Спорт

Үмітті ұлғайтқан жеңіс

Премьер-Лига

 «Ақтөбе»-«Қызылжар СК» — 1:0

Биылғы чемпионаттың аяқталуына әлі екі тур қалып тұрғанына қарамастан, алғашқы, әрине, негізгі нәтижелер анықталды. «Астана» қатарынан бесінші рет ел чемпионы атанды. Бұдан бұрын 5 рет чемпион болу «Ақтөбе» мен «Ертістің» еншісіне тиесілі болып келген еді. Ал «Қайрат» күміс жүлдеге төртінші рет қол жеткізсе, «Тобыл» қола жүлдеге ие болды.

Бұның есесіне Премьер-Лиганы тастап шығатын команда белгісіз күйде қалып отыр. Тіпті 8-орында келе жатқан «Атыраудың» өзі қауіпті аймақтан толық құтылды дей алмаймыз.

Еурокубок ойындарына жолдама әперетін төртінші орын үшін өзара таласқа түскен төрт команданың ішінде қазір «Ақтөбенің» көрсеткіші жоғары болып тұр.

Расын айту керек, Ақтөбеде өтетін кездесу жан алысып, жан берісумен өтетінін жанкүйерлер алдын ала болжаған еді. Солай болды да. Турнир кестесіндегі төртінші орыннан төмендемеуді мақсат тұтқан алаң иелері негізінен шабуылдарға құрылған өздеріне тән тактикасын ұстанса, биыл кірген Премьер-Лигадан биыл қайтадан шығып қалмаудан басқа ойы жоқ қонақтар да үнемі қорғаныста жүре алмайтындықтарын бірден аңғартты. Әсіресе, қызылжарлықтар ойын басталысымен-ақ қарсы шабуылдар ұйымдастыруға мықтап кірісті. Бірақ алаң иелері бұл команданың әдіс-тәсілдеріне әбден қанықтығын танытты. Сондай сәттердің бірінде, 20-минутта қарсыластар алаңына лап қойған сол қанаттағы ақтөбеліктердің сапындағы Виталий Волков оң қанатта жүйіткіп бара жатқан Александр Симчевичке алаң бойлата пас тастады. Александр допты қағып түсті де, сәл ілгерілеп барып қарсыластар қақпасына қарай әуелетті. Сол жерге ентелей жеткен Силва Рейналдо қызылжарлық үш қорғаушының арасынан созыла көтеріліп, допты баспен тура қақпаға соқты, қақпашы Тимурбек Закиров еш айла жасай алмай қалды — 1:0.

Бұдан соң да алма-кезек шабуылдар жалғаса берді, бірақ есепке өзгеріс енген жоқ.

Осы текетірес қимылдар екінші таймда да толас таппады. Дегенмен маусымның соңында футболшылардың да қажыр-қайраты сыр бере бастайтыны белгілі. Қанша тырысқанмен ойыншылар күзгі салқында тап жаз ортасындағыдай жарқылдап көзге түсе алмайды. Сол себепті чемпионаттың соңғы кездесулеріне өрнекті ойындардан гөрі ұпай жинау мақсаты тән болып келеді. Ақтөбедегі кездесу де осылай өрбіді. Әрине, екінші тайм да жанкүйерлерді еш жалықтырған жоқ. Мысалы, 70-минут шамасында қызылжарлық Тимур Мульдиновтің қауіпті соққысын ақтөбелік қорғаушы кері қайтарса, 80-минут шамасында Бағдат Қайыровтың екі қорғаушыны алдап өтіп, бүкіл алаң бойы «желкелеп» әкеліп, тура аяғына салып берген добын Силва Рейналдо пайдалана алмай қалды, қақпашымен бетпе-бет келген ол допты тым әуелете теуіп жіберді.

Ал тайм соңына таман ақтөбелік жас қақпашы Игорь Трофимец жанкүйерлердің ризашылығына бөленді. Ол шебер қимылдап, бірнеше қауіпті сәттің бетін қайтарды. Әсіресе, қонақтардың қақпа маңайына әуелете тастаған доптарын бақылау оңайға түскен жоқ. Бұл ретте Игорь мен қорғаушылар нағыз мығымдық көрсетті.

Осылайша лайықты жеңіске ие болған «Ақтөбе» өзінен кейінгі екі командадан екі ұпай артық жинады.

«Ақтөбе»-«Қызылжар» — 1:0

Гол авторы: Силва Рейналдо, 20-минут.

Ескерту қағазын алғандар: Руслан Валиуллин , 62-минут;  Милан Радин, 77-минут («Ақтөбе») — Бақдәулет Қожабаев, 66-минут; Урош Делич, 82-минут («Қызылжар СК»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Виталий Волков, Саят Жұмағали, Антон Шурыгин, Руслан Валиуллин, Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо (Асланбек Кәкімов, 90+2 минут), Милан Радин, Абат Айымбетов.

«Қызылжар СК»: Тимурбек Закиров (қақпашы), Ильдар Аитов (Виктор Гунченко, 87-минут), Сергей Скорых (капитан), Урош Делич, Георгий Попхадзе, Бақдәулет Қожабаев, Максим Драченко, Шота Григалашвили (Александр Стеценко, 74-минут), Аслан Жанұзақов (Тимур Мульдинов, 66-минут), Момоду Сисей, Мирослав Лечич.

27 қазан 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 7000 адам.

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ақжайық»-«Қайсар» — 0:4

«Қайрат»-«Ертіс» —  0:1

«Ордабасы»-«Шахтер» — 1:1

«Жетісу»-«Атырау» — 0:0

«Тобыл»-«Астана» — 1:0

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 16 кездесу өткізіп, 9 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 33:17 (+16). Ұпай — 28. Сырт алаңда 15 ойын өткізіп, 4 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 6 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 17:25 (-8). Ұпай — 17.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 16 гол, Исаэль («Қайрат») — 12 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                  О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

1.Астана                  30       22       5          3          58-17             71

2.Қайрат                  30       19       4          7          57-28  61          

3.Тобыл                  31       14       8          9          32-28  50

4.Ақтөбе                   31       13       9          9          50-42  42

5.Ордабасы             31       11       7          13       35-43  40

6.Жетісу                   31       10       10       11       33-38  40

7.Қайсар                   31       9          12       10       32-31  39

8.Атырау                  31       8          9          14       30-44  33

9.Қызылжар СК      30       9          5          16       24-42  32

10.Ертіс                    31       9          5          17       26-41  32

11.Ақжайық             31       7          9          15       30-43  30

12.Шахтер                30       6          11       13       24-34  29

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 7;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 2 (1);

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1;

Саят Жұмағали — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

* * *

32-тур ойындары 3 қараша, сенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырау» командасымен кездеседі.

5 мамыр күні Атырауда бұл командамен тең түсіп (1:1), 14 шілдеде өз алаңымызда болған ойында ойсырата ұтқан болатынбыз (5:1).

Басқа кездесулер:

«Ертіс» (Павлодар) — «Ақжайық» (Орал)

«Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Қызылжар СК» (Петропавл) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Шахтер» (Қарағанды) — «Тобыл» (Қостанай)

«Астана» (Астана) — «Қайрат» (Алматы)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button