Әлеумет

Лагерь маусымы енді қызады

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп», лагерьге баруға асыққан облыс балалары қазір қайда демалып жүр? Қай жерде қандай лагерь балаларға қызықты демалыс ұйымдастырды? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік.

Жазғы демалыс енді қызып келеді. Облыстық білім басқармасының жетекші маманы Гүлдана Бакиеваның айтуынша, кей лагерьлердің жұмысы әлі де басталған жоқ. Мектеп жанындағы лагерьлердің дені өз жұмыстарын 7-маусымнан бастаса, қала сыртындағы лагерьлердің жұмысы енді қызу жүріп жатыр.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше,  биыл жазғы маусымда облыста 9 қала сыртындағы және 300-ге жуық мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылып отыр. Мұнда облыс бойынша 92 963 бала көңіл көтеріп, қызықты демалыстарын өткізеді. Басқарма тарапынан ең әуелі көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың демалысын тиімді өткізуге басты назар аударылып отыр.

Биыл аудандарда бірнеше ауылдың балаларын жинақтайтын 7 мектепаралық лагерь жұмыс істемек. Жақында Мәртөк ауданы Вознесен ауылында орналасқан «Шұғыла» мен Мұғалжар ауданындағы Сағашилі ауылындағы «Арай», Ембі қаласындағы «Күншуақ», Қаракөл ауылындағы «Достық» лагерьлері жазғы демалыс маусымының бірінші кезеңіне балалар қабылдап, жұмыстарын бастады. Алдағы күндері Хромтау, Байғанин, Алға аудандарында да дәл осындай мектепаралық лагерлер ауыл балаларына көңілді жаз сыйламақ.

Облыс балаларының жазғы демалысын тиімді өткізуге үш ауданда орналасқан жазғы сауықтыру лагерьлері де атсалысып отыр. Олар — Ойылдағы «Жас қайрат», Шалқардағы «Гүлдер» және Хромтаудағы «Мұғалжар» лагерьлері.
Шалқар көлі маңында орналасқан «Гүлдер» жазғы сауықтыру лагері 1979 жылы құрылыпты. Тарихы мол жазғы сауықтыру лагері биылғы бірінші кезеңге 66 бала қабылдады. Лагерь тәрбиешісі Ақгүл Әскербекованың айтуынша, мұнда келген бала 12 күнін әртүрлі өткізеді: қызықты ойындар ойнап, ән айтып, би билеп, жаңа достар тауып, табиғатқа шығып, Шалқар көліне суға түседі. Үш кезең бойы жұмыс жасайтын «Гүлдер» лагері жаз бойы 240 баланы қамтуды жоспарлап отыр.

Ал Ойылдың «Жас қайраты» мен Хромтаудың «Мұғалжары» өз жұмыстарын алдағы күндері бастамақ.

Қала сыртындағы лагерьлердің ішіндегі жаз бойы ең көп бала қабылдайтыны —

қалалық жас туристер стансасына қарасты қала сыртындағы «Достық» лагері. Аталған лагерьдің директоры Алена Бекбергенованың айтуынша, биыл бес ауысым бойынша мыңнан астам баланы қамтымақ.

Қазір лагерьдің бірінші кезеңінде 1-8 сынып аралығындағы 7-15 жасқа дейінгі 150 бала демалып жатыр. Оның ішінде, 50 шақты бала ақылы топта демалады. Ата-аналар он екі күндік демалысты лагерьде қызықты өткізуі үшін бір балаға 25 мың теңге төлейді. Лагерьде балалар бес мезгіл тамақтанады, түс мезгілінде ұйықтайды.

Лагерь жас туристер стансасына қарасты болғандықтан мұнда туристік, спорттық шаралар көбірек ұйымдастырылады екен. Мәселен, туристік эстафеталарда балалар мен жасөспірімдер алау жағып, арқан байлаудың неше түрін үйреніп, жол кедергілерден өту секілді тапсырмаларды орындайды. Жолда жүрудегі тәртіп ережелерін үйренеді. Одан басқа кеше мұнда биші балалар арасында сайыс өтті. Сондай-ақ басшы алдағы күннің жоспарларымен де бөлісті: бейсенбіде Планетарий қызметкерлері қонаққа келіп, балаларды жұлдызды аспанға саяхатқа шақырса, одан соң балаларды қуантуға Н.Байғанин атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары мен «Клоунада» театрының әртістері келеді.

Сондай-ақ қазіргі таңда облыстағы 387 ойын алаңында да балалар ойыны қыза түсті. Тек ойын балаларының жазғы маусымы тыныш өтсін деп тілейік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Егіздер қуанышы

Бізге Ақтөбе қаласындағы жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын №47 орта мектептің 4-сыныбында оқитын Ақтолқын мен Айтолқын Рысқалиевалардан хат келді. Аналарынан суреттерін де беріп жіберіпті. Олар өздерінің биыл бірінші жыл лагерьге барғандағы әсерлерімен бөліскен. Хат мазмұны төмендегідей:

Жазғы демалыс басталысымен-ақ, қайда, қалай өткізуді ойлағанбыз. Бір күні кешкісін анамызға №47 мектептің тәрбие ісінің орынбасары Ақмарал Сағадатқызы қала сыртындағы «Энергетик» лагеріне демалуға баратынымызды хабарлады. Сол күннен бастап, дайындалдық. Жазғы маусымның бірінші кезеңіне барып, лагерь жұмысы салтанатты түрде басталды. Анамыз келді. Біз де өз білген, үйренген өнерімізді көрсетуге тырысып-ақ жатырмыз. Біз би билеп, ән саламыз. Ашылу рәсімінде тек ән айттық. Бізден де басқа балалардың өнеріне тәнті болдық. Николай Васильевич басқаратын «Энергетик» лагері бізге ұнады. Біздің 3-жасақ «Улыбка» деп аталады. Жетекшіміз — Әйгерім Қуанышбайқызы. Біз бұған дейін лагерьге барған жоқпыз, биыл бірінші рет барғанбыз. Лагерьде көңілді, көп достар таптық.

