Басты жаңалықтар

Арнайы топтар ауылдарды аралап жүр

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы биыл 22 қазаннан басталды. Жоба аясындағы жұмыстар Ақтөбе қаласы мен облыстың алты ауданында жүргізіледі. Бір аптаның ішінде арнайы топ Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Темір аудандарын аралады. Осы уақыт аралығында қандай жұмыс атқарылды? Бұл туралы арнайы топ өкілдерінен сұрап білдік.

Әлеумет

Бағдарламалар түсіндіріліп, сауалнамалар жүргізілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы екі бағыт бойынша жүргізіледі, біріншісі — ақпараттық, екіншісі — құқық қорғау. Жобаның мақсаты —  өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу,  діни экстремизмді болдырмау,  мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуын түсіндіру, өңірдегі бизнес ортаны дамыту.

Бірінші бағыттың төртінші ақпараттық тобы бір аптаның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 1417 адамды қамтыған 15 кездесу өткізді. Тұрғындарға Елбасы Жолдауының басым бағыттары, бес  әлеуметтік бастама, «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен айтылды. Сондай-ақ топ мүшелері Ақтөбе қаласындағы арнаулы білім беру мекемелерінің студенттері және «Экотон W», «Рамазан» ЖШС-ның еңбек ұжымдарымен кездесті. Астана және Алматы аудандарының тұрғындарына да

мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы айтылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Бақыт Айдосовтың айтуынша, тұрғындардың ақпараттық топқа қоятын сауалдарының негізгі бөлігі медициналық сақтандыруға қатысты болыпты.

— Аптаның басында Мұғалжар ауданын үш күн бойы араладық. Қандыағаш, Жем  қалаларының  тұрғындары және  теміржол мекемелерінің еңбек ұжымымен кездестік. Ертеңіне Жұрын ауылына бардық. Халықтың сауалдарының негізгі бөлігі медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты болды. Бұған топ құрамындағы арнайы мамандар жауап берді. Жалпы жұртшылық ойларын ашық әрі еркін айтып, мәселелерді ортаға салды. Барлық сұрақтарға жауап берілді. Кейбір мәселелерді қағазға түртіп алдық. Сонымен қатар ақпараттық парақшалар таратылып, сауалнамалар толтырылды. Негізінен халық риза. Себебі жоба бойынша тек бір ғана топ жұмыс жасамайды. Әлеуметтік мәселелер бойынша дәрігерлер тегін ота жасап, өзге де медициналық көмек көрсетеді. Білім, кәсіпкерлік бағыты бойынша да жұмыс жүреді. Ал осының барлығы шалғайдағы ауыл тұрғындарына көп көмегін тигізеді, — дейді Бақыт Айдосов.

Сондай-ақ белсенді оқырмандарға облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», «Мұғалжар» газеттеріне тегін жазылуға сертификаттар тапсырылған.

Дін

 Кездесулер, тренингтер, семинарлар

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші бағытының бірінші тобындағы мамандардың негізгі мақсаты —  жұртшылықты жат ағымдардан сақтандыру. Топ құрамындағы имамдар мен теологтар көпшілікке  дәстүрлі ислам мен жат ағымдар арасындағы айырмашылықтарды айтып, азаматтарды ел арасына іріткі салуды ойлайтын топтардың ықпалына түсіп қалудан сақтандырады.

Топтың  құрамында дін істері, білім, мәдениет және спорт басқармалары мен «Аңсар» орталығы және ҚМДБ өкілдігінің қызметкерлерінен құралған 32 маман бар. Жоба басталғаннан бері мамандар Ақтөбе қаласы және Мұғалжар ауданының тұрғындарымен кездесті. Республикалық ақпараттық топтың мүшелері, белгілі дінтанушылар Кеңшілік Тышхан, Мәди Орынбай, Асқар Сабдин, Асага Юнус секілді мамандар облыс тұрғындарымен кездесулер өткізді. Мәселен, «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының»  директоры, теолог  Асқар Сабдин ҚАЖ-168/2 мекемесінде өткен семинарда жат ағымдар және өзге де мәселелерге қатысты баяндама жасап, жазасын өтеушілердің  сұрақтарына жауап берді. Жоба аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанындағы қыз-келіншектерге арналған діни сауат ашу орталығында «Әйелдердің қоғамдағы ролінің маңыздылығы», «Әйелдер психологиясының ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Бұған Астана қаласындағы «Қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, дінтанушы Толғанай Мұстафина мен психология ғылымдарының докторы Әлия Төлегенова арнайы шақыртылды. Білікті дінтанушылар әйелдердің зайырлы қоғамдағы орны, отбасы, бала тәрбиесіне қатысты баяндамалар жасап, қыз-келіншектердің көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді. Ал «Аңсар» орталығының теолог маманы Раушан  Мералы исламдағы әйел адамның  мәртебесі жайында сөз қозғады.

—  Жоба бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Алғашқы күннен бастап қаламыздағы тоғыз мешітте намаз уақыттары кезінде жергілікті жамағатқа дәстүрлі дін төңірегінде уағыз айтылды. «Қоныс» спорт сарайында ұйымдастырылған  футбол турнирі өте жоғары деңгейде өтті. Жарыстан кейін «Қазақ» мейрамханасында жамағатқа ас берілді. Дастарқан басында  дәстүрлі дініміз және ата-ананы сыйлау, отбасы құндылығы, бала тәрбиесіне қатысты уағыздар айтылды.  Жалпы осындай шараларға барлығы он мыңға жуық адам қатысты, — дейді облыстық дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастар бөлімінің басшысы Руслан Құлдыбаев.

