Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Жобалар жұмыс жасауы керек

Кеше «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік  қоғамының өткен он айдағы атқарған жұмысы қорытындыланып, жыл соңына дейінгі жоспарлары туралы кеңес өтті. «Ақтөбе» индустриалды аймағында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары мен кәсіпкерлер, компания өкілдері қатысты.  

Кеңес отырысына дейін облыс әкімі бастаған топ Индустриалды аймақтағы бірқатар бизнес құрылымдардың, атап айтқанда «Зерде-Керамика», «Атлант Ақтөбе», «FIBC Kazakhstan», «Поливест» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен және құрылыс барысымен танысты. Бұдан әрі Индустриалды аймақтағы әкімшілік ғимараттың мәжіліс залында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма басшысы Әнуар Маханов облыс әкімінің алдында есепті кезең ішіндегі атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл соңына дейінгі жоспарларға тоқталды. Кездесу барысында облыс әкімі:

Кездесуді өткізудегі мақсат — жылды табысты аяқтау әрі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы орындау. Жақында Елбасының өзі өңірімізде болды. Осы индустриалды аймақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысы жөнінде баяндаған болатынбыз. Мемлекет басшысына 2020 жылы осы жердегі 200 гектар жердің толығымен пайдаланылатыны, ең кем дегенде 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылатыны, нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылатыны жөнінде айттық. Осында жұмысын бастап жатқан бірқатар кәсіпорынның жұмысын көріп, аралап шықтық. Жұмыс бар, бірақ әлі де болса баяу. Біздің негізгі мақсатымыз — осы жерде тезірек кәсіпорындарды ашып, өнім шығару, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және салық төлеу, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бүгінгі күні  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Индустриалды аймақта 1775 жаңа жұмыс орны ашуға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 74,4 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны жүзеге асырып жатыр. Қазіргі күні өндірістік аймақта 111 гектар жер өндірілуде. Бұл — 72 пайыз. Жобаларды жүзеге асыру күнінен бастап  4 жоба пайдаланылуға берілген. Ә.Махановтың айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 14,6 млрд теңгені құрайтын, 6 жобаның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олар — «Гигант KZ» ЖШС — (инвестиция сомасы 800 млн теңге және 25 жұмыс орнын құру), «Компания Фаэтон» ЖШС  — (инвестиция сомасы 3 млрд теңге және 120 жұмыс орнын құру), «FIBC Kazakhstan» ЖШС — (инвестиция сомасы 1 млрд теңге және 25 жұмыс орнын құру), жұмсақ жиһаз шығарумен айналысатын «Мебель-Ақсу» ЖШС —  (инвестиция сомасы 320 млн теңге және 50 жұмыс орнын құру), «Баумастер Интернэшнл» ЖШС — (инвестиция сомасы 320 млн теңге және 15 жұмыс орнын құру), «Зерде-Керамика Актобе» ЖШС — (инвестиция сомасы 9,2 млрд теңге және 180 жұмыс орнын құру).

«Мебель-Ақсу» серіктестігі бойынша бірқатар мәселелер болды. Бұл компанияның директоры өзгертілді. Келер аптадан бастап кәсіпорынның қаржылық мәселелері шешіліп, желтоқсан айына дейін істі бітіреміз деп жоспарлап отыр. «Зерде-Керамика Актобе» компаниясы жөнінде айтар болсам, Италиядан қондырғының 20 пайызы әкелінді. «Компания Фаэтон» серіктестігі де көркейту жұмыстарын тәмамдап қалды. Бұл компания келер жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылады, — деді Ә.Маханов.

Басқарма басшысының айтуынша, 2019-2020 жылдары корпорация қосымша 9  жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция сомасы — 56,9 млрд теңге. Нәтижесінде 1180 жаңа жұмыс орны ашылмақ.  Осылайша 2020 жылы индустриалды аймақтағы инвестициялық жобаларды 100 пайызға  толтыру жоспарлануда.

Ә.Маханов өз сөзінде корпорация 2019-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасын әзірлегенін, соған сәйкес облыстың жалпы ішкі өнімінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының үлесі 2018 жылы —  0,03 пайыз, 2019 жылы — 0,4 пайыз, 2020 жылы — 0,7 пайыз, ал 2021 жылы 1,2 пайыз болмақ.

