Әлеумет

Біз мүгедек жандардың мүддесін қорғаймыз

Құбайдолла БІТІКОВ, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы:

 — Біздің қоғам мүгедектердің мүддесін қорғайды. Жергілікті билік орындарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, мүгедек жандардың өмір сүруін жеңілдетуге, жақсартуға ықпал етуге тырысамыз. Облыстық, аудандық мүгедектер қоғамының ұстанатын негізігі бағыты осы.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша 20 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың мың жарымы — 14 жасқа дейінгі балалар. Елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы қабылданған арнайы заң бар. Сол бойынша мемлекеттік мекемелер тағдыр талайына ұшыраған жандарға қамқорлықтар жасап, жәрдемдер көрсетеді. Еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуда, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда мемлекет тарапынан туғызылып отырған қамқорлықтар көп. Бұған кәсіпкерлік саласы да қомақты үлес қосып келеді. Бұл, әсіресе, мүгедектер күніне орайластырылып өткізіліп жүрген шараларда жиі көрініп жүр. Облыста мүгедектер мәселесі әр кез назарда ұсталады. Ол облыс әкімінің ұдайы қадағалауында. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін жиі талқылайды.

Қазіргі күнде облыс көлемінде 21 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың барлығы да мемлекеттен жәрдемақы алып тұрады. Мүгедек жандарды қарайтын арнаулы сауықтыру орталықтары бар. Оңалту бағдарламасы аясында, қажетіне орай, есту, жүру құралдарымен қамтылып келеді.

Ақтөбе қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 11 мыңға жуықтайды. Олардың арасында 16-18 жас аралығындағы жастар да бар.

Осындай жүріп-тұруы шектеулі жандардың тіршілігін жеңілдету үшін облыс орталығында пандустар, арнайы көліктер қызмет етеді. Бұл істі одан әрі жандандыру үшін алда да қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз.

Кейінгі жылдары аудандарда құрылған мүгедектер қоғамдарының да жұмысы едәуір жанданды. Әсіресе, Ойыл, Алға аудандарындағы мүгедектер қоғамдары белсенді жұмыс жасайды.

Мүгедектер санатына жататын жандардың бәрінің бірдей жағдайы жақсы деуге болмас. Арасында  қиыншылық көріп жүргендері де табылады. Олардың қайсыбірі бізге — қоғамға қаржы сұрап, басқалай жәрдем сұрап келіп жатады. Мұндай жандарға біз демеушілер арқылы ғана көмек көрсетеміз. Жылдан-жылға сондай демеушілердің, мүгедек жандарды жебей жүретін қайырымды адамдардың көбейіп келе жатқанына қуанамыз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button