Әлеумет

Ізгілікті із қалдырған

Зерде

Шалқар қаласының даму аймағындағы атаусыз көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының жауынгері болған Мұхамбетжан Қыдыровтың есімі берілді. Мұхамбетжан ата — 36 жыл ғана ғұмыр кешіп, артына өшпес із қалдырған, есімі еліне елеулі азаматтардың бірі. Ескерткіш белгінің ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Қонақбаев Мұхамбетжан Қыдырұлының өміржолына тоқталып, артына қалдырған ізгілікті істерін атады.

Ол 1923 жылы Шалқар ауданының Қорғантұз ауылдық кеңесінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1939 жылы жетіжылдық мектепті тәмамдағаннан кейін Ақтөбедегі педагогикалық училищеде білім алады. «Қорғантұз» колхозында есепші болып жұмыс істейді. Осы тұста әскер қатарына шақырылып, 1944 жылдың аяғына дейін Ұлы Отан соғысының майданында болып, қатардағы жауынгерден взвод командиріне дейінгі жолдан өтеді. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», басқа да бірнеше медальдарымен марапатталған. Майданнан ауыр жарақатпен еліне ерте оралғаннан кейін ауданның Шахты, Қорғантұз орта мектептерінде мұғалім болып қызмет істейді. 1952 жылы аудандық партия комитетінің лекторы болып, өмірінің ақырына дейін осында партия кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған.

«Жастайынан үлкен ортаға араласқан азаматтың өнегелі жолдарын үлгі тұтып, болашаққа насихаттау парызымыз. Ерлігі ел жадында жатталған жауынгердің есімі көшеге берілуі құптарлық іс», — деді өз сөзінде А.Қонақбаев.

Жауынгер-ұстаздың інісі Дәулетжан Қыдыров, еңбек ардагерлері Оразбай Әділбаев, Дәулетжан Елеусізов, Жоламан Құрманалиндер абзал ағаның қамқорлық істерін еске алды.

Көшедегі белгінің ашылу рәсімінен соң жауынгердің ұрпақтары қаладағы үлкен мейрамханада қонақасы берді.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button