Инвестиция тарту аясындағы жұмыстар агроөнеркәсіп кешен, өңдеуші өнеркәсіп, машина жасау, жер қойнауын пайдалану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік жобалар бағыттары бойынша әзірленуде.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ақтөбе облысына World Free Zones Organization халықаралық ұйымымен инвестицияларды тарту бойынша ұқсас жұмыстардың қызметтерін ұсыну туралы келісімге қол қойды. Бұл бүкіл әлем бойынша 3500-ден астам бос экономикалық және индустриалды аймақтарды біріктіреді және ол ұйымның деректер базасына кіруге мүмкіндік береді. Осы дерекқордың тізімінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көрсетіледі, — деген Ә.Маханов өз сөзінде бүгінде корпорация Назарбаев университетімен бірлесіп, ғылыми зерттеулерді енгізу және жобаларды жүзеге асыру тәсілдері, инновациялық зерттеулер қолдану мүмкіндіктері, ақырғы өнімнің ерекшелігін жақсарту, бәсекеге қабілетті тауар шығару үшін меморандумға қол қойғаны жөнінде де атап өтті.

Корпорация 2018-2019 жылдары маусымаралық кезеңге жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірлесіп 1880 тонна картоп пен көкөніске фьючерстік келісімшарттар жасасыпты. Биыл қазанда тұрақтандыру қорына 500 тонна картоп, 200 пияз және 100 тонна сәбіз қойылған.

Есеп кезең ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияда бірқатар әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылған. Олардың ішінде көше саудасын жандандыру, «Көмек» жалақы жобасын іске асыруды қолға алған. Яғни, корпорация екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып, кадрлық  мәселені қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде тұрақты еңбекақы төлеу және ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселелерін шешуге бағытталған «Көмек» жалақы жобасы 2019-2021 жылдары 500 шаруа қожалығын немесе 16,0 мың адамды қамтитын болады. Сол сияқты, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағаны төмендету, аймақтың экпорттық әлеуетін дамыту  мақсатындағы «Агрогектар» жобасы қолға алынған. Жоба аясында жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тамшылатып суару тәсілі пайдаланылады. Шарт бойынша көкөністер мен бақша дақылдарын өсіру үшін жер  барлық адамға жалға беріледі. Қазіргі уақытта Темір ауданы  тұрақтандыру қорын құру бойынша пилоттық жоба ретінде анықталған. Сол сияқты, шалғайдағы елді мекендерді газдандыру, көп қабатты тұрғын үй құрылысын тұрғызу ісі де  әлеуметтік жобалардың салмағын арттырады. Сонымен қатар, корпорация

Ақтөбеде «DIY & House hold» форматтағы бәрі де үйге арналған гипермаркет құрылысын салу үшін  BI Group ЖШС-мен бірлесіп жалпы алаңы  30 мың шаршы метрді құрайтын құрылысты салуды жоспарлап отыр. Гипермаркет тұрғындарға құрылыс, жөндеу жүргізу, бау-бақша, үйді безендіру және дизайн, спорт пен демалыс үшін толыққанды сапалы өнімдер сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл жобада халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдік жасау жағы да көзделіпті.

— Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты әрі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту аясында «Жастар саябағы» жобасын 5,0 гектар алқапқа салу жоспарлануда, — деген Ә.Махановтың сөзін бөліп, Бердібек Машбекұлы құзырлы орган өкілдеріне аталған ауданда әуелі «Алматы» саябағын салу жұмыстарын жандандыру керектігін тапсырды.

Кеңес отырысында Б.Сапарбаев корпорация басшысынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан шаруаларды, аудандағы тауар өндірушілердің өз өнімдерін «Табыс» коммуналдық базарында сатуына қандай мәселенің кедергі болып отырғаны жайында сұрап білді. Бірқатар мәселелерге қатысты облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары жауап берді. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының  басшысы Анар Даржанова осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпкерлерді «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысуға шақырды. Себебі, Елбасы Жолдауында айтылғандай, келер жылдан бастап аталған бағдарлама бойынша берілетін қаржы көлемінің мөлшері де көбеймек. Бұл орайда облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражатты тиімді игеру керектігін атап өтті.

Ең басты мәселе — жобалар жұмыс жасауы керек. Таныстырылымдары жақсы, бірақ олар әзірге сурет, қағаз ғана.  Ал бізге нәтиже керек. Әрине, корпорация тарапынан жақсы идеялар бар. Бірақ соның бәрін жүзеге асыруымыз керек, — деп сөзін қорытындылаған облыс әкімі аталған жобаларды іске асыруда корпорацияға бірқатар басқармалармен келісім жасап, қала әкімдігі көмек көрсетуі қажеттігін атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button