Білім

Білім ошағына сексен бес жыл

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі  85 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінгі таңда мыңдаған теміржолшы кәсіби мамандарды әзірлеп шығарған білім ордасында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, қала әкімі Ілияс Испанов, облыстық және қалалық мәслихаттың хатшылары, депутаттар, сонымен қатар колледж ардагерлері мен түлектері қатысты.

Бүгінде ақпараттық қоғамның  білім беру саласында өркениетті даңғыл жол салуға икемді, өзіндік тарихы мен дәстүрі қалыптасқан киелі білім ордасының алғашқы іргетасы өткен ғасырдың 30-жылдарында қаланған. Алғашқы түлектерін 1936 жылы ұшырған колледжде бүгінгі күні 15 мамандық бойынша 3000-ға жуық жас білім алып жатыр.

— Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы оның білікті, білімді, жаңашыл мамандары мен жастарына байланысты. Аталмыш тұрғыда Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің атқарып жатқан еңбегі орасан зор. 85 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында 40 мыңнан астам маман даярлап шығарған білім ордасының  түлектері бүгінгі таңда  тек Қазақстанда ғана емес, ТМД  мемлекеттерінің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап жатыр. Бұл колледж  еліміздегі абыройлы білім ошақтарының бірі болып есептеледі. Келешекте де тек біздің Батыс өңірінің ғана емес, еліміздің алдыңғы қатарлы оқу ордаларының бірі болуына тілектеспіз, — деген облыс әкімі білім ордасының қызметкерлері мен оқушыларын мерейтойымен құттықтады.

Кеш барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев білім ордасына  миллион теңгенің сертификатын табыстап, колледждің бірнеше қызметкерін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай-ақ шара барысында оқу орнының басшылығына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаты табысталды.

Кейін кеш «Күре жолдың шамшырағы, мәртебелі білім ордам!» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, дәл осы күні түске дейін колледждің 85 жылдық мерейтойына арналған «Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі жаңашылдық, даму келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылып, білікті мамандар бас қосты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button