Әдебиет

Ізгілікті із

Тағзым

Үмбетбай Уайдин есімін әдебиеттен хабары бар адамның бәрі біледі десек қателеспейміз. Қазақтың белгілі сатиригі атанған ол биылғы наурыз айының басында дүниеден өтті. Содан бергі уақытта қаламгер туралы қаншама естеліктер жазылып жатыр десеңізші. Замандастары Үмбетбай ағаның біртуар талант иесі екенін былай қойғанда, адамгершіліктің, ізгіліктің, инабаттылықтың адамы екенін алғы орынға шығарып айтады.

Ал сатириктің шәкірті, өзі де уытты тілдің иесі атанған Көпен Әмірбек ұстазы туралы «Із» деп аталатын жинақ шығарды.

Біз бүгін Үмбетбай ағаның ізгілікті іздері туралы аз-кем әңгімелесек деп ниеттендік.       

Сатираның сарбазы

Қазақ сатирасы туралы әңгімелегенде аз-кем шоғырланған бір топ көз алдыңызға келе қалады. Солардың арасында Үмбетбай Уайдиннің шоқтығы биік көрінер еді. Егер мерзімді баспасөзде жарияланған еңбектерін былай қоя тұрып, кітаптарына келсек, санамалай беріңіз: «Ендігісін айтпаймын…», «Ішің білсін», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Особая столичная простокваша», «Пәлен-пәштуан», «Алла, бұл кім?», «Сен кімге күлесің?» …

Бұл кітаптардың кейіпкерлерінің көбісі біздің көз алдымызда. Біреуі күлдіріп айтады, біреуі бүлдіріп айтады. Бірақ, қай-қайсысы да ішіндегі бір ойды білдіріп айтады.

Бір сырласуында қаламгер: «Менің ауызекі сөйлеген сөздерімде де әзіл-қалжыңдарым бар. Бірақ әзілге аса сақтықпен қараймын. Жас келген сайын абай болу, байқампаздық деген қасиеттер адамға тіпті керек. Біреудің жұқа жері болады, біреудің жұқарып жүрген кезі болады. Әзіл екен деп, қалжың екен деп орынсыз ойнай берсе, біреуге ыстық отпен қарығандай болуы мүмкін. Күлкі көп ретте менің ішімде» деп өзі пайымдауларынан хабар береді.

Әдетте сатира туралы сөз қозғалғанда, Үмбетбай аға өзінің бесінші атасы Сығай бабасынан бері тарқататын. Ел ішінде бағзы заманнан «Сығайдың сықағынан сақтан!» деген сөз тарап кеткен екен.

Беріректе «Ара-Шмель» сатиралық журналында қызмет істеген жылдарында Уайдиннен сақтанып жүргендер көп болыпты деседі.

Журналистика туралы ойлар

Ұзақ жыл бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген Үмбетбай ағаның Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде болашақ қалам иелеріне дәріс беруі сол тұстағы студенттер үшін ерекше бір олжа іспетті қабылданған. Өйткені, бұл кісі шәкірттерін алақанға салып ұстайды, олардың кемшіліктерін кешіре біледі, бірақ сүрініп кеткен жастар болса, олармен жеке-дара әңгімелесіп отырып, түзу жолға шығарады.

Ең бастысы, тәжірибелі журналист ретіндегі жиған-тергенін жас буынға үйретуден жалықпайды. Қазақ журналистикасының шамамен тоқсаныншы жылдардағы тұтас буынын құрайтын кезекті легі Үмбетбай ағаның алдынан өткен және солардың көпшілігі күні бүгінге дейін ұстаз тәлімін ұмытпай, айтып жүреді.

Енді қаламгердің журналистика туралы ойларына көз жүгіртелік.

«Журналистика — ғылым. Журналистика — тарих, — деп жазады ол бір еңбегінде. — Зерттеушілер журналистика тарихы тас дәуірінен басталатынын алға тартады. Ендеше, уақыт тұрғысынан оның «вторая древнейщина» аталуы бекер болмаса керек. Журналистика — бейресми төртінші билік, әлеуметтік құбылыс. Қызық та қиын, құрметті де мазасыз мамандықтың адамы да — осы журналист. Оның тілі — заңның тілі, әділеттің тілі. Журналист — жолаушы. Өйткені, ол өмір бойы жол үстінде. Ол жүрмейтін жол, бармайтын ел, жер жоқ. Ол — қоғамның үні, қоғамның көзі. Журналист, қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық атаулының жер-жебіріне жететін қаламгер, қайраткер».

