Жаңалықтар

Рухани байланыс кеңейе түсті

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Ресей федерациясының Орск қаласында қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған «Тіл — татулық тірегі» тақырыбында кездесу өткізілді.

Кездесуді ұйымдастыруға Орск қазақтары автономиясының «Әлем» ұлттық-мəдени қоғамдық ұйымының төрағасы Құрмамбай Құмақбаев мұрындық болды.

Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, Орск қаласы қазақ диаспорасымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында өткен шарада облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының әдіскерлері мен оқытушылары қазақ диаспорасының өкілдеріне арнап ашық сабақтар, лингвистикалық тренинг, викториналық ойындар өткізді. Қазақ тілінде жүргізілген тренингтерге қатысушылар белсенді араласып, тапсырмаларды орындады.

Кездесу барысында «Әлем» қазақ ұлттық-мәдени автономиясы қоғамдық ұйымының қазақ тілі оқытушысы Рыскүл Сәтбаева: «Мұндай шараны өткізу біз үшін өте маңызды әрі құнды деп айта аламыз. Себебі осындай іс-шаралар қазақ мәдениеті мен тіліне қызығушылықты арттыру үшін бірден-бір импульс тудырады. Сондықтан біз ақтөбелік әріптестерімізбен болашақта қарым-қатынасты нығайтқымыз келеді», — деді.

Тіл тақырыбында өткен кездесуге 50-ден астам қандас бауырлар қатысты. Шара соңында қатысушыларға қазақ тіліндегі оқулықтар, балаларға арналған тілдік- танымдық журналдар жəне домбыра мен аруананың мүсіншелері сыйға тартылды.

Тараптар алдағы уақытта екі ел арасында рухани байланысты нығайту мақсатында осындай іс-шаралар жалғасын табатынына сенім білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button