Жаңалықтар

Батырлар рухына тағзым етті 

Зерде

Биыл Ақтөбе облысының іздестіру қозғалысына 30 жыл толды. Осыған орай Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішінің алдында митинг өтті.

Митинг батырдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, облыс әкімі атынан қозғалыс өкілдеріне алғысын жеткізді.

  • Бүгінгі күні қазақ елінің терең тарихын зерттеуде өңірімізде көптеген қозғалыстар қызмет атқаруда. Солардың бірі — Ақтөбе облысында құрылған іздестіру қозғалысы. Биыл, міне, осы қозғалыстың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ел тарихын зерттеу, қалпына келтіру, іздестіру бағытында ауқымды шаралар атқарылды. Сондықтан бұл қозғалыстың осы бағытта жасаған жұмыстары жетерлік.

Біздің облыс батырлар ерлігімен ерекшеленеді. Ақтөбе — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері. Биыл Ресейде Әлия Молдағұлованың жерленген жерінде үлкен іс-шара өткізіліп, батыр рухына тағзым етілді. Сол кезде Тверь облысы Оленин ауданының азаматтары бізге үлкен қолдау көрсетті. Сол шараның жалғасы ретінде бүгін біздің облыста осындай үлкен шара ұйымдастырылып отыр. 30 жыл ішінде іздестіру тобы көп еңбек етті. Оны атап айту керек. Қаншама тарихтың беті ашылды, қалпына келтірілді. Сондықтан бүгінгі Ресейден келіп отырған қонақтарымызға облыс әкімі атынан ерекше ризашылығымды білдіремін, — деді Б.Елеусінова.

Шарада Тверь облысы Оленин ауданының басшысы Олег Дубов соңғы 12-13 жылда Ресей жерінде 3 мыңға жуық ақтөбелік жауынгердің сүйегі табылғанын, жыл сайын Жеңіс күнінде олардың рухтарына ұрпақтары тағзым етіп баратынын айтса, Мәскеу қаласындағы «Ақтөбелік жерлестер» ұйымы төрағасының орынбасары Асылбек Төлешов бұл бағыттағы жұмыстар майданда болған жауынгерлерді табуға ғана емес, екі ел арасындағы достықтың, ынтымақтастықтың сақталуына, тарих беттерін қайта ақтаруға зор ықпал ететінін жеткізді.

Шарада сондай-ақ Ресейден келген іздестіру тобының командирлері өз лебіздерін білдіріп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Айта кету керек, Ақтөбе облысының іздестіру қозғалысы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін ұлықтап, ел есінде қалдыруда үлкен жұмыс жасауда. Бұл бағытта іздестіру қозғалысы көршілес жатқан Ресей жерімен тығыз байланыс орнатқан. 30 жыл ішінде қозғалыс соғыс жылдарында із-түссіз жоғалған 3 мыңға жуық  жауынгерлерді іздеп тапқан.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button