Әлеумет

Ибатов көшесі

Есте қалар есімдер

Ақтөбе қаласындағы бұрынғы Грозненская көшесі қазір Ғиззат Ибатов көшесі аталады. Көпшілік бұл көшені білсе де көше атауын иеленген адамның кім екенін білмей жатады.

Ғиззат Ибатов — қоғам қайраткері. Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданында туған. Ол өмір бойы туған еліне адал қызмет етті, асыл азамат, тұғырлы тұлға ретінде ел ағасы атанды. Қайраткердің өмір жолын сараласақ, Ғиззат Ибатов Фурманов ауданында оқытушы, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1959-1964 жылдары Алматы облыстық, Батыс Қазақстан өлкелік оқу бөлімдерінің басшысы, 1944-1959 жылдар аралығында Орал облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ВЛКСМ Орталық Комитетінің (Мәскеу) жауапты қызметкері болды. Кейін Алматы облысы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, он жеті жыл қатарынан Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының мәдениет, өнер, оқу, тәрбие саласы бойынша орынбасары, одан соң өмірден  өткенге дейін Ақтөбе облыстық бейбітшілік қорын басқарды.

Қайраткердің еңбегі  ескерусіз қалмады. Еліне, халқына сіңірген қызметі үшін кеудесіне Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерін, алты медаль қадады.

Ғиззат Ибатов өмірден өткен соң есімі өзі тұрған көшеге беріліп, ескерткіш тақта қойылды. Бұл көшенің бойында негізінен жер үйлер орналасқан. Шағын сауда дүкендері мен сән салондары бар. Осы көшеде тұратын студент Венера Қожабергенова былай дейді.

— Ес білгелі осы көшенің бойында тұрамын. Әкем шағын үйімізді кеңейтіп, екі қабатты қылып салды. Аулаға жеміс ағаштарын екті. Үйдің сыртына көше атауы жазылған тақтайшаны ілді. Бұрын көшенің атауы басқа болатын, кейін Ибатов көшесі болып өзгерді. Шынымды айтсам, алғашқыда бұл адамның кім екенін білген жоқпын. Кейін интернеттен қарап, өмір жолын оқып шықтым. Облысқа еңбек сіңірген азамат екен, — дейді студент қыз.

Ғ.Ибатов көшесі орталық көшелердің бірі болғандықтан жөндеу жұмыстары үнемі жүріп тұрады. Тұрғындар тазалық сақтайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button