50-і алғысы келіп отырған несиесін қолына ұстады. Ол — 8800 бас ірі қара,  5 миллиард 631 миллион теңге. Қазір малды алып, аулаға кіргізе бастады. Соның ішінде «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5700 ірі қараны өңірімізге алып келді. Оның 5 мыңын Америкадан жеткізді. Қалған ұсақ шаруашылықтар да шеттен мал сатып алып, жұмыстарын бастап жатыр.

Осы бағдарлама бойынша 50 қой шаруашылығы құрылуы керек. Оның бүгінгі күнге құрылғаны — 39. Оның 25-і жер телімін алды. Несие алуға осы шаруашылықтардың 36-сы  құжаттарын тапсырып, 23-і  7,5 мың қой сатып алуға несие қаржы алып үлгерді. Жұмыс жалғасуда.

Бұдан басқа біздің алдымызға мал алаңдарына бұқашықтар өткізу тапсырмасы қойылған. Осы жылы мал бордақылау алаңдарына 20 800 бұқашық тапсырылуы керек еді. Бүгінгі күні 2500-і тапсырылды. Бұл тапсырылған бұқашықтардың тіркелгені ғана. Негізі біз бүгінгі күні 5 мыңға жуық бұқашықтарды өткіздік. Бірақ шаруашылықтардың малдарын ақпараттық талдау жүйесіне енгізіп беруде шамалы кедергілер болып тұр. Алайда бұл тапсырмалар жылдың аяғына дейін толығымен орындалады деп күтілуде.

Сонымен бірге, тауарлы малды тұқымдық түрлендірумен байланысты да тапсырмалар бар. Облыс бойынша 215 мыңнан астам аналық тіркелген болса, соның 60 мыңнан жоғарысы  тұқымдық түрлендіру бағдарламасына қатысты. Яғни қатысу үлесі 35 пайызға шейін жетті. Малдың шағылысу мерзімінің аяқталуына байланысты қазір бұл көрсеткіш шамалы төмендеді…

— Қазір өндірістің қай саласын алсақ та, цифрландыру бағдарламасы енгізіліп жатқанын көреміз. Бұл жаңалық мал шаруашылығына қалай енгізіледі?

— Шаруашылықтарды басқару, цифрландыру бағдарламалары бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жайылымды, шабындықты цифрландыру, электрондық картаға енгізу жұмысы облыс бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Айталық, бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша картаға шабындықтың 25,4 пайызы, жайылымның 15,3 пайызы енгізілді. Жайылымдық жерлер бойынша картаға енгізуге берілген тапсырма 9 миллионға жуық гектарды құрайды. Осыдан 1 миллион 362 мың гектар енгізілді. Шабындық жерлер бойынша да солай, біздің 42,5 мың гектар шабындық жеріміз бар екен, соның 36,2 мың гектарын енгізіп үлгердік. Бұл жұмыстар жылдың аяғына шейін жалғаса береді. Істің бұлай жүзеге асырылуы — жайылымды «Қазақғарыш» жүйесі арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Сол кезде жердің қаншалықты тиімді пайдаланылып отырғаны, бос жатырған жерлер айқын көрінетін болады. Жайылымдық, шабындық жерлердің малдың санына сәйкестігі қаралады.

— Жайылымдық, шабындық жер, шүкір, бізде баршылық қой. Мәселе — сол кең жерге малды көбейтуде шығар. Шетелден асылтұқымды мал сатып алудың жағдайы жеделдеді ме?

— Шетелден ұсақ шаруашылықтарға асылтұқымды мал сатып әкелу оңай болып тұрған жоқ. Шешуін күтіп тұрған мәселелер бар. Биылғы жылғы біздің алдымызға қойылған тапсырма шетелден 10 мың ірі қара сатып алу болса, келесі жылы 20 мың ірі қара алуымыз керек. Беріліп отырған несиенің негізгі мақсаты—асылтұқымды ірі қара өзге елдерден, әйтеуір, шеттен келу керек. Әлгінде  айттым,  5700 ірі қара өңірге кіріп үлгерді, қалғаны әлі де жеткізілуге тиіс. Бір қиыны, бізге жақын облыстар ветеринарлық кедергілерге байланысты жабылды. Өйткені малдан ауру шығуына байланысты ол жерлерден мал алып келуге болмайды. Жақын облыстардың  жабылуына байланысты біздің шаруашылықтар шалғайдағы Белоруссия, Мәскеу маңайынан, Пермь облысынан мал әкелу қамымен жүр. Сол жақтардан таңдап, алдын әкеліп те жатыр. Жақында Байғанин ауданынан бір кәсіпкер сол жақтан 500 ірі қара мал әкелді. Осы Ақтөбе қаласы маңайына орналасқан «Құмсай» шаруашылығы бірер күнде жеткізуге тиіс. Жалғыз біздің облыс қана емес, шетелден мал іздеп бүкіл Қазақстан фермерлері жүр.

— Мемлекет қолдау көрсететіні, жеңілдікпен несие беретіні жиі айтылады. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы да бар. Алайда соны алудың тәртібін, жолдарын ауылдың тұрғындар біле бермейтін сияқты. Осы жөнінде сұрап, арнайы ауылдан редакциямызға шаруа қылып келетіндер де бар.

