Жаңалықтар

Білімнің бастауы — балабақшада

Тәрбие мен білім негізі ең алдымен отбасынан, содан соң балабақшадан басталады. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында сапаны жақсартуға көңіл бөлу керек. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды. «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.

Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда», — деді Президент.

№49 «Думан» бөбекжай-балабақшасы Елбасының осы бастамасына ой қосу мақсатында, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау аясында «Кітап әлемге жол ашады» атты шара ұйымдастырды. Оған балабақша қызметкерлерімен бірге С.Бәйішев атындығы облыстық кітапхана қызметкерлері де қатысты. Келешек ұрпақты саналы да сауатты тәрбиелеу  — мектепке дейін ұйым ұстаздарының басты парызы. Ұстаздық ұлы жолдың қазынасы — кітап. Кітапхана қызметкерлерімен өткізілген осы мәдени іс-шарада Елбасының Жолдауында айтылған 4К моделін енгізу бағытында істелетін жұмыстар да сараланды.

Жолдауда бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігі айтылып, Президент Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керектігін тапсырды. Бұл бағытта мектепке дейінгі ұйым ұстаздарына қойылатын талаптардың артып, жауапкершілігі жоғарылай түсетіні айқын.

Ақалтын ОРЫНБАСАРОВА,

№49 «Думан» бөбекжай-балабақшасының қазақ тіл маманы.

Ақтөбе қаласы.

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ЖӘНЕ ЖАҢАША БЕТБҰРЫС  

 Көпшілік назарына ұсынылған Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы қоғамға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бұл құжатта ел экономикасын дамыту, заманға сай өркендеу сынды тың мәселелер қозғалды. Ең бастысы — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында әр саланы қамтып, жүйелі жұмыс жасауға негізделген бұл Жолдауда білім беру саласына жаңаша бетбұрыс орнатуға ерекше басымдық берілді.

Белгілі ағартушы Жүсіпбек Аймауытов: «Балаларға сабақ берумен, білім үйретумен мұғалімнің қызметі тәмам болмайды. Ол балаларды тәрбиелеуге, үгіттеуге міндетті, басқаша айтқанда, мұғалім қарапайым қызметкер емес, ол — шәкірттерінің алдағы өмірін, бір күндері зарығатын, тарығатын, қауіп-қатерге ұшырайтын өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, оларға келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп өкінбеске күні бұрын сақтандыратын қорғаушысы, қамқорың», — деп ұстаз қызметін осылайша сипаттаған болатын.

Бүгінгі күндегі  мұғалім беделінің жайы қоғамда мемлекеттік мәселе ретінде қарастырылуы қуанарлық жағдай.  Қай уақытта да төрдегі орын мұғалімдікі болып саналатын киелі мамандықтың беделі түскен емес және түспейді де. Елбасының кезекті Жолдауында: «…Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын», —  деген бірауыз сөзі мұғалімдер қауымына ерекше әсер еткені сөзсіз. Мемлекетіміздің білім саласын дамытудағы, оның ішінде мұғалім мәртебесін көтерудегі мұндай қамқорлығы мен осы бағыттағы іс-шаралар педагог қауымының алдағы дамуына айқын көрсеткіш бола алады. Демек, мұғалім мәртебесін көтеруде көптеген іс-шаралар жоспарланары сөзсіз. Бұл орайда ең бастысы — мұғалімнің әлеуеттік және  кәсіби деңгейінің дайындығы жоғары болуы тиіс.

Жолдауда мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылып, бұл саладағы мамандардың жүктемесін азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау мәселесі әңгіме болды.

Болашақ қабылданатын заңда мұғалімдердің кәсіби шеберлік әлеуетін дамытуға негізделген міндеттер қоюмен қатар, олардың рухани-әлеуеттік адами қасиетіне көбірек көңіл бөлінсе деймін. Өйткені, мұғалім беделі оның санаты мен авторлық бағдарлама жасап, байқаулар үздігі атануымен ғана көтерілмейді, оларға рухани қолдаудың маңызы зор.  Сондықтан  мұғалім мәртебесін асқақтату жолында қабылданатын жаңа заң ұстаздар қауымының үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Айгүл ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,

ғалым педагог.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button