Жаңалықтар

Елбасының бір тапсырмасы — жасыл белдеу

Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру бүгінде қандай жиынның да басты тақырыбы болып отыр. Кеше облыстық әкімдіктің ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің қатысуымен өткен табиғат қорғау шараларының аясында, облыс аумағын көгалдандыру мәселесінің шешу жолдарын талқылаған кеңесте де осы үрдіс сақталды. Бұл жиынға қаладағы экологиялық мәселелерге қатысы бар өндірістік ірі кәсіпорындардың басшылары шақырылған еді.

Облыс әкімінің орынбасары кеңесті қысқаша сөз сөйлеп ашып, Президент Жолдауындағы мемлекеттік органдарға шұғыл түрде шешу жүктелген бірқатар мәселелерге баса назар аударды. Бұл жерде басты басымдылық халықтың әл-ауқатының өсуіне беріліп отырғаны айтылды. Ол сапалы және қолжетімді білім, денсаулық сақтау жүйесі, тұрғын үй, сонымен қатар әрбір қазақстандық үшін жайлы, қауіпсіз, экологиялық таза ортада өмір сүру мүмкіндіктері болмақ. Осы ретте, соңғы аталған экологияға қатысты мәселелердің облыстағы және қала аумағындағы бүгінгі таңдағы жай-жапсары жөнінде облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Исламұлы хабарлама жасады.

— Елбасы таяудағы халыққа арнаған Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, зиянды қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттілігі туралы ерекше атап өтті. Елімізде экология мәселесіне қатысты әлемдік келісім талаптары ойдағыдай орындалуда. «ЭКСПО-2017» көрмесінің жемістері  өмірге ене бастады. «Болашақ энергиясы», яғни энергияның баламалы көздерін және «жасыл» технологияны қолданудағы қадамдар салтанат құруда, — деді департамент басшысы.

Бұдан әрі ол экологиялық жағдайды жақсартудың тиімді әдістерінің бірі — көгалдандыру жұмыстары екеніне тоқталды. Табиғат қорғау шараларының орындалуы, оның ішінде аумақтарды көгалдандыру жөніндегі жүргізілген жұмыстардың атқарылуы туралы тоқсан сайын облыстың кәсіпорындары есеп береді. Алайда бірқатар қала кәсіпорындарының берген есептерін талдағанда, көп кемшіліктердің беті ашылып отыр. «Ақтөбе жылу орталығы», «Ақбұлақ» акционерлік қоғамдары,  «Автопарк», «Асфальтбетон», «Нағыз Бетон Ақтөбе», «Қазақжолқұрылысы», «АЗС Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері табиғат қорғау шараларына қаралған қаржыларды игермеді. Тіпті бірқатар кәсіпорындар көгалдандыруға 10 мың теңге ғана қаржы қарастырған. Бұл маңызды мәселеге мән бергендік пе?

Осыларды айта келіп, департамент басшысы қаланың ауасын бүлдіруге тікелей қатысты кәсіпорындардың көктемгі, күзгі ағаш егу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытпай отырғанын сынады. Алайда қала жұртшылығының, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушыларының жанашырлық көмектерінің нәтижесінде қалада сан түрлі ағаштар мен бұталар егуде айтарлықтай табыстарға қол жеткенін айтты. Тек үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласында жасыл белдеу жасау үшін 73,5 гектар алаңға 35350 түп ағаш көшеттері егілгені соның айқын дәлелі.

Кеңеске қатысушылар, оның ішінде кәсіпорындардың басшылары жиында  көтерілген мәселелерге қолдау білдіріп, алдағы уақытта күзгі, көктемгі көгалдандыру жұмыстарын тыңғылықты жүргізуге белсене қатысуға уәде берді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button