Егер де осы жазбаларды санаңыздан саралап өткізсеңіз, оның әлдебір теориялық еңбектерден алынғанын емес, журналистің өзі жүріп өткен жолдардан жинақталғанын байқайсыз.

Сатирик Үмбетбай Уайдиннің республикалық «Ара-Шмель» журналында қызмет еткен жылдарында арыз-шағымдардың ізімен фельетон жазу барысында әлдекімдердің ықпалында кетпей, шындық үшін күрескенін, әлсіздердің намысын қорғап, жаны шырқырап жүргенін сол тұстағы әріптестері кешегі күнге дейін аңыздай әңгімелеп келгенін білеміз. Ал Үмбекеңнің өзі Жүсіпбек Алтайбаев, Сақтапберген Әлжіков, Нұрғазы Шәкеев, Өтебай Қанахин секілді ағалардың келбетін былайша суреттейді: «… олардың қамқор көңілдері, жылы қабақтары «Жүрек» журналының бел ортасында жазулы!».

Журналист қандай болу керек? Бұл сауалға да ол өзінің ойында қалыптасқан, көкірегінде тоқтасқан ұстанымымен жауап береді.

«Қай жерде, кіммен сөйлессе де оның тілі — әдеп, мәдениеттің тілі. Журналист — ой адамы. Онда ойсыз күн жоқ. Журналист — сезімнің адамы. Жасыл жағалауды көрсе, жаны жасарып, тылсым табиғатқа қараса, сөзден жыр төгеді. Журналист — мінездің адамы. Ол кез келген мықтының алдында «ләпбай, тақсыр» деп жүгіре жөнелмейді. Оның пірі — халық. Журналист — өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ» деп тұжырымдайды.

Бір кездері аудандық баспаханадан еңбек жолын бастап, жергілікті газетте алғашқы хабарлары жарияланып, кейін республикалық деңгейге дейін көтерілген қаламгердің ой-пікірлері көңіліңізге қонады, жүрегіңізден жылы орын алады.

Еңбек жолын бастаған жер

Баспасөздегі алғашқы еңбек жолын бастаған шалқарлық газеттегі әріптестері ол кісі үшін қашанда ыстық болғаны байқалады. Оның шет жағасын өзіміз де көзімізбен көргенбіз.

Сонау бір жылдары аудандық газеттің ардагері, бүкіл саналы ғұмырын баспасөзге арнаған Тілеужан Шойғариннің 100 жылдығы атап өтілді. Сол жиынға Алматыдан ат арытып Үмбетбай аға арнайы келді.

Әдетте тойға, жиынға әркім әртүрлі мақсатпен келеді. Біздің байқағанымыз, ол өзі  Ұлы ұстаз санайтын адамның аруағына тағзым етуді көздепті. Ретті жерінде естелігін айтты, бір кездері өзі еңбек еткен баспахана, редакция ғимараттарын аралап көрді. Аудандық газеттегі өзінен кейінгі қызмет істеген әріптестерін бауырына тартып, сағынышын білдірді.

Осындайда қаламгердің бұрынырақта шыққан кітабындағы мына бір сурет көз алдымызға келеді.

…Анда-санда Шалқар жағынан он бес-жиырма сом келіп қалады. «Бұл кімнен болды екен», — деп извещениедегі жазуға көз жүгіртсем, көбіне: «Үмбетбай! Денің сау ма, қалқам. Мынау — редакция-баспаханадағы жолдастарыңның көңілі. Мейрамға. Ағаң, Үбәйт», — деген жазуды оқимын…

Түсінік бере кетсек, хат авторы Үбәйт Төлеубаев — сол тұста редакцияда қызмет атқарған ағалардың бірі, ол кезде Үмбетбай аға — университеттің студенті.

Үмбетбай аға сонау 1958 жылы Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясы жанындағы баспаханада баспашы болып жұмыс істеген. Сол кезде таралымы бір мыңның шамасындағы газетті шығаратын машинаны қолмен айналдырып, қағаздың өзін бір-бірлеп жіберіп тұрады екен. Сол кезде бірге еңбек еткен Аманбай Көздібаев, Ұзақбай Төлебаев, Ниетбай Маманбаев, Әбдісағи Мүтәлиев, Зұлхия Іскендірова, Ұмытқан Тұрлыбекова, Мұқамбетәли Есмағамбетов секілді әріптестерін Үмбетбай аға кейін де ұмытпай, әрқайсысы туралы жеке-дара әңгімелеп отыратын.

