Мәдениет

Жан серігім — домбыра

Байқау

Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе  облыстары мен Астана қаласынан келген әнші-жыршылар жақында Ақтөбеде бас қосты. Жанына домбырасын серік еткендер дәстүрлі ән өнерін насихаттау, халқымыздың мәдени мұраларын сақтау және дамыту мақсатында Өнер орталығында өткен республикалық байқауда бақ сынады.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізілген өнер додасының ұйымдастырылуына Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе  облыстық филармониясы ұйытқы болды. Ақтөбе облыстық әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізілген өнер мерекесіне барлығы 11 үміткер қатысты.

  • Байқау мақсаты — ұлтымыздың музыка өнеріндегі жыр-терме бағытындағы мұраларын сақтау һәм кейінгі ұрпақ арасында насихаттау, кәсіби әнші-жыршылар мен жас орындаушылардың өнерін дамыту, оларға қолдау көрсету. Байқауға кәсіби мамандармен бірге 18-55 жастағы әуесқой әншілер де қатысты. Өнер додасына қатысушылар ереже бойынша Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жыраудың шығармаларын орындауға тиіс болды, — дейді филармония директоры Елубай Кенжалиев.

Жүлде үшін жеңімпаздарға 1,5 миллион теңге тігілді. Оларға белгілі өнер майталмандары  Эльмира Жанабергенова, Жеткізген Сейітов, ХайдарӨтеғалиев, Феруза Нарман және облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаевалар қазылық етті.

Байқау нәтижесінде бас жүлде және 500000 теңге көлеміндегі сыйақы қызылордалық әнші Абылайхан Бектасовқа бұйырды, ал бірінші орынға Астана қаласынан келген Қоныс Юсупов пен ақтөбелік Нұрбек Сансызбаевтар лайық деп танылды. Бұдан өзге екі адам — екінші, үш адам үшінші орынға ие болды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button