— «Сыбаға» бағдарламасын алу үшін шаруашылық жұмыс істеп тұруы керек.  Ең әуелі міндетті түрде несие алуға кепілдік талап етіледі. Алайда кепілдік болмаған жағдайда да қол қусырып қарап қалмау керек.  Бұл несиенің бір артықшылығы —«ҚазАгроГарант» акционерлік қоғамы  көмекке келіп, кепілдікпен қамтамасыз ете алады. Шаруашылық сатып алатын малдың өзін де кепілдікке қоюға болады.

Несие 15 жыл мерзімге, жылдық 4 пайызбен беріледі. Жеңілдік мерзімі 2 жыл. Несиеге өтініш берген кезде толтырылатын құжаттары да мейлінше аз. Ең бастысы — шаруашылықтың қарызы болмау керек. Ең алдымен, мемлекеттік қолдауға жүгінбес бұрын, оған үміткер шаруашылық басшысы екінші деңгейдегі банктердің, өзге де қаржылық мекемелердің қара тізімінде тұрмағанын анықтап алғаны жөн. Салық жүйесінен анықтама алу қажет. Алған несиені мерзімінен бұрын жауып тастауға да ерікті, айыппұл төлемейді.

Несие алу үшін құжаттарды «Аграрлық несиелік корпорация» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдарының Ақтөбе филиалдары арқылы жасақтайды.

Бұл қаржылық даму институттарынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша іс бастағандар, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес саласын өркендетуді қолға алғандар, өңдеу цехтарын ашуға талаптанушылар және басқалар несие ала алады.

Мұнымен бірге, кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін ауыл тұрғындары өз аудандарындағы несиелік серіктестіктер арқылы 4 миллионнан 70 миллион теңгеге дейін несие қаржы ала алады.

— «Сыбаға» бағдарламасының жаңартылған талабы бойынша шетелден асылтұқымды мал биыл қай уақытта келді?

— Біздің облысқа жаңа талап бойынша асылтұқымды ірі қараның алғашқы легі қазан айының басында келді. Байғанин ауданының «Қызылшоқы» шаруа қожалығы республика бойынша бірінші болып, Ресейдің Пермь өлкесінен 75 герефорд тұқымын сатып әкелді.

Мұндай мысалдар жеткілікті. Өйткені мал шаруашылығын ұйымдастыруды жақсартуға және оның санын ұлғайтуға мемлекеттің өзі орасан зор қолдау көрсетіп отыр. Осының нәтижесінде біз асылтұқымды малдың үлесі биыл облыста 1 пайыз өседі деп есептейміз. Бұған дейінгі жылдарда бұл көрсеткіш 0,3-0,5 пайыз шамасында болып келді. Біреулерге біз келтіріп отырған өсім өте төмен болып көрінуі мүмкін. Алайда халық даналығы: «Тым тез өсетін арамшөп қана» дейді. Мал шаруашылығы саласының күрделілігін, нәтиженің тез бола қоймайтынын, ауыр еңбекпен келетінін көпшілік жақсы біледі.
— Ірі қара өсірумен байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты — өнімді молайту, оның ішінде сыртқы рынокқа ет өнімін шығаруды көздейді емес пе? Бұл меже облыста қалай орындалуда?

— «Сыбаға» бағдарламасының аясында биылғы жылы аймақтың өнім өндірушілері бордақылау алаңдарына 2 мыңнан астам бұқашықтар қойып, экспортқа 550 тонна ірі қара етін, 17 тонна қой етін, 342 тонна шошқа етін және 40 тоннаға жуық ет консерві өнімдерін жөнелтті. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Ірі қара малының үлкен легі Өзбекстанға шығарылды. Қазір бордақылау алаңына 2 700 бұқашық қойылды. «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұқашықпен бірге, бордақылау алаңына ірі қараны немесе іріктеуден өткен сиырларды қоюды қарастыруда.

— Таяуда ауыл шаруашылығының басым салаларын субсидиялаудың жаңа Ережесі қабылданды. Ол бойынша мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың талаптарында өзгерістер бар ма?

— «Сыбаға» бағдарламасындағыдай, жаңа ережеде де мал шаруашылығындағы шығынның белгілі бөлігін қайтару көзделген. Бордақылау алаңына бұқашықтар тапсырғаны үшін әр келісіне 200 теңге қаралған. Ал бордақылау алаңы жұмысын ынталандыру мақсатында әр келі қосымша салмаққа 200 теңге төленеді. Сондай-ақ шеттен асылтұқымды ірі қара, техника сатып алғанда, мал қораларын салғанда, инфрақұрылымдарын құрғанда — сумен қамтамасыз ету мен баламалы қуат көздерін орнатқанда шығынның бір бөлігін жабу үшін субсидия беріледі.

Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы — еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі. Сол себептен де мемлекет ауыл шаруашылығының тауар өндірушілеріне әр кезде де қолдау көрсетеді. Бұл — әр мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудағы әлемдік тәжірибесі.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button