Спорт

Нұрислам Санаев күміс жүлдегер атанды

Әлем чемпионаты

Ақтөбе спорт тариxында еркін күрестен әлем чемпионатының алғашқы медалін Нұрислам Санаев еншіледі. Дүйсенбі күні Ақтөбе жұртшылығы спортшыны әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды. 

Нұрислам Санаев Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Ол америкалық спортшыны 10:0, украиналық палуанды 10:0, түркиялық қарсыласын 11:6 есебімен жеңді. Ал жартылай финалдық бәсекеде америкалық Томас Гилманды мерзімінен бұрын 11:0 есебімен тізе бүктірді. Финалдық белдесуде ресейлік Заур Угуевтен 3:4 есебімен ұтылды.

— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ең алдымен маған зор қолдау білдірген жанкүйерлеріме, облыстық спорт басқармасына шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтық сында барынша күш-жігерімді салдым. Алайда, кездесудің аяқталуына соңғы 6 секунд қалғанда, қарсыласыма балл қосылғанын байқадым. Тиісті нәтижеге қол жеткізу үшін сәл ғана уақыт жетпеді.

Енді алдағы басты мақсатым — олимпиада чемпионы атану. Еліміздің көк байрағы көкте желбіреп, дүниежүзі біздің Әнұранымызды тыңдаса деймін, — деді Н.Санаев.

Спортшыны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов құттықтап, алдағы уақытта да талай жарқын жеңістерімен қуантатынына сенім білдірді.

— Әлем чемпионатынан Ұлттық құрамадағы спортшылардың ішінен Нұрислам ғана жүлдемен оралып отыр. Бұл — біз үшін үлкен жетістік.

Нұрисламмен соңғы үш жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өте еңбекқор, өжет, алдына қойған мақсатына жетуге талпынатын спортшылардың бірі. Оны осы қасиеттері алдыңғы лектен көрінуіне септігін тигізді деп ойлаймын.

Келер жылы Астана қаласында еркін күрестен әлем біріншілігі ұйымдастырылмақ. Енді осы додаға қызу дайындықты бастаймыз, — дейді Нұрисламның жаттықтырушысы Бауыржан Нұрмаханов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button