Сондай-ақ апта бойына қала тұрғындары арасында 12 мәдени-спорттық шара ұйымдастырылып, бұған  1230 адам қатысқан. Қаладағы  білім беру мекемелерінің ұжымы мен білім алушылары арасында білім саласының мамандары және теологтардың қатысуымен шеберлік сағаты, семинар, конференциялар, пікірталастар өткізілген. Бұл шараларға 2566 оқушы, 570 мұғалім қатысқан.

Сазды, Ақшат, Қурайлы ауылдарының тұрғындарымен кездесу өтіпті. Барлығы 812 адамның қатысуымен 16 шара өткен.

Жоба аясында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда дін істері басқармасының тапсырысымен әзірленген «Үлкен сұрақ» қойылымы көрсетілді.

Бизнес

Субсидия мәселесі шешілді, жоба мақұлданды

Жобаның бір мақсаты — бизнес ортаны дамыту. Арнайы топ мүшелері бір аптадан бері Ақтөбе қаласы мен селолық округтерді аралап, семинар-тренингтер өткізді. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Агробизнес — 2020» және «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» секілді бағдарламалардың тиімділігі жан-жақты түсіндірілді. Мәселен, Сазды ауылында төрт іс-шара өткізілді. Бұған 80 адам қатысты. «Спорт клубтар ашу» және «Ерекше балалардың ата-аналарын емдік дене шынықтыруға оқыту» тақырыбындағы шеберлік кластары ұйымдастырылды. Егіс алқаптарын цифрландыру және Minagro.kz порталына электрондық карталарды енгізу жөніндегі семинарда шаруаларға жаңа жүйенің тиімділігі және онымен қалай жұмыс істеу керектігі кеңінен айтылды. Топ мүшелерінің қабылдауына келген 12 адам бизнесін әрі қарай кеңейту жөнінде сұрақтар қойып, проблемаларын ортаға салды.

—  Жоба бойынша топтың екі мақсаты бар. Біріншісі — кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету, екіншісі — облыс деңгейінде шешілмейтін проблемаларды жазып алып, оны жоғарыға жеткізу. Кездесу барысында кәсіпкерлерге қажетті барлық ақпарат беріледі. Оның ішінде лизингке техника сатып алу, субсидия, жеңілдетілген несие, кепілдік және өзге де сұрақтар толығымен қамтылады. Банк, қаржы институттары өз қызметтерін түсіндіреді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қандай қызмет көрсететінін айтты. Жалпы жүргізілген жұмыстың нәтижесі айтарлықтай. Мәселен, «Тау», «Темір тұлпар батыс», «Әлібек», «Ақтөбе агро» шаруашылықтарының  жайылымдық және шабындық жерлерінің  электрондық картасы «QOLDAU.KZ» порталына енгізілді. Жалпы осындай атқарылған жұмыстар көп, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

Ақпараттық топтың мүшелері Новый, Ясный селолық округтерінің де тұрғындарымен кездесу өткізді. Мәселен, Новый селолық округінде өткен «Әдемі бизнес — сұлулық салоны» шеберлік класына 13 адам қатысқан. Округтегі «Қалаубай» шаруа қожалығы «QOLDAU.KZ» порталына тіркелсе, «Кемел» шаруашылығының  субсидия мәселесі шешілді. Ауылдағы шағын кәсіппен айналысатын Зәуреш Мұрзағалиеваның  өндірістік цехының ғимараты кеңейтілетін болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы  «Еңбек» бағдарламасы аясында екі жұмыс орны ашылатын болды. Сондай-ақ «Форте банк» АҚ  «Құлманов» жеке кәсіпкерлігінің  8 миллион теңге болатын жобасын мақұлдады.

Құқық

Қорғану және сақтану шаралары үйретілді

Ақтөбелік полицейлер «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Ақтөбенің Алматы, Астана ауданына қарасты селолық  округ тұрғындарымен кездесті. Жоба басталған бір аптаның ішінде  студенттер мен оқушыларға және мекеме қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тренинг өткізді. Оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік, тәртіп мәселесі және лаңкестік оқиғалар орын алған жағдайда қалай әрекет ету керектігі айтылды. Адам көп шоғырланатын маңызды әлеуметтік  нысандардың террористік тұрғыдан қорғануына, ғимараттардың  талапқа сай болуына баса назар аударылды.

Жалпы 5 күн ішінде  95 шара өткізіліп, 8185 адам қамтылды. Сондай-ақ, 6800-ден астам ақпараттық парақша үлестіріліп, әлеуметтік сауалнама жүргізілді.  Ақтөбенің Астана ауданы аумағындағы  оқу орындарымен қатар Жаңақоныс, Құршасай елді мекендеріндегі орта мектептер және  «Айна»», Нұрдәулет», «Алтай» сауда орындары, жедел жәрдем ауруханасы ұжымымен де кездесулер өткізіліп, төтенше жағдай болған кезде қалай қорғану, сақтану шаралары үйретілді.

—  Жоба басталғаннан кейін Темір ауданын араладық. Ауданның Шұбарқұдық, Қопа, Құмсай, Шығырлы, Саркөл ауылдары мен Темір қаласына бардық. Ауыл тұрғындарына төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігі айтылды. Келесі апта Мұғалжар ауданын аралаймыз, — дейді полиция департаменті жедел жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманғали Жаманқұлов.

P.S.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясындағы жұмыстар 17 қарашаға дейін жалғасады. Сондай-ақ облыстың Мұғалжар, Темір аудандарынан бөлек,  Қобда, Ойыл, Әйтеке би және Қарғалы аудандарын қамту жоспарланып отыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button