Әлеумет

«Ербақыттың» шарапаты

Құрылғанына төрт-бес жылдың жүзі болған Ақтөбедегі «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубы бүгінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеумен қатар, түрлі қайырымдылық шараларға мұрындық болып жүр.

Бүгінде «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубының құрамында тек ауған соғысы жауынгерлері ғана емес, сонымен қатар елімізге белгілі спортшылар, бапкерлер де бар. Клуб мүшелері жастар арасында түрлі шаралар өткізіп қана қоймай, өз бастамаларын да жүзеге асырып жүр. Бүгінде Будапештте күрес түрлерінен өтіп жатқан Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, еліміздің көк байрағын асқақтатқан Нұрислам Санаев та осы «Ербақыттың» белсенді мүшелерінің бірі.

Жастарымыз осындай спортшыларымызға қарап бой түзейді. Оларға ерлік істерді насихаттау, патриоттық сана-сезімді қалыптастыру тұрғысында клуб мүшелері жоспарлы жұмыстар атқарып жүр. Біздің негізгі мақсатымыз да — осы, — дейді «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев.

Ол аталған клуб ашылмай тұрып, он бес жылдай үкіметтік емес ұйымдардың мүшесі ретінде белсенді жұмыс атқарған жандардың бірі. Ауған соғысының ардагері М.Қойлыбаев клуб тек салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, қайырымдылық істердің басы-қасынан табылады. Спортқа деген қызығушылығы жоғары, алайда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды қолдауға көбірек көңіл бөлетін клуб мүшелері оларды материалдық жағынан да қамтамасыз етуге тырысады.

1988 жылы Ауған даласында қос бірдей жанарынан айырылып, аяғынан жараланған Бекболат Ереновке «Ербақыт» клубының мүшелері қайырымдылық көмек көрсетіпті. Бірінші топтағы мүгедек атанып, ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған жауынгердің Ақтөбе қаласының Мәскеу ауданындағы ескі үйінің орнына жаңа баспана тұрғызып берген де — осы «Ербақыттың» мүшелері. Жақында ғана қоныстойын тойлаған Б.Еренов енді жаңа баспанада жаңа құдаларды қарсы алатын болады.

Интернационалист жауынгердің отбасына жаңа баспана салу жұмысын өткен жылдың қараша айында бастаған болатынбыз. Бекболаттың ескі үйін бұзып, ауласында қабырғасы ғана қаланған жаңа үйінің төбесін көтеріп, ішіне әрлеу жұмыстарын жүргізіп бердік. Бүгінде іші жарық әрі кең үйде тұрып жатқан қанды көйлек жолдасымыз қызын ұзатқалы жатыр. Бұл ісімізді мақтанып та, қуанып та айта аламыз, — дейді Марат Қойлыбаев.

Қазір аталған клубтың Алға ауданында «Ербақыт» атты футбол командасы жасақталыпты. Бұл команданың құрамында  7-27 жас аралығындағы ойыншылар бар. Футбол командасының құрамы жыл санап көбейіп келеді. Бір қызығы, ауыл жастарынан құралған «Ербақыт» футбол командасының ойыншылары Ақтөбе қаласындағы кәсіби футболшылармен ойын алаңында иық тіресе өнер көрсетіп жүр. Жақын күндері Алғада «Ербақыттың» екінші футбол командасы жасақталмақ.

 Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button