Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлықұм бойындағы ескерткіштер

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».

                                                                                              Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сырым Датұлы бастаған көтеріліске белсене қатысқан әйгілі Көтібар Бәсенұлының жеті ұлы болған. Ұрпақтар жадында Ұлы даланы шапқыншылықтан қорғаған батыр әрі әулие ретінде қалған, ал орыс деректеріне есімі ұлт-азаттық қозғалыстар басшысы, қазақтың ең беделді адамдарының бірі ретінде енген Есет Көтібарұлы — сол жеті ұлдың ең үлкені.

Шалқар ауданындағы Есет пен оның інісі Дәрібай батырлар жерленген Есет-Дәрібай кесенесі — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының тізіміне енген нысандардың бірі.

Жалпы, жерінің көлемі жөнінен облысымыздағы ең үлкен аудан — Шалқар өңірінде де тарихи орындар көп. Мұндағы Аққайтым ауылының іргесінен, солтүстік жағынан неолит, яғни жаңа тас дәуіріндегі тұрақтың, Орта Қарасай өзенінің сол жағалауынан орта ғасырларға тән тас қорғанның орны табылған. ХІ-ХІІ ғасырлар ескерткіші саналатын Балғасын қорымының орнында бұрын қала болған деген де аңыз бар. Көтібар Бәсенұлының немере інісі, «Айман-Шолпан» жырының кейіпкерлерінің бірі — Арыстан батыр Тінәліұлының бейіті Шалқардан 20 шақырымдай жерде тұр. Ал ұлы күйші Қазанғап Тілепбергенұлының зираты Айшуақ ауылдық округіне қарасты Ақбауыр деген жерде орналасқан.

Есет-Дәрібай кесенесі 

Ортасында мұнарасы бар қос кесене аудан орталығынан 67 шақырым қашықтықтағы Шолақжиде деген жерде орналасқан. Жаңа кесенелер 1993 жылы салынған. Есет батыр 1803-1889 жылдар аралығында өмір сүрген. Батырдың бастапқы кесенесі өзі қайтыс болғаннан кейін, арада бір жыл өткенде тұрғызылған. Халқымызда елі үшін күрескен тұлғаларды әулиеге, қасиетті адамға балайтын, өмірден өткеннен кейін де ондай жандарға деген құрметін жалғастыра беретін дәстүр ежелден бар. Есет батыр кесенесі де әу бастан-ақ зиярат орнына айналып, қазіргі күнге дейін бұл жерден зиярат етушілер қатары үзілмей келеді. Тіпті кеңес заманында да жұртшылық батырдың басына арнайы келіп, түнейтін болған.

2012 жылы шалқарлық кәсіпкер азаматтардың күшімен кесенелер жанынан зиярат етушілерге арналған үйлер салынды. Олардың жалпы ауданы 160 шаршы метр болады. Кесенелердің биіктігі — 8 метр, ал мұнара олардан екі есеге жуық биік. Мұнараға Есет батырмен замандас тарихи тұлғалардың аттары жазылған мәрмәр тақта орнатылған.

Есет батырдың тарихта қалған нақты істеріне келсек, ол ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліске, одан соң 1847-1848 жылдардағы Жанқожа батырдың көтерілісіне қатысқан. Ал 1848-1858 жылдар аралығында ол Кіші жүз жеріндегі патша отарлаушыларына қарсы көтерілістің басшысы болды. Зерттеушілер деректеріне сай, Есет батыр — саналы ғұмырының жартысынан астамын ат үстінде өткізген күрескер. Сондай-ақ патша өкіметі оны қабақ руының басшысы ретінде мойындаған.

Оның бейнесі Ғ.Ахмедовтың «Жем бойында», Қ.Тоқмырзиннің «Керзаман», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел», Т.Төрехановтің «Дала Геркулесі», т.б. әдеби шығармаларда сомдалған. Есет батырдың замандасы, орыс саяхатшысы, шығыстанушы Е. П. Ковалевский 1839 жылдың соңы мен 1840 жылдың басында Есет батырмен кездесіп, ол туралы пікірін: «Есеттің дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан құйылғандай кесек пішіні, табиғатына сай сұлулығы, жанкешті батырлыққа толы әдіс-айласы Еуропа адамын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярдай еді. Ол жөнінде ел аузында талай-талай қызықты хикаялар бар», — деп жазып қалдырған.

Балғасын күмбезі

Ғалымдардың айтуы бойынша, орта ғасырлардан қалған сәулет ескерткіші болып табылатын Балғасын күмбезі Шалқар ауылдық округі аумағындағы Талдықұм елді мекенінен 50 шақырым қашықтықта тұр. Биіктігі — 18-20 метр шамасында. Мұнда кімнің жерленгені жөнінде ел аузынан түрлі әңгімелер жазып алынған: көш үстінде қайтыс болған хан қызы; ел қорғап, ұрыста қаза тапқан батыр қыз, т.б. Балғасын — кесенеде жерленген қыздың аты. Оның айналасындағы қорым да «Балғасын қорымы» аталады.

Зерттеушілер Балғасын мавзолейі, архитектурасы жағынан, орта ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Мәуераннахр жеріндегі ескерткіштермен үйлесім табатынын айтады. Сондай-ақ, ол кейіннен Ырғыз, Мұғалжар өңірлеріндегі көптеген кесенелерге үлгі ретінде пайдаланылған. Балғасын күмбезі жат жерлік саяхатшылар көзіне де  жиі түскен. 1901 жылы И. Хохлов Балғасынның сипаттамасын жазған. Ал И. Кастанье «Орынбор ғылыми комиссиясының құжаттарына» оның суретін жариялаған.

2003-2005 жылдардағы «Мәдени мұра» аясындағы зерттеулер кезінде Балғасынның айналасынан керамикалық бұйымдар, орыстың 1859 жылғы

тиын ақшасы, моншақтар, т.б. табылған. Сондай-ақ, күмбезден 400-500 метр жерден кірпіш құйылатын пештің орны анықталыпты.

Арыстан батырдың кесенесі

Немере туысы Көтібар батырмен бірге отарлаушыларға қарсы жорықтарға сан мәрте шыққан, «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырында аты қалған Арыстан батырдың бейіті Жаңақоныс ауылдық округі аумағында орналасқан. Деректер бойынша, Арыстан — Сырым Датұлы бастаған көтерілісті (1783-1797 жылдар) қолдаушылардың бірі. Ол өз жасағын басқарып, осы көтерістің соңына дейін қатысқан және одан кейін де патша өкіметіне қарсылығын тоқтатпаған.

 Күйші Қазанғап бейіті

Бүгінгі ұрпаққа 1921 жылы өмірден өткен ұлы күйші Қазанғап Тілепбергенұлының жерленген орны да белгілі. Оның бейіті аудан орталығынан 170 шақырым қашықтықтағы Ақбауыр деген жерде тұр. Бейіт өткен ғасырдың 90-жылдарында салынып, ескерткіш-тақта орнатылған.

Күйшінің өмір жолын, мұрасын Ахмет Жұбанов, Мардан Байділдаев сынды белгілі ғалымдар зерттеген. Ал күйлерін нотаға түсіріп, ғылыми айналымға қосқан — зерттеуші әрі күйші Сәдуақас Балмағанбетов.

Әзірлеген А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button