Жастар

#ZHASPROJEKT — жастарды қолдайтын жоба

«Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша 165 ақтөбеліктің жобасы мақұлданып, жеңімпаз атанды. Биыл республика  көлемінде екінші рет жүзеге асырылған жоба еліміздің 6 аймағын қамтыды.

Өткен жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында Жастар корпусын дамыту жобасын үйлестірушілердің ұйымдастыруымен «Zhas Project» жобасы құрылған болатын. Жұмыссыз, жұмысы бар, бірақ айлық көлемі аз  жастардың бастамаларына қаржылай көмек көрсетіп, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында құрылған жоба өткен жылы Қазақстанның төрт облысынан шамамен 2 000 қатысушыны қамтыды. Ал биыл жоба шеңберінде 3500 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Биылғы тізімге Қазақстанның 6 аймағы енген. Ішінде Ақтөбе өңірі де бар.

Жастар корпусын дамыту жобасын үйлестіру агенттігінің өңірлік кеңсесіндегі гранттар бойынша менеджері Тимур Нұралиннің айтуынша, жоба бойынша өз бизнестерін бастауға 300-ге жуық ақтөбелік ниет білдіріпті.

— Жоба мамыр-маусым айларында жүзеге асырылды. Оған 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатысты. Аталған жобаға Ақтөбе облысынан 266 өтінім келіп түсті. Дегенмен 165 жоба мақұлданып, жеңімпаз атанды. Оның 44-і қала жастары болса, қалғаны аудан жастарына тиесілі, — дейді ол.

Айтуынша, жобаға тек жұмыссыз жастар ғана қатыса алады. Тек бастысы, идея болу керек.

— Жобаның барлық шарттары конкурс басталар алдында хабарланған болатын. Аталған шарттардан сүрінбей өткен жеңімпаздар өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтіп, алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын тегін іске асырады. Бұл ретте оларға ай сайынғы шәкіртақы беру де қарастырылған. Мәселен, жоба жеңімпаздарына ай сайын 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы берілсе, жоғары оқу орнының түлектері 60 мың теңгеден алады. Сондай-ақ барлық қатысушылар өз жобаларын іске асыру кезінде менторлардың қолдауын алады. Жоба жеңімпаздары жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұған қоса әр ай сайын өздеріне белгіленген менторлармен келісіп, алдағы жұмыстарының жоспарымен, қаржылық есептерімен бөлісіп, ақпарат алмасып отырады, — дейді Тимур Нұралин.

Белгілі болғандай, жоба жеңімпаздарының дені аудандарда шоғырланған. Мәселен, Хромтау ауданында 19 жоба мақұлданса, Шалқар ауданында 17 жоба, Алғада — 14, Байғанинде — 13, Қарғалы мен Ойылда — 11, Мұғалжарда — 9, Мәртөк пен Ырғыз аудандарында — 8, Әйтеке би ауданында — 4, Темірде — 3, ал Қобда ауданында 2 жоба жеңімпаз атанған.

«Ебін тапсаң, ешкі бақ»

Жобаның игілігін көріп, грант иесі атанған жандардың бірі — Қобда ауылының тұрғыны Сағынғали Байгутдиев. 20 жастағы Сағынғали жоба туралы естіген бойда, өзінің көптен бері ойлап жүрген ешкі сүтінің емдік қасиеті туралы жобасын әзірлеп, конкурсқа қатысады. Асығы алшысынан түскен Сағынғалидің мақсаты жүзеге асып, 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанды.

— Бұл жоба туралы біз Қобда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысынан естідік. Үш адам топтасып, «Ешкі сүтінің емдік қасиеті» тақырыбында өз жобамызды ұсындық. Міне, «ZHAS PROJECT» жобасы аясында грант иегері атандық. Қазіргі таңда жұмысымызды бастадық. Жоба арқылы жеңіп алған қаржыға әзірге сауынды төрт ешкі алдым, алдағы уақытта тағы үшеуін алу жоспарымда бар. Ешкіден алынған сүтті халықтың осал топтарына үлестіреміз.  Біздің негізгі мақсатымыз – өңіріміздегі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу. Әлеуметтік жоба шеңберінде 6 ай көрсетілген тегін қызмет үшін маған 60 мың, топ мүшелері  Бағдат Әмирғалиев пен Әнуар Мерейбекке 40 мың теңгеден стипендия төленеді.  Бұл жоба — жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл — әр жастың жұлдызды сәті. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауды тиімді пайдалана білу — біздің келешек өмірге деген сенімділігіміздің кепілі, — дейді грант иегері Сағынғали Байгутдиев.

