Денсаулық

Карантин жариялауға негіз жоқ

Брифинг

Ақтөбе қаласындағы орта мектептің бірінде 4-сынып оқушысы туберкулезге шалдыққан. Осыған байланысты облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты. Соңғы он айдың қорытындысы бойынша құрт ауруына шалдыққандар саны 11,2 пайызға төмендеген. Ал балалар арасында 28 пайызға азайған.

— №10 орта мектептегі жағдайға келер болсақ, 5 қазан күні қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлама түсті. Мектеп жедел түрде тексеріліп, дезинфекция жүргізілді. Баланың үйіндегі бес  адам тексеруден өтті, денсаулықтарынан еш кінәрат табылмады. Жеткіншектің жаз мезгілінде Атырау облысы Құлсары қаласында демалғаны анықталды. Біз Құлсарыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жедел хабарлама жібердік, — деді басқарма басшысы.

Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтың айтуынша, құрт ауруының бұл түрі жұқпалы емес.

—  Қазір бала ем алып жатыр, жағдайы жақсы. Диазнозы -— өкпе қуысындағы бездің туберкулезі. Аурудың алғашқы сатысы болғандықтан қауіпті емес, сондықтан туберкулездің жеңіл түрі деп айтуға болады. Балаларға да, ересектерге де зиянын тигізбейді. Ал мектеп оқушыларына жоспар  бойынша жаппай манту сынамасы салынып жатыр.  Қазір әр емханада фтизиатр дәрігер бар. Егер баланың манту сынамасы ісіп кетсе, әрі қарай тексеру жүреді,—  деді Ерлан Тәтімов.

Мамандардың айтуынша, мектепте карантин жариялауға негіз жоқ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button