Өз қуанышымызды үйге қайтқанша шыдамай, газет арқылы бөліскіміз келді, мектеп басшыларына рақмет айтамыз. Лагерьден келген соң да қызықты әңгіме мен хабарлар арқылы бәріңізді қуантарымыз анық. Әзірге осы.

Ақтолқын мен Айтолқын РЫСҚАЛИЕВАЛАР.

Мұғалжардың баурайында…

Мұғалжар аудандық білім бөліміне қарасты 24 орта, 17 негізгі мектептер жанынан жазғы демалыс лагерьлері мен жазғы сауықтыру алаңдары жұмыс жасап жатыр. Бұған негізінен бастауыш класс оқушылары тартылған.

7 маусымнан бастап Ембі қалалық №7 орта мектеп-интернаты, Абай атындағы орта мектеп-интернаты, А.Жұбанов атындағы орта мектеп-интернаты жанынан демалыс лагерьлері аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын қабылдады. Бірінші ауысымда 100 бала демалып жатыр. Бұл лагерьлерге барлығы 500 бала қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар жазғы уақытта медициналық есепте тұрған балалар «Шапағат» жеке меншік медициналық мекемесі арқылы емдік сауықтырудан өткізіледі. 200 бала қамтуды көздеген емдік-сауықтыру лагерінің жұмысы 10 маусымда басталды. Мұнда І ауысымда 40 бала демалып жатыр.

Аудандағы Жарық елді мекеніндегі шатырлы лагерь дүйсенбіден бастап жұмысын бастады. Шатырлы лагерьде 320 бала демалады.

Барлық демалыс лагерьлеріне бірінші кезектегі тәртіппен жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасылар, көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылардың, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балалар қамтылады.

Жандос АЙТЖАНОВ,

Мұғалжар ауданы.

Балалықты еске түсірген лагерь

7 маусым күні №3 Ақтөбе орыс орта мектебінде де мектеп жанындағы «Бригантина» атты лагерь өз жұмысын бастады.

Оған негізінен аз қамтылған отбасы балалары, жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданды. Әрбір топқа тәрбиешілер, ән-күй сабағынан беретін мұғалімдер, мектеп дәрігері бекітілді. Мұнда таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 5-ке дейін демалатын оқушылардың саны — 50. Балалар ыстық тамақпен қамтылады. Жататын орындары, бөлмелері кең, таза, әсемделген, тазалық сақталған. Мектеп дәрігері күнделікті тазалықты қадағалап отырады.

Сонымен қатар, мектептің жанынан түске дейінгі балаларды қабылдайтын «Солнечная страна» атты ойын алаңы ашылды. Ойын алаңына келетін 42 баламен тәрбиешілер, дене шынықтыру, ән-күй мамандары жұмыс жүргізуде. Балалардың көңіл күйі көтеріңкі, себебі оқушыларға арнап бүкіл жағдай жасалған.

Ата-аналар да ризашылығын білдіруде. Балалардың қатысуын тексерген кезде бір күн болса да, лагерьден қалып қойған бала болған жоқ. Балалар дәрігердің қадағалауында болып, денсаулықтарын түзетіп жатыр. Әрине, бұл лагерь басшысы Таслима Матвиенконың лагерь жұмысын шебер ұйымдастыра білгендігінің арқасы.

Әр күндері лагерьде «Әрқашан күн сөнбесін!» атты сурет көрмесі, «Бақытты балалар — бейбіт еліміздің тірегі» атты бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Кітаппен өткен жаз — қызық!» деген тақырыпта қазақ-орыс тілінде викторина өткізілді, онда әр бала білім сайысына түсті. Одан соң балалар «Ертегілер әлеміне» саяхат жасады. Тағы бір күні  балалармен бірге «Чайка» бассейніне бардық. Олар Планетарий әлеміне саяхатқа шығып, аспан әлеміндегі жұлыдыздармен танысты, батыр Ә.Молдағұлованың мұражайына саяхат ұйымдастырылды. Мұндай шаралардан балалардың алған әсерін айтып жеткізу мүмкін емес. Күн сайын қызғылықты бағдарламалар жоспарланып отырады, осыған орай балалардың лагерьге келу саны өсті.

Балалардың арасында жүріп, бір сәт балалық шағым есіме түсіп, жұмысымнан алған әсерімді бөлісіп отырмын.

Мансура МАКБУЗОВА, тәрбиеші.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мен Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Бостан селосында тұрамын. Өз ауылым ұнайды.Мен 1ші курс студентімін ауылымдағы лагерьге практикант болып келдім,бұл лагерь сіздер баяндағаннанда өте керемет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button