Үмбетбай ағаның Шалқарға деген махаббаты оның «Шалқар вальсі» туындысында көрініс табады. Әуесқой сазгер Емберген Тереков інісінің «Шалқар» деп аталатын өлеңін оқығаннан кейін, осы туындының әуенін іздеп, мазасы кетіпті.

Шалқардың құм деп жерін қомсынбаңыз,

Құмы — құт, суы — байлық, осында аңыз.

Еңбекпен бағы жанған, шамы жанған,

Батырлар, бақыттылар осындамыз…

Қаншама жыл болды, осы ән шалқарлықтардың әнұранына айналып кетті. Ал бұл, негізінде Үмбетбай ағаның өзі еңбек жолын бастаған, қияға қалықтатып ұшырған Шалқар өңіріне, оның абзал адамдарына деген ізгі ниетінен туған шығарма болатын…

Туған жерге тағзым

Үмбетбай аға қайда жүрсе де туған мекені — Ырғыз өңірін естен шығармайтыны, қай уақытта да елге қарай ат басын бұруға бейім тұратыны байқалады.

Ол сонау тоқсаныншы жылдардың басында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдығына арналған шарада белгілі ғалым Мардан Байділдаевпен бірге келіп, ел қуанышын бөлісті.

1995 жылы Ырғыз халқы жерлес қаламгердің алпыс жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Бұл шараға ол кісінің университеттегі ұстазы, жалпы қазақ сатирасының бапкері, профессор Темірбек Қожакеев бірге келіп, қатысқаны ерекше бір мәртебелі сәт болды.

Ырғыздықтар сатирик жерлестерін жетпіс жасқа толған кезінде де қуана қарсы алды. Туған жері Төсбұлаққа кідіртпей жеткізіп, ақ селеулі дала топырағына аунатты. Нақ сол кезде осы жердің перзенті, ауыл ақыны Тельман Сағымбаев көкейінен құйылған жыр шумағын төгілтті. Қаламгермен бірге елге оның баспадан жаңа ғана шыққан «Оңашадағы ойлар» деген кітабының келіп жетуі өзгеше бір құбылыс болды. Астанадан қырғи тілді сықақшы Сейіт Кенжеахметов әріптес бауырына құтты болсын айту үшін Ырғызға тура тартыпты.

Ағасына арнап өлең оқыған Тельман бауыры өзінің естелігінде былай деп жазады:

«… Бір келгенде ағаның бала кезінде қармақ салып, балық аулаған Ырғыз өзенін, Егінсалған деп аталатын айна көлді жағалап, ауыл алдындағы Темірастау шыңының басына жаяу шыққанымыз бар. Шың басынан айналаға көз салғанда туған даланың көз жеткісіз қиырлары жазушының қиялына қанат бітіріп жібергендей әсер қалдырды маған. О, туған жер, неткен ыстықсың деп соғып тұрғандай аға жүрегі…».

Ырғыздық халқым, пір елім,

Тілекшілеріңнің бірі едім.

Өздеріңізбен біргемін,

Күрсінбей елді еске алған,

Күнім жоқ менің бірде-бір, —

деп елге бір келгенінде аудандық газетке қолтаңбасын қалдырған аяулы ағаның жүрегі қай кезде де сағынышқа толып жүргендей көрінетін.

Шынында да, Үмбетбай мен Ырғыз атаулары ажырамас ұғымдай көрінетін. Қаламгер туған жерінің мұң-мұқтажын, қажетін іздеп, қаншама мақала жазды, қаншама игілікті істер атқарды, көпшілік оның бірін білсе, бірін білмеуі де мүмкін. Өйткені бұл ағамыз атқарғанын айқайлап айтпайтын, кісіге көмектескенін көлеңкеде қалдыратын, яғни жар салып, жария ете бермейтін адам еді ғой…

* * *

Үмбетбай аға осы қараша айында дүниеге келген. Көзі тірі болғанда, ол бұл күндері сексен үш жасқа толар еді. Мақтауға да, мадақтауға да аса мән бермейтін, жаны жайсаң, жүрегі жылы қарапайым жан құттықтауларды да бір қалыпты отырып қабылдар еді…

Қаламгер шаңырағының шуағы сол қалпында деп айтуға болады. Ағаның артын күтіп, сол кісі бардағы жылуды жоғалтпай, айналасына хабарласып, Үмбетбай ағаның мұраларын ұқыптап ұстап отырған Мәриям апай бүгінде Уайдин ұрпақтарын келесі белестерге қарай жетелеп алып барады.

Ал Үмбетбай ағамыздың көзі секілді Ардагер бауырымыз Ақтөбесін ұмытпай, Алматыдан әлсін-әлсін хабарласып тұрады…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button