Әлеумет

Ардагерлердің қоғамдағы белсенділігі жоғары

31 қазан күні Ақтөбеде «Азаматтық қоғам және мемлекет: диалог, ынтымақтастық, жауапкершілік» тақырыбында  үкіметтік емес ұйымдардың VIII облыстық азаматтық форумы өтеді. Екі жылда бір рет өткізілетін мұндай форумның мақсаты — мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты нығайту, алдағы жоспарлармен бөлісу, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Форум барысында түрлі мәселелерді шешу жолдары да қарастырылмақ.

Облыстық азаматтық форумның жұмысына Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен республикалық Азаматтық альянстың өкілдері қатысады деп жоспарлануда. Форум аясында қараша айының соңында өтетін республикалық азаматтық форумға  облыстан делегаттар сайланбақ.

Қазір аймақта 600-ден астам қоғамдық бірлестік тіркелген. Форум жұмысы кезінде соңғы екі жылда белсенді жұмыс жасаған ұйымдар марапатталатын болады.  

Біз төменде бір топ үкіметтік емес ұйымның бүгінгі күнге дейін атқарған жұмысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ардагерлердің қоғамдағы белсенділігі жоғары

Кеңес БІРМАНОВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:

— Елімізде ардагерлер ұйымы 1987 жылғы 21 наурызда құрылды. Өткен жылы 30 жылдығы аталып өтті. Бұл мереке біздің филиалда және аудандардағы ардагерлер ұйымдары тарапынан да кеңінен аталды. Сол салтанатты жиындарда ардагерлерге құрметтер көрсетіліп, марапаттар тапсырылды.

Өзі құрылған отыз жылдың ішінде ардагерлер ұйымы да қоғамнан, күнделікті өмірден өз орнын тапты деуге болады. Әсіресе, еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бергі кезеңде мемлекетіміз ардагерлерге айрықша көңіл бөліп, мүмкіндігінше қамқорлық жасап келеді. Біз де өз тарапымыздан қоғам өміріне белсене араласып, елдік істерге үнемі қолдау-көмек көрсетеміз.

Қай жерде де ардагерлер үлкен сый, құрметке ие.  Олай болатыны, үлкенді сыйлау, құрметтеу — атадан балаға жалғасып келе жатқан біздің жақсы дәстүріміз. Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кешегі халыққа Жолдауында да аға буынға қамқорлық, зейнеткерлер жағдайы жақсы қамтылған. Облыс әкімі  де ардагерлер мәселесіне жиі назар аударып, әлеуметтік жағдайларының шешілуіне көп көңіл бөлуде.

Ал ардагерлер қауымы аз да емес. Бүгінгі күні өңірде  97 мыңға жуық ардагер тұрады. Олардың ішінде бір кезде Ұлы Отан соғысына қатысушылардың үлесі көп еді. Қазір азайды. Облыс бойынша  қалған майдангерлер 50-ден аспайды. Оларға барлық жағдай туғызылған. Үйлері, пәтерлері бар. Белгілі жеңілдіктерді пайдаланады. Мұнымен бірге, бізде Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл ардагерлеріне де сондай қамқорлықтар жасалған.

Қазіргі уақытта облыс аумағында ардагерлердің  300-ден астам бастауыш ұйымы жұмыс жасайды. Олар зейнет жасындағы адамдарды біріктіріп отыр. Тек біріктіріп қана қоймай, оларды қоғамдық жұмыстарға тартуға бағытталған ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Өйткені біздің зейнеткерлер жастары ұлғайса да, қоғамға араласып, пайдалы іс атқаруды өздерінің міндеттері санайды. Себебі біз ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың тұрмыс деңгейін арттыру мемлекеттің  әлеуметтік саясатының басты басымдығының бірі екенін көріп отырмыз. Елбасының тапсырмасы бойынша тек соңғы жылдары зейнетақы мөлшері қаншама өсті. Жалпы, әр ардагердің зейнетақысы өзіне молынан жетеді.  Біздің қазақтың қалыптасқан салт-дәстүрі бойынша  ардагерлер, тіпті  көпшілік  зейнеткерлер өз зейнетақыларының есебінен балаларына, немерелеріне көмектеседі. Той-топырдан қалмайды. Сондықтан да біздің ардагерлер қауымының мемлекеттің ұдайы көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін айтар алғыстары шексіз. Біздің өңірдің ардагерлер қауымы Мемлекет басшысының көреген әрі сындарлы саясатын бірауыздан қолдайды.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button