Жаңалықтар

50 жыл сіздермен біргеміз!

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының осы тақырыптағы 50 жылдық тойы Қобда ауданында жалғасты. Телеарнаның ардагерлері мен қазіргі журналистері, оларды қолдап-қолпаштап жүрген Ақтөбенің өнер жұлдыздары алдымен Қобдаға келген адам айналып өтпейтін  Әлия Молдағұлова ауылына ат басын тіреді. Осы ауылдағы «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығына бас сұғып, батырға арналған мұражайды тамашалады.

Естеріңізде болса, 2007 жылы «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының 50 жылдық тойына арналған республикалық «Дидар» фестивалі Қарағандыдан бастау алып, Шымкентте жалғасып, 2008 жылы «Алтын микрофон» эстафетасын Ақтөбе қабылдап алған болатын. Белгілі бір себептерге байланысты республикалық эстафета үзіліп қалды да, «Алтын микрофон» Ақтөбенің «қолында» қалып қойды. Енді республикалық эстафета облыстық эстафетаға ұласты. Қазір «Алтын микрофон» Ақтөбенің аудандарын «аралап» жүр.

Мерекелік шара Қобданың орталығындағы Мәдениет үйінде өтті. Осыдан бір ай бұрын құтты Ойыл өңірінен батырлар мекені Қобдаға берілген «Алтын микрофон» төрге қойылды.

Ақтөбенің ең таңдаулы әншілері Қанат-Света Айтбаевтар, Жадыра Арыстанова мен Аймұрат Мәжікбаев пен жас әнші Димаш Құдайбергендер Қобда жұртына өнерден шашу шашты. Қобдалық өнерпаздар да қалысқан жоқ. Қонақтарға ауылдың алты ауызын шырқады.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы Қобда өңірімен тығыз байланыс орнатқан. Батырлар елінде болып жатқан түрлі жаңалықтар үнемі көгілдір экран арқылы көрсетіліп келеді. Шара барысында «Қазақстан-Ақтөбе» ұжымы Қобда ауданы туралы сюжет көрсетілді.

Қобда ауданының әкімі Любовь Исмағамбетова аудан халқы атынан телеарна ұжымына ноутбук сыйға тартты. Бұған қоса Идош Асқар, Нұқы Қартбаев, Аманғали Сәтер, Қаршыға Айтқұлов секілді телеарнаның бір топ ардагерлеріне «тон емес, жол болатын» сыйлықтар берді. Қобда ауданында туған, өскен Ыбырай Райымқұлов, Жантас Мақсұтов, Ардақ Маулина, Гүлдана Абай, Бибігүл Биманова секілді телеарнаның қазіргі журналистерін де құр алақан жіберген жоқ.

Қобдалықтар арна басшысы Раукен Отыншин жария еткен бір жаңалыққа қуанып қалды — облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен биылғы қарашадан бастап ауылдағы көрермендер жергілікті арнаны бұрынғыдай бір сағат емес, 14 сағат бойы көре алатын болады.

— Бұл мерекенің әлеуметтік, рухани, тағылымдық рөлі өте зор… Еліміздің телевидениесі егемен елімізге, азат халқымызға сай болуы керек. Соңғы жылдары біз сол сәйкестікке келе жатырмыз. Қазір заман жаңарып, жаһандану үрдісі жүріп жатыр. ХХІ ғасыр түрік әлемінің ғасыры болуға тиіс. Сол түрік әлемінің бір бұтағы — біз, қазақ елі. Қазақстан алдыңғы шепте жүруге тиіс.  Бұл шара — осы ортақ мүддеге қосқан үлес. Алдағы уақытта ауылдағы, шет аймақтағы жаңалыққа, қазақша хабарларға шөліркеп жүрген көрермендер облыстық арнаны 14 сағат көретін болады, — дейді философия  ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі  Алтай Тайжанов.

Қобда ауданы әкімі телеарна ұжымына алғысын айтып, батырлар өлкесінің тұрғындары атынан шығармашылық табыстар тіледі.

Бұл шараға көршілес Ойыл, Мәртөк, Мұғалжар аудандарының басшылары да келді.

«Алтын микрофон» Әлия туған өлкеден Жұбановтардың отанына бет алды. Эстафетаны қабылдап алған Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірде «Алтын микрофонды» қызықты мәдени шаралар күтіп тұрғанын айтты…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button