Экономика

Ақтөбе адам танымастай болып өзгереді!

Конституция күні қарсаңында облыс орталығының салтанатын арттыра түсетін бірнеше нысан пайдалануға беріледі

Өткен сенбі күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен қала әкімі Архимед Мұхамбетов қаланы көркейту мақсатында салынып жатқан жаңа нысандарды және  қалпына келтіріліп жатқан аулаларды аралып, жұмыс барысымен танысты. Сапар Абай атындағы орталық саябақтан басталды.

Саябақ адам танымастай болып өзгермек. Алаңы түгелдей темір шабақпен қоршалып, кіреберістегі қақпасы әсем өрнекпен көмкерілмек. Тек төрт жағынан кіретін есіктері ғана болады. «Ән салатын»  субұрқақтар мен үстінде әсем көпірі бар жасанды  өзеннің орны дайындалып, төсеніштері қаланып жатыр.

Орталық саябақта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан  компания мамандары жасалып жатқан жұмыстары жөнінде  басшыларға баяндап берді.

— Саябақтың қайта жабдықталуына бөлінген 1 миллиард 25 миллион теңгенің 37 миллионы алынып, жұмсалып жатыр. Қазіргі күні  кіреберістің іргетасы қаланып  болып қалды. «Ән салатын» субұрқақтардың да іргесі қаланып, биіктігі  85 метр болатын ту тұратын жер де белгіленді. Жалпы аумағы 250 метр болатын жасанды өзеннің астына топырақ жамылғыларын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Саябаққа кіретін төрт жолға да әдемі тастар төселмек. Көгалдандыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 2500 түп ағаш пен 380 шырша көшеті отырғызылды, — деді бас мердігер «Маяк ЛТД» ЖШС директоры Сергей Бондаренко.

Сондай-ақ саябақтың ішінде скейтборд ойнауға арналған алаң мен тағы да басқа спорттық ойындар жүргізілетін орын «Мега Ақтөбе» сауда үйінің маңына  жақын жерде орналаспақ.  Және осы жерде Пушкин атындағы саябақтағы  субұрқақтың да жөнге келтірілетіні жайында айтылды.

Қала әкімі Архимед Мұхамбетов саябаққа қарасты 3 гектар жерде сан түрлі аттракциондар болатындығын мәлімдеді.

— Бюджеттің қаржысы жеткіліксіз болғандықтан, біз байқау жарияладық.  «Брик» атты жеке компанияның жобасы ұтып алды. Оның аттракциондарының сан алуандылығы мен көптілігіне және сапалылығына ерекше мән бердік. Жалпы құны 10 миллион теңге болатын германдық және славакиялық түрлі аттракциондарды саябақтың ішіне жарты жылда орнатып бермек, — деді қала әкімі.

Осы маңдағы  демалыс орындарының жалпы аумағы сулы-жасыл гүлзарды қосқанда  42 гектар. Оның  33 гектарын саябақ алып жатыр. Бұл жердегі ту мен ұзындығы  37 метрге жететін аттракциондар қаланың барлық бөлігінен көрініп тұратын болады.

Саябақтың гүлденуіне 2 миллиард теңгеге  жуық инвестиция салынған.

1 миллиарды  бюджеттен бөлінсе, қалғаны жеке компаниялардың демеушілігімен  жиналып отыр.

Саябақтың артқы жағында «Казхром» компаниясының жаңа әкімшілік ғимараты салынады. Екі секциядан тұратын ғимараттың бір жағы алты, екінші жағы жеті қабатты болмақ.  Құрылыстың жалпы алаңы 1 гектар жерді алып жатыр. Әкімшілік ғимараттың көлемі 5,5 шаршы метр.  Маңайы да қалыпқа келтіріліп, көгалдандырылып, алдына субұрқақ орнатылып, жол төселмек.

Осы жерде облыс әкімі әр кәсіпкер өзінің  алаңын  гүлдендіріп, көгалдандырып және ғимаратының маңын таза ұстауы керектігін баса айтты.

Саябақта жасалып жатқан жұмыстарға оң баға берген облыс басшысы бұл жердің өте жақсы демалыс орны болатындығын мәлімдеді.

— 1999-2001 жылдары  болашақта осы саябақтың қалпына келтірілетіні жөнінде айтқан болатынбыз. Соған бүгін қол жеткізгелі отырмыз. Бұл Қазақстандағы ең жақсы саябақтардың бірі  болуы керек. Бұл жер балалар да, ересектер де, қарттар да жақсы демалып, керемет әсер алатын орынға айналуы тиіс.

1990 жылдары кез келген жерді құрылыс алаңдары иемденіп жатқанда, қаланың ортасындағы бұл алаңның «ұстағанның қолында» кетпегені қуанарлық жағдай.  Біздің қала күннен-күнге өсіп келеді, сондықтан осындай  мәдени-демалыс  орындары көп болуы керек. Пушкин атындағы саябақтың да жаңаруы жақсы шара, — деді Елеусін Сағындықов.

Саябақ құрылысында  студенттер жасақтары да жұмыс жасап жатыр. Олардың жұмысқа деген ынтасы жақсы екен.

