Білім

Үздік педагогтар анықталды

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты байқау өтті. Аталған байқауға Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан 22 бағыт бойынша 100-ден астам мұғалім қатысты. Сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында шараның марапаттау рәсімі өтіп, 60 педагог жеңімпаз атанды.

Байқау шарты бойынша, ұстаздар бала тәрбиесінде заманауи технологияларды қолдана отырып, қызықты сабақтар өткізуі керек. Сайысқа қатысушылардың дені бастауыш сынып оқытушылары мен балабақша тәрбиешілері.

Байқау балаларға қосымша білім беру мен білім саласындағы және мектепке дейінгі тәрбие, орта білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар, т.б. бағыттар бойынша ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласындағы №40 «Балдәурен» балабақшасының педагогі Мөлдір Шәріпова 3 пен 6 жас аралығындағы балғындарға ағылшын тілі пәнін үйретеді.

Сабақ беруде өз ұстанымы бар. Балаларға шетел тілін үйретуде ойын, театр мен аудио, видеороликтерді қолданып, топтық және жеке жұмыстарды жүргізеді.

— Бүгінгі байқауға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың заманауи технологиялары бойынша өз жұмысымды ұсындым. Еңбегім үздік танылып, енді республикалық байқауға жолдама алып отырмын. Осы саладағы еңбек өтілім 11 жылдан асты. Бұған дейін де үш тұғырлы тіл мәселесі бойынша ағылшын тілі пәнінен авторлық бағдарламамды шығардым. Облыстық, республикалық деңгейдегі конференциялар мен байқауларға жиі қатысып тұрамын.

Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында ұстаздар қауымына, балабақшалардағы сапалы білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді. Педагогтар мәртебесін көтеру мақсатында жаңа заң жүйесі қабылданбақ. Мұның барлығы біз үшін үлкен қолдау деп түсінемін, — дейді ол.

Байқауда жеңімпаздардың бірі Ағила Қазмұханбет те жас мамандарға арналған «Балалармен серуенді ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы өз жұмысын бөлісті.

— Қаладағы №49 «Думан» бөбекжай-балабақшасы 2015 жылы ашылды. Бүгінде ұжымдағы 40 педагог 10 топқа сабақ береді.

Бүгінгі жұмысымда жас мамандармен өз іс-тәжірибемді бөлістім. Балабақшадағы серуеннің бала өмірінде маңызы зор. Әсіресе, оның денсаулығына, тәбетінің артуына, дұрыс ұйқының қалыптасуына септігі мол. Сондықтан екі сағат таза ауада серуендеумен қатар, көңілді уақыт өткізу керек, — деді ол.

Марапаттау рәсімінде облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар табыс етті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button