Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге геопортал таныстырылды

Облыстық кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қаласы әкімінің тапсырысымен  «Ақтөбе құрылыс мониторинг» мекемесі жасап шығарған https://geoportal.akt.kz веб-порталының таныстырылымы өтті.

Ақпараттық геопорталдың таныстырылымына палатаның, облыстық кәсіпкерлік басқармасының, Ақтөбе қаласының жер қатынастары, қала құрылысы және сәулет бөлімдерінің, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері және кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Geoportal.akt.kz веб-порталы арқылы қала тұрғындары қажетті мекенжайлар мен жер саудасын, қалада болатын іс-шаралар мен Бас жоспардағы мәліметтерді біле алады. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлер үшін тиімді деп есептейді авторлар. «Веб-портал арқылы кәсіпкерлер қаланың кез келген нысаны туралы мәлімет ала алады. Айталық, белгілі бір аймақта қанша дәріхана, асхана немесе сауда орындарының барын еш қиындықсыз анықтауға болады. Сонымен қатар, сол аймақта болашақта салынатын нысандар туралы порталға орналастырылған қаланың егжей-тегжейлі жобалар жоспары бойынша білуге болады», — деді жобаны құрастырушылардың бірі «Ақтөбе құрылыс мониторинг» мекемесінің директоры Сәуле Иманбаева.

Geoportal.akt.kz электронды жүйесі арқылы қаланың барлық аумағындағы тұрғынжайлар туралы толық ақпарат алуға болады. Бүгінгі күні онда кәсіпкерлік нысандарын салуға арналған бос жерлер мен инженерлік байланыстар туралы ақпараттар енгізілгенімен, оны көпшіліктің пайдалануы шектелген. Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл мәліметтер әлі де тексеруді қажет етеді, дегенмен оны биыл жыл соңына дейін көпшілік назарына ұсыну көзделген. Сонымен бірге инвесторларға ыңғайлы болу үшін порталға қаладағы тоқтап тұрған өндіріс орындары туралы мәліметтер белгіленуде.

Геопортал — қолданушылардың кең ауқымы үшін ашық деректерді жариялау құралы саналады. Кәсіпкерлер порталды тиісті ақпаратпен толтыра отырып, сондай-ақ, өздерін жарнамалауға да мүмкіндік алады. Дұрыс пайдаланылса, бұл жаңашылдық кәсіпкерлердің қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын, — деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы  директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Қазіргі уақытта геопорталды нысандардың нақты мекенжайлардағы геобайланыс және олардың негізгі қызметтері және байланыс деректерімен толтыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Геопорталдың таныстырылымы тұрғындарды хабардар ету және веб-сайтқа енгізілмей қалған кәсіпкерлік субъектілері мен тоқтап тұрған нысандарды мейлінше қамту мақсатында өткізілді.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес мүдделері тұрғысынан жүйені жетілдіру туралы өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, олар порталмен жұмыс істеген кезде кәсіпкерлерге кеңес беру және жобаларды қолдау үшін сарапшыларды тартуды ұсынды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button