Көпшілік аса мән бере бермейтін бұл шаруашылық түрін қолға алу Сағынғалидың көптен ойлап жүрген жоспарларының бірі екен.

Көпшілік ешкі малына аса мән бере қоймады. Ірі қара малды асырағанды жөн көреді. Негізінде ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады. Оның құрамында адам денсаулығы үшін пайдалы майлар бар.  Ешкі сүтінің құрамында кальций мен фосфор минералдық заттарының мол болуы балалардың сүйектерінің қалыптасуы үшін өте пайдалы. Оны әртүрлі өкпе, суық тию ауруларын емдеу үшін қолданады. Қазақта «Ебін тауып, ешкі бақ» деген сөз бекер айтылмаса керек, — дейді ешкі сүтінің пайдасын айтқан жас кәсіпкер.

Бірегей бағдарлама

Жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай-сай болғанмен, қаржы қолбайлау болса, бизнес әлеміне еркін ену мүмкін емес. Ол — бесенеден белгілі нәрсе. Көптен бері мал шарушылығын дамытуды ойластырып жүрген хромтаулық Азамат Сүйіншібайдың да арманының орындалуына  «Zhas Project» жобасы өз пайдасын тигізіпті. 1000000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Хромтау ауданына қарасты Дөң ауылының 19 жастағы тұрғыны «Шырақ» мал шаруашылығын қолға алды.

— Жобаға ілігіп, оның жеңімпазы атанғаныма ерекше қуаныштымын. Өйткені көптен бері мал шаруашылығымен айналысуды ойлап жүрген едім. «Zhas Project» сол мақсатымды орындады. Бұл жоба — болашақ жастарға сүйеніш, — дейді Азамат.

Бүгінде ұтып алған қаражатына 2 сауын сиыр сатып алған Азамат алғашқы 6 айда сүт өнімдерін ауылдағы аз қамтылған 40 отбасына тегін таратпақ. Өйткені жобаның шарты солай.

— Жоспар бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 40 отбасына тегін сүт өнімдерін апарып беруіміз қажет. Ауыл тұрғындарының дені сиыр ұстайтындықтан, өнімдерімізді Хромтау қаласының тұрғындарына апарып береміз. Жұмыс басталғалы 10 отбасыға көмек көрсеттік, — дейді ол.  Жобаның арқасында кәсібінің іргетасын қалаған Азамат болашақта шаруашылығын кеңейтіп, үлкен мал фермасын ашуды көздеп отыр.

Гүлфайраның студиясы

 «Zhas Project» жобасының көмегін көргендердің бірі — Гүлфайра Рамазанова.  Еріктілерге және тірек мүшелері зақымданған жастарға арналған фотостудия ашу Гүлфайраның бала кезден бергі арманы болған. «Zhas Project» жобасы аясында арманы ақиқатқа айналды. Жобасы сәтті шығып қолдау тапқан ол өз фотостудиясын ашты. Еріктілер мен тірек мүшелері зақымданған жастарға фотосурет негіздерін үйрету және модель ретінде фотоға түсіру дағдыларын үйрететін студияда өз ісінің мамандары жұмыс жасайды.

— Жоба шарты бойынша 6 ай бойы тегін қызмет көрсетеміз. Фотосурет негіздерін үйренген жандарға арнайы сертификат табыстайтын боламыз. Бірақ фотосалонның қызметіне тегін ие болуыңыз үшін жаныңызда жеке куәлігіңіз бен мүгедектік туралы анықтамаңыз болуы тиіс, — дейді жас кәсіпкер Гүлфайра.  Бүгінде ғимаратты жалға алып, жұмысын бастаған ол «Real» фотосалонына келушілердің қатары күн сайын көбейіп келе жатқандығын айтады. Жас кәсіпкер алдағы уақытта жұмысы дөңгеленіп кетіп жатса, фотостудия ауқымын кеңейтіп, қосымша жұмыстар атқару ойында бар екенін әңгімелейді.

Р.S. Бүгінде өз жобаларын іске асырып жатқан жастардың барлығы шет-шетінен талапты. Болашаққа деген нақты мақсаты бар олар «Армандай біл. Іске асыр» деген қағиданы өздеріне ту етіп алған. Жас та болса, белгілі бір іске бас болып жүрген жастардың ісінің табысты болуына тілектестік білдіреміз.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button