Экономика

Серпінді өсім қажет

Кеңес

Облыстық әкімдікте облыстың экономикалық дамуының шешуші мәселелерінің бірі — кіріс бөлігі мен бюджетті игеру қаралды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес барысында бюджеттің кіріс бөлігі мен оны игеруді орындау бойынша жылдың басынан бергі қорытындысы шығарылды. Кеңестің жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Ал аудан әкімдері кеңеске онлайн режимімен тартылды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова осы жылы бюджеттің кіріс бөлігі 103 миллиард 722,4 миллион теңгені құрағанын, бүгінгі күнге оның 100,5 пайыз орындалғанын жеткізді. Бұл есептік көрсеткіш 101,4 пайыздан әзірге кем.

— Жалпы қолайлы сәтке қарамастан, қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігі Ақтөбеден — 674,8 миллион теңге, Байғанин ауданынан — 158,4 миллион теңге, Темірден 77,3 миллион теңге ала алмай отыр — деп, баяндамашы бұл істе кейін қалған аудандарды санамалап шықты.

— Егер бұлай болса, біздің есебіміз бойынша, жылдың аяғында облыс бюджеті 96,2 пайызға орындалады.

Қала бюджетінің кіріс бөлігінің орындалмау себебін баяндамашы Ақтөбе аумағында жұмыс жасайтын «Геом», «Максимус» сынды ірі кәсіпорындардың жұмыссыз тұруынан деп атады.

Қаржы басқармасының есептері бюджеттің шығыс бөлігінің осы жылы 99,5 пайыз орындалатынын көрсетеді.

— Облыс бойынша 1 миллиард 23 миллион теңге игерілмеді. Республикалық бюджетті игеру жыл аяғына дейін тұтастай алғанда 99,7 пайыз, жергілікті-99,4 пайыз құрайды деп кесіп айтты қаржы басқармасының басшысы.

Баяндамашы бюджетті орындауда және республикалық қаржыны игеруде оң нәтижелерге жету үшін бірқатар проблемаларды жедел жоюдың қажеттігін атап көрсетті.

— Өткен жылмен салыстырғанда бюджеттің кіріс бөлігі бізде жоғары, бұл жақсы. Алайда ол міндетті түрде жүз пайыз орындалуы керек.Біз республикалық бюджеттен барлық қажетті қаржының бөлінуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеп отырмыз, облыстық бюджеттен де беріп отырмыз, сіздердің міндеттеріңіз —соларды тиімді пайдалану. Бюджетке тиянақты және сапалы талдау жасау қажет. Бұл ретте нәтижеге қол жеткізу керек, — деді кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшыларына  бірқатар тапсырмалар беріп, түрлі жобаларға басшылық жасайтын өзінің орынбасарлары мен аудандардың әкімдеріне алға қойылған міндеттерді орындауда жауапкершілік арқалайтындарын ескертті.

Санат РАШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button