Жаңалықтар

Ұлы би мүсіні — туған өңірінде

Ұлы ойшыл, орақ тілді шешен, көріпкел әулие Мөңке Тілеуұлы туралы аңыз-әпсаналар ұрпақтан ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге жетті. Жазушылар мен ғалымдардың, журналистердің, жалпы жұртшылықтың биік мінбелерде, мерзімдік басылымдарда жұмыла қимылдап, ой қозғауы нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясының ұйғарымы негізінде Шалқар ауданындағы Қайыр ауылы Мөңке би есіміне өзгертілді.

Облыс орталығында «Мөңке би Тілеуұлы – дана ойшыл, әйгілі жырау, кемеңгер би» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, Әбілқайыр хан даңғылы мен 101-атқыштар бригадасы көшесінің қиылысындағы алаңда ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. 2006 жылы тарихи тұлға есімі берілген ауылда (Шалқар ауданы) баба рухына тағзым ету ретінде ас берілді, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және ақындар айтысы ұйымдастырылды, жұртшылық өнер ұжымдарының концертін тамашалады.

Сол бір қуанышты күндерде ұлы ойшыл мүсінін өзінің есімімен атылатын өңірде орнату жөнінде идея ортаға салынды. Игілікті шаруаның таяу күндерде жүзеге асырылғалы тұрғанын естіп, мәселенің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі, қайырымдылық шараларымен көзге түскен кәсіпкер Еркін Ержанұлына жолығып, сұхбаттасқанымызда былай деді:

— Көптен ойда жүрген жұмысты тікелей қолға алып, жүзеге асырған – Тілеу батырдың ұрпақтары. Ықылас білдірген адамдардың өз еркімен жинақтаған қаржысын осы иігілікті іске жұмсадық. Мүсінді Қордайдың гранитінен суретші Сағынтай Әлімбетовтің портреті негізінде Алтай Бейсенов пен Бақытжан Қосанов жасады. Тұғырдың биіктігі – 2 метр 20 сантиметр, үстіне орнатылатын мүсін биіктігі 95 сантиметр, жалпы салмағы төрт тонна.

Тұрғылықты халық арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуді Сағитжан Серікбайұлы, Аманғазы Бақтыбаев, Бақытжан Ержанов міндетіне алып, алғашқылар санатында қаржылай үлес қосты, оларға Жоламан Алдияров, Жұманазар Асанов және басқалары қолдау жасады. Ескерткіш орнатылатын орынға ауыл ортасында жаңадан ашылған демалыс саябағы ыңғайлы деген шешімге келдік. Айта кету керек, жаңа саябақты елді мекенде Мұханбетқазы Тәжин атындағы орта мектепті жиырма жыл бұрын бітірген түлектер «Туған жерге тағзым» аясында өз күшімен жасап, жабдықтаған болатын.

Ақылдастар алқасы ескерткіштің салтанатпен ашылуын қазан айының 19-ы, 20-сы күндеріне белгіледі.

Мәдени-спорттық шараларда жеңімпаздар мен белсене қатысқан адамдарды марапаттау шаралары жүргізіледі.

Орайы келгенде айтайын – бұған дейін бабамызды ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде ұйымдастырылған шаруалардың басы-қасында ел сыйлаған азаматтар Кемейдулла Төлеубай, Сматолла Беркімбаев, Болат Тәмпенов, Жансерік Садақбайұлы, Есенғали Жүгінісов және басқалары жүрді.

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ.

МӨҢКЕ БИ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛАДЫ

 Шалқар ауданының бұрынғы Қайыр, қазіргі Мөңке би ауылында халыққа белгілі танымал тұлғаның ескерткіші ашылуы рәсімі өтеді.

19 қазан күні кешкі 18.00 сағатта ауылдағы мейрамханада қонақасы ұйымдастырылады. Негізгі шара 20 қазан күні, яғни сенбіде мынадай ретпен жүргізіледі: сағат 9.00 – Мөңке би ескерткішінің ашылуы; сағат 09.30 – 10.30 – даңқты тұлғаға арналған ғылми конференция; сағат 10.30-дан 12.30-ге дейінгі аралықта – ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, шаралар; 12.30-14.30 аралығында – ұлы баба рухына ас беру; сағат 14.30-да – аламан бәйге. Қонақтарды шығарып салу – сағат 17.00-де.

 Ұйымдастыру алқасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button