— Маған ауылдардан көптеген  хаттар келуде. Әйтеке би, Шалқар, басқа да аудандарда  өте жақсы жұмыстар жасалып жатыр. «Ауылдың гүлденуі —  Қазақстанның гүлденуі» марафонын  басқа аймақтарда да қолдап отыр.  Тіпті, өзге мемлекеттерден де хаттар келіп жатыр.  Бұл шара қаланы, қоршаған ортаны таза  ұстап, көркейту үшін керек. Үлкен қариялар да қалыс қалмай жастарға ақыл беріп, демеп отырулары керек.

Биыл  30 мың  жас алғашқы  еңбекақысын алады.  Мектеп оқушысы үшін алғашқы жалақы алған  сәт мәңгі есінде қалады. Өзімнің де алғашқы айлық алғаным есімде. Жұмысқа 10 жасымнан бастап араластым.  Ол кезде жаз бойғы жұмысыңа екі қап  бидай, бір арба  шөппен есептесетін еді. Алтыншы сыныпта жүргенімде  алғаш рет ақша берді.  Бір теңгелікпен бір  сөмке ақша алдым. Сол кезде анамның қуанышында шек болмады.  Менің барлық сыныптастарым да осындай жалақы алды.  Жаз бойы ерінбей, жалықпай жұмыс істейтін едік. Сол шыдамдылығым қазір де көмектесіп жүр, — дейді облыс басшысы.

Саябақтан кейін облыс әкімі мен қала әкімі Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы жер асты жолының құрылысымен танысты. Бұл жерде де қызу жұмыс  жүріп жатыр. Жер екі метр жарым тереңдікке қазылып, суы тартылып, түбіне қиыршық тас төселуде. Құрылыс тамыз айының аяғында  бітіп, халықтың  пайдалануына берілуі тиіс.

— Бұл жолды салу туралы  екі түрлі  пікір болды. Бірі жердің үстімен, екіншісі астымен салу керек деді. Жердің астында  су болғандықтан кедергі келтіреді деген пікірлер де болды. Дегенмен,  белгілі мамандар өзеннің астынан да су жолын салуға болатындығын айтты.

Болашақта қала халқы миллионға жеткенде  метро да салып қалуымыз ғажап емес. Жастарды  осы жұмыстарға  тартып, баули беру керек, — деді Елеусін Наурызбайұлы.

Кейін басшылар  Сазды өзенінің жағалауын жақсарту жұмыстарымен танысты. Өзеннің жағалауы көтеріліп, плиталар салынып жатыр.  Құрылыс жұмыстары біткен соң өзен арнасы суға толтырылып, жеті субұрқақ  іске қосылады. Өзен 5-7 метрге  кеңейген, көлемі 27-32 метр болады.

Облыс әкімі құрылыс нысандарының  жұмыстарын белгіленген  уақытта аяқтаулары қажеттігін баса айтты. Ата заңымыздың мерекесі қарсаңында  барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа нысандардың тұсауы кесіледі деп күтілуде.

Содан соң облыс және қала басшысы  көп қабатты үйлердің аулаларын аралады. 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі 13-үйдің, ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 277-үйдің және Есет батыр атындағы  көшесіндегі  103-үйдің ауласында жасалған жұмыстарды көрді. Бұл  аулаларда жол төсеніштері жөнделіп, көгалдандырылған.

Қазір қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларының  90 пайызы асфальтталып болған.129  аула  екі жарым айдың ішінде жөнделіп, көгалдандырылмақ.  Бұл жұмыстарға да студенттер тартылған. Тұрғындар да дән риза.

Олар көкейлерінде  жүрген сұрақтарын қойып үлгеріп жатты. Облыс басшысы әрбір сұраққа ықыластана жауап берді.

Жұмыс сапары  «Оңтүстік-Батыс» ауданындағы  стадион құрылысымен танысумен аяқталды.

Жалпы, қалада облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа  жаңадан 8 стадион салынады. 12-сінде жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Қосымша қаржы көздерінен тағы да 10 стадион салынбақ.

Бұл жерде Ақтөбе педагогикалық институтының  70 студенті жұмыс жасап жатыр.  Осы маңнан мектеп, балабақша, аурухана салынбақ. Бұл ауданның тұрғындары да басшыларға алғыстарын айтып, ұсыныстарын да жеткізіп жатты.

Елеусін Сағындықов келесі жылы  «Оңтүстік-Батыс» ауданына көп қаражат бөлініп, қиюы келіспей тұрған көп шаруаның иіні келетінін айтты.

— Біз барлық проблемаларды білеміз. Оларды шешу мақсатында жұмыстар жасап жатырмыз. Бастысы уақытында шешу керек. Біздің  экономикамыз дамып келеді. Экономикамен қатар, әлеуметтік сала мәселелерін де  шешіп отыру қажет. 2020 жылға дейін жақсы жетістіктерге жетеміз. Көптеген инвестициялық жобалар жасалып жатыр. Халыққа қызмет көрсетуді дамыта бермекпіз. Қала сыртындағы тұрғындар да жағдайдың дұрысталғанын сезінулері керек.

1997-1998 жылдары   қала көркейту жайында тіпті сөз де болмаған еді.  Ол кезде халыққа жалақы беру, жұмыспен қамту басты  мәселеге айналды. Қазір жағдай дұрысталды. Қазір жағдай басқа, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша  5 мың жұмыс орнын аштық, оған 2 мың жұмыс қолы жетіспейді. Жастарды  еңбекке баулу керек. Адам тек еңбектенудің арқасында ғана көп нәрсеге қол жеткізеді, — деді  қорытынды сөзінде облыс әкімі.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button