Әлеумет

Көш келеді! Нұрлы көш!

Мемлекет

Облысымыздың өндірісі дамыған өлкесі — Хромтау ауданы биылғы күзде «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы көшіп келетін  200 отбасын қабылдауға дайындалып жатыр. Көктау-2 ауылында салынып жатқан әрқайсысы 4 пәтерлік 112 үйдің 50-інің құрылысы бітіп, қараша айында пайдалануға беріледі. Бүгінде бұл жерде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер «Окси-Билд» компаниясы құрылысқа қажетті материалдарды облыс орталығынан тасуда. Үйлердің қабырғалары экоблоктан қаланып, төбелері де төзімді  материалдармен жабылмақ. Сонымен қатар, бұл ауылда 600 орындық мектеп,  140 орындық балабақша, 30 төсектік дәрігерлік амбулатория һәм мәдениет үйі, кафе,  монша мен дүкендердің де құрылысы жүріп жатыр.

Ал «Эльмонд» компаниясы  ауылды  электр желісімен, су және газбен қамтуды өз мойнына алып, біраз шаруаның басын  қарайтып та қойған. Қазір жаңа ауылдың көшелерінде қаздай тізілген электр бағаналарын көруге болады.

Көктау-2 ауылына келетін оралмандардың  мәселесі жүйелі түрде шешімін таппақ. Біріншіден, тиімді бағамен су жаңа  үйге қол жеткізсе, екіншіден, сол маңдағы   «Ақтөбе мыс компаниясына» жұмысқа орналасады. Мамандықтары сәйкес келмейтін қандастарымыз арнайы курстарда оқып, қайта даярлаудан өтеді.

— Бізге жұмысшылар қажет. «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы көшіп келетін оралмандардың арасында мамандықтары біздің салаға сәйкес келетіндерін арнайы оқу орталығында оқытып, қайта даярлап, жұмысқа қабылдаймыз. Компаниядағы орташа жалақы 70-80 мың теңге көлемінде. Атқаратын жұмыстарына байланысты жалақылары да әртүрлі болады. Бұл жерге көшіп келген оралмандардың барлығы жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын.

2010-2011  жылдарға  арналған «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес, Көктау-2 ауылында жалпы  450 отбасына арналған әрқайсысы  4 пәтерлік 112 үй салынып жатыр. Ауылға көшіп келушілерге барлық жағдай жасалмақ, — дейді  «Ақтөбе мыс компаниясының» директоры Анатолий Гогото.

Қазірдің өзінде  «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша  осы ауылда  тұруға тілек білдірген 35 адамның құжаты тіркеліп, сол маңдағы  «Ақтөбе мыс компаниясына» жұмысқа қабылданып үлгерген.

Бағдарламаның басымдықтары

Өзге елден «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы келетін қандастарымызға біраз жеңілдіктер мен жәрдемақылар қарастырылған. Мысалы, аталған бағдарламаға осыдан үш жыл бұрын көшіп келген оралмандар да қатыса алады.

— «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы көшіп келетіндер «Көші-қон туралы» заңда көрсетілген барлық жеңілдіктерді пайдалана алады. Сондай-ақ оларға арнайы квота бөлініп, сол арқылы берілетін жәрдемақылар жай квотамен келетіндерден әлдеқайда көптеу.  Мысалы, отбасы басшысына 100 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК)  көлемінде жәрдемақы берілсе, әр мүшесіне 75 еселенген  АЕК (1 АЕК 1413 теңге көлемінде қаржы беріледі. Оған қоса,  көлік тасымалы мен жолға кеткен шығындары төленеді. Ал Ақтөбе облысы солтүстік белдеуге жататындықтан, бұл қаражаттың барлығы екі есеге көбейтіледі, — дейді Көші-қон комитетінің  Ақтөбе облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов.

