Мәдениет

Шығармашылықта шек болмайды

Байқау

 «Жұбановтар әлемі»  орталығында мүмкіндігі шектеулі жастардың арасында   «Шексіз шығармашылық» атты облыстық байқау өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға бұл жолы 30 қыз-жігіт қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры ұйымдастырған байқаудың мақсаты — өңірдегі денсаулығы дімкәс жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін анықтау арқылы олардың өмірге деген құштарлығын арттырып, қоғамдық шараларға тарту.

— Мүгедек жандарды қоғамдық жұмыстардан тыс қалдырмау  керек деп есептеймін. Шара барысында қатысушы жастардың өнерін, жанып тұрған көзін, өмірге деген ынтызарлығын көріп, бұл ісіміздің бекер емес екенін түсіндік, — дейді ұйымдастырушылар.

Байқау  қатысушылары өзара «Вокалды орындаушылық», «Сурет салу», «Қолөнер бұйымдары» номинациялары бойынша бағын сынады. Қазылар алқасының шешімімен «Вокалды орындаушылық» номинациясы бойынша қатысқан 12 жастың арасынан І орынды Әйтеке би ауданынан келген Абылай Жексенбай жеңіп алса, одан кейінгі жүлделі орындарға ақтөбеліктер Ақтолқын Ержан мен Ақтоты Нетулина лайық деп танылды. «Сурет салу» бойынша 7-еудің арасынан облыс орталығынан бақ сынағандардың жолы болды: Дана Мұхамбетьярова озып шығып, ІІ және ІІІ орындарды Берік Әшірбаев пен Шынболат Исағалиев иеленді. Ал «Қолөнер бұйымдары» аталымында ақтөбелік Жансая Қуанышқа тең келер ешкім табылмады. Сондай-ақ бұл номинация бойынша шеберлігін ортаға салған 11 өреннің арасынан мәртөктік Динара Ұналбаева, қобдалық Яна Гриценко жүлдегер атанды. Жақсы нәтиже көрсеткендер Алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button