«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

«Бақытты бала» жобасы мәреге жетті

Жекпе-жек сарайында «Бақытты бала» жобасы қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердина және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, аудан, қала әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған пилотты жобаның мақсаты — балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бұл жобаны халықаралық  ұйымдар мен қайырымдылық қорлары және ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдады.

Жыл бойы жоба аясында облыста қыруар шаруа  атқарылды. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын айтты.

— Әрбір мемлекеттің, ұлттың тамыры терең болуы үшін ең алдымен оның балалары, жастары білімді болуы керек. Тәуелсіздік алған жиырма жеті жылда біздің балаларымыз өздерінің шетелдердегі құрбылары сияқты сапалы білім алуға, спортпен шұғылданып, халықаралық сайыстарға қатысуға қол жеткізді. Мемлекет басшысы қай уақытта да балалардың болашағы үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Мәселен, жастардың шетелдің үздік оқу орындарынан ілім үйренуі үшін «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. Бұндай бағдарлама біздің елден басқа мемлекетте жоқ. Қазір салынып жатқан  мектеп, балабақша, мәдени және спорт кешендері дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келеді.

Біз биыл Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында   «Бақытты бала» жобасын қолға алдық. Тоғыз айда қандай жұмыстардың жасалғанын жақсы білемін. Облыс басшылығының атынан барлық кәсіпкерлерге, кәсіпорын басшыларына, аудан, қала әкімдеріне осы жұмысты жүйелі ұйымдастырғаны үшін алғысымды айтамын. Сегіз бағыт бойынша жүргізілген жұмыстың дені  демеушілердің көмегімен жүзеге асты. Қазір біз отырған сарайды  кәсіпкер Шамиль Каспранов салып берді. Алдағы уақытта осындай игі жұмыстар жалғасын табады. Елбасы келер жылды «Жастар жылы» деп атады. «Бақытты бала» Жобасы жастар жылымен жалғасады, — деген облыс әкімі балдырғандардың деніне саулық тіледі.

Облыс әкімі жобаны жүзеге асыруда белсенділік танытқан  азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында Хромтау ауданының әкімі А.Бердалин, Мұғалжар ауданының әкімі Е.Данағұлов, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС директоры А. Сыздықов, «Дару жарығы» медициналық орталығының директоры Ғ.Елеуов, «Әсем» лагерінің құрылтайшысы Р.Тасыбаева, «STEMCENTER AKTOBE» инженерия және IT мектебінің жоба жетекшісі А.Иманбаев, «Күншуақ» балалар лагерінің директоры К.Байғазин бар.

Аталған жоба облыстың барлық аудандарында белсенді түрде жүзеге асты. Мәселен, Хромтау ауданындағы 1132  оқушы сауықтыру орындарында демалса, ауыл-аймақтарда спорт алаңдары салынған. Ал Мұғалжар ауданында жоба бойынша мектеп оқушыларының 99 пайызы қамтылыпты. Әсіресе, ата-анасы жоқ балаларға ерекше жағдай жасалған. Аудан бойынша екі жүз адам баспаналы болса,  соның ішіндегі 35 пәтер жетім балаларға берілген. Аудан әкімінің айтуынша, бір аптадан кейін тапсырылатын алпыс пәтерлі үйден тағы 12 бала пәтерге ие болмақ.

Салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердина сөз сөйледі.

— Мен екі күн бойы Ақтөбені аралап, жаңадан салынған ғимараттарды көрдім. Қаншама қыруар шаруаның жасалғанын байқадым. Оның ішінде балалар үшін атқарылған игі істердің куәсі болдым.  Осы ретте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін, — деген вице-министр жобаны қолдайтындарын, өзгелерге үлгі қылатынын айтты.

«Бақытты бала» жобасы жарияланған күннен бастап облыс бойынша 25 IT класс ашылса,  мектептерге  24 3D принтер, робот техникасына қажет 27 жиынтық, 28 ультрақысқа фокусты проектор әкелінген.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін Қазақстанда тұңғыш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар  лагері ашылды. Инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген барлық білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен жабдықталды. Сондай-ақ бюджет қаражатынан тыс қаржыға оңалту орталығы мен аутизм дертіне шалдыққан балдырғандарға арналған орталық ашылды. Аса ауыр дертке шалдыққан балалар Оңтүстік Корея елінде тегін ем алуға мүмкіндік алды. Шетелдерден келген дәрігерлер науқас балаларды тегін қарап, ота жасады.  Ал спорт саласы бойынша облыста 1177 ойын алаңы, 46 көпфункционалды спорт алаңы, 52 воркаут, 27 хоккей корты іске қосылды.  Облыстағы 120 мың оқушы жазғы демалыстарын қызықты өткізді. Оның ішінде 14,5 мыңнан астам бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне саяхат жасады.  Облыста алғаш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Әсем» оқу-танымдық орталығы ашылды.

Жоба аясында үлкен  сахнада өздерін көрсетуге мүмкіндіктері болмаған балалар үшін  «KIDS CIHEMA WORLD» балалар киносының фестивалі және «Бақытты балалық шақ» байқауы өтті. Сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына 80 миллион теңге аударылды. Осының барлығы жоба аясында жүзеге асқан шаруалардың бір бөлігі ғана. Жалпы жобаға  4,5 миллиард теңге бөлінді. Бұған қоса кәсіпкерлер демеушілік көрсетті.

Салтанатты жиында осы және өзге де атқарылған жұмыстар арнайы экран арқылы көрсетілді. Жиын соңында облыстың өнерлі балдырғандары әннен шашу шашып, би биледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button