Көктау-2 ауылындағы үйлердің  көлемі 75 шаршы метр, 1 шаршы метрі 56,515 теңгеден есептегенде, жалпы құны  4 миллион 200 мың теңгенің шамасында болады.  Бұл баспана «Тұрғын үй жинақ» банкі арқылы несиеге беріледі. Оралмандар үш жақты келісімге («Тұрғын үй жинақ банкі» Хромтау аудандық әкімдігі және өзі) отырған соң, сол шарт бойынша 5,5 жылдың ішінде банкке  баспана құнының 50 пайызын жинайды. Яғни, жалақысынан  айына 32-34 мың теңгесін төлейді. Қажетті қаржы жиналған соң, қалған жартысын жылына 4,5 пайыздық өсіммен несиеге алып, 10 жыл бойына айына 22-24 мың теңгеден төлеп отырады.

Арнайы квотамен келгендер

Биылғы жылы жалпы облысқа 1000 оралман отбасын қабылдау жоспарланып отыр. Оның 200-і жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, қалғаны арнайы квотамен. 1 маусымға дейін арнайы квотамен 227 отбасы келген. Олар қай ауданға барып тұруды өздері таңдайды. Бірақ, ең алдымен, тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алады.

— Елге келетін оралмандарға алдын ала  үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Оларға жаңа бағдарламаны  түсіндіреміз. Таңдау өз еріктерінде.

Оларға бір реттік жәрдемақылар беріледі. Мысалы, отбасы басшысына  15 еселенген АЕК көлемінде, отбасы мүшелерінде 10 еселенген АЕК көрсеткіш көлемінде және   жүк тасымалы үшін  тек қана отбасы басшысына 50 АЕК көлемінде, сондай-ақ жол шығыны ретінде  әр отбасы мүшесіне 10 еселенген АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал тұрғын үй сатып алу үшін отбасының әр мүшесіне  100 еселенген АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.

Сонымен қатар, жер телімдерін алуға  кезекке тұра алады. Оларға арнайы тізім жасалып, жергілікті тұрғындардан бөлек кезек құрылып, қысқа мерзімде жер телімдері беріледі, — дейді Нұрлыбек Мейірханұлы.

Бір айта кетерлігі, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша келетіндер азаматтық алуда көп қиыншылық көрмейді. Олардың отбасы мүшелерінің барлығына осында келіп  азаматтық алу міндет емес. Бір  мүшесі тұрақты тіркеуде тұрса болғаны, қалғандары елге келіп орналасып, жаңа  пәтерлерге ие болған соң да  азаматтық алуларына болады.

Мұғалжар, Мәртөк, Қарғалы, Темір…

Әзірге  «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша келген оралмандар тек Хромтау ауданына  орналастырылып жатыр. Болашақта Мұғалжар, Мәртөк, Қарғалы, Темір аудандарында да осы бағдарлама іске асырылады деп күтілуде.

Біздің облысқа тәуелсіздік алғаннан бері 7315 оралман отбасы көшіп келген. Олардың дені Өзбекстан, Ресей, Монғолия, Қытай, Иран, елдерінен қоныс аударғандар.

— Біздің облысқа келген  қандастарымызың жағдайы жақсы. Квотамен келгендер тиісті көмектерін алуда. Ал квотадан бөлек өз беттерімен келіп, Қазақстанның азаматтығын алып қойғандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жергілікті билік тарапынан көмек көрсетілуде. 2005 жылы облы­с әкімі Елеусін Сағын­ды­қов әр ауданға квотадан тыс келген он оралманға жағдай жа­сау­ қажеттігі жөнінде арнайы қаулы қабылдап, тұрғын үймен, жұмыспен қам­туды мін­деттеген болатын. Соған сәйкес, 241 отбасыға тұрғын үй берілді, — дейді Нұрлыбек Жүсіпов.

**

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша елімізде 1488 тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік алғалы бері біздің облысымыз 36 236 оралманды қабылдаған.

7315 отбасының 6450-і баспанамен қамтылған.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button