Басты жаңалықтарЖастар

2019 жыл — жастар жылы. Ақтөбелік қыз-жігіттердің жағдайы қалай?

Жолдау

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:

табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан.

Өткен аптада Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кезекті рет жастарға ерекше көңіл бөліп, алдағы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау керектігін атап өтті. Осы орайда біз облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовпен сұхбаттасып, ақтөбелік қыз-жігіттердің көбіне-көп қай салада еңбек ететінін, олардың құқығы қалай қорғалып жатқанын, сондай-ақ, жаппай құрылып жатқан жастар кеңесінің атқарып жатқан жұмысы туралы білген едік. Белсенді топтар мен арнаулы есепте тұрғандар да әңгіме өзегіне айналды. Сонымен…

— Алдымен ақтөбелік жастың портретін жасасақ. Қоғамның басты қозғаушы күші негізінен қай салада тер төгіп жүр?

— Көпшілігі қызмет көрсету, кен өңдіру, тауар өңдіру салаларында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың да саны жыл санап артып келеді. Жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейіне келетін болсақ, бұл 3,1 пайызды құрап отыр. Ал республикадағы жалпы көрсеткіш — 4,1 пайыз.

— Олардың құқығы қорғалған ба?

— Жастардың құқықтарының және заңды мүдделерінің қорғалуы — мемлекеттің қатаң бақылауындағы мәселе десем, артық айтқанымыз болмас. Біздің басқарманың қайта құрылуы да осы мақсатты көздегеннен болар.

Қазіргі таңда жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алушылардың заңды мүдделерін қорғайтын жастар істері жөніндегі комитеттермен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Жуырда облыс әкімінің төрағалығымен Жастар кеңесін өткізіп, бірталай қордаланып қалған мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылдадық.

Сонымен қатар, өндірістегі жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін арнайы басқосулар ұйымдастырылып, соның нәтижесінде алғашқылардың бірі болып «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында кеңес құрылды.

— Сөзіңіз аузыңызда, көптеген ірі компаниялар мен кәсіпорындарда жастар кеңесі жұмысын енді бастап жатқаны белгілі. Бұл ұйымдарға шағым айтып, көмек сұрап келген жас мамандар кездесті ме?

— Өндірісте қызмет ететіндердің негізгі күрделі мәселелерін осы жастар кеңесі мен кәсіподақ бірігіп отырып шешетін болады. Бұл ұжымдық келісімшартта да нақты көрсетілген. Сондықтан қабылданған актілерге, заң талаптарына сай қызмет етіп, барлық күрделі деген мәселелер бірлесе шешіледі деп ойлаймын. Әзірге бізге арызданғандар жоқ.

— Ал «тәртібі қиын», арнайы  есепте тұрғандардың саны қанша?

— Ондай жастарымыз да бар. Олармен жұмыс жоспарлы түрде, жан-жақты сарапталып, жүзеге асырылуда. Осы жылдың I жартыжылдығындағы көрсеткішке келетін болсақ, өңірдегі жастардың 6,2 пайызы аталған санатқа кіреді. Биыл Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы аясында сол топтағы қыз-жігіттер үшін Алматы қаласында арнайы лагерь ұйымдастырылып, оған Ақтөбе өңірінің делегациясы барып қайтқанын айта кетейін.

— Осы орайда өткен айда қоғамдық тәртіпті сақтауға мүдделі «Жас сақшы» жасағының құрылғанына куә болдық. Нәтиже бар ма?

— «Жас сақшы» жастарды жұмылдыруға, қоғамның дамуына үлес қосуға арналған жоба деп айта аламыз. Себебі белсенділер бірлесе жатақханаларды аралап, өздері сияқты студенттердің заңды мүдделерінің сақталуына, кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта көшеде, түнгі клубта жүрмеуіне бағытталған іс-шараларға атсалысатын болса, бұл қоғамның дамуына, қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алуға себепкер болады деген сенімдемін. Қазіргі күні сақшылар құрамына өңіріміздің барлық дерлік жоғары оқу орындарынан, кейбір арнаулы орта оқу орындарынан студенттер кіріп, жоспарлы жұмыс жергілікті полиция бөлімімен, қоғамдық ұйымдармен жүргізілу үстінде. Олар рейдке шығып, қоғамдық тәртіптің сақталуына өз жәрдемін тигізеді. Оның нәтижесі көп ұзамай белгілі болар.

— Ақтөбеде тағы да бір белсенді топ — еріктілердің барын білеміз. 20 еріктілер тобының қызметі қандай деңгейде?

— Өзіңіз айтып өткендей, 20 ұйым мыңнан астам белсенді азаматтың басын біріктіріп отыр. Бұл волонтерлік ұйымдардың негізгі бағыты — қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік жобаларға  қатысу. Еріктілер ұйымдарының 8-і облыс орталығында болса, өзге 12-сі аудандарда қызмет атқарады.

Облыстық жастар саясаты басқармасының бастамасымен өңірлік волонтерлық ұйымдардың ассоциациясын құру мәселесі қолға алынды. Жуырда Алматы қаласында ТМД елдерінің белсенді жастарының форумы аясында ақтөбелік  делегация «Ұлттық волонтерлық жүйе» қоғамдық ұйымдар ассоциациясының төрайымы Татьяна Миронюкпен кездесіп, алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасау жөнінде келісімге келді. Іле-шала аталмыш ұйым тарапынан II республикалық еріктілер форумын Ақтөбеде өткізу туралы ұсыныс келіп түсті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ресми дерекке сүйенсек, облыста 208237 жас бар. 14-29 жас аралығындағы олардың 63 пайызы қалада тұрса, қалғаны ауылдық жерлерде қоныстанған.

— Облыста 6 жоғары, 45 орта арнаулы оқу орындары бар екенін ескерсек, студенттердің саны біршама деуге болады. Оларға сіз жетекшілік ететін басқарма тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

— Басқарма ашылған сәттен бастап жоғары, арнаулы орта оқу орындарының басшылығымен байланыс орнатып жатырмыз. Жастар істері жөніндегі комитеттер жаңа оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бізге ұсынып, барлығымыз бірге оны талқылап, студенттердің білім алуымен қатар, өзінің бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі, олардың заңды мүдделерінің қорғалуы, тиісті жағдайдың жасалуы мәселелеріне баса назар аударып отырмыз. Сол себепті, қажетті қолдау жайы енді пысықталатын болады.

— Бос уақыт демекші,  «демалыс күндері баратын жер таппаймыз», «жастардың сейіл құрып, уақытын көңілді өткізуі үшін ешқандай орталық жоқ» дейтіндер аз емес. Бұл пікірмен келісесіз бе?

— Облыс орталығындағы тұрғындар саны қазіргі таңда 500 мың адамға жетіп отыр. Бұл көрсеткішті миллионға жеткізу бағытында көптеген жоспарлы іс-шаралар қолға алынды. Жаңа әлеуметтік, мәдени, спорт, өнер саласындағы ғимараттар бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуде. Жастардың уақытын тиімді өткізу үшін түрлі санаттағы театрлар мен кітапханалар жұмыс жасайтындығын ескерсек, бұл әркімнің жеке таңдауы деп ойлаймын. Сондықтан әр жас тек қана көңіл көтеру емес, оны рухани жағынан байытатын мәселелерге де аса назар аудару қажет деп есептеймін.

Сонымен қатар, біздің басқарма отырған ғимаратта коворкинг орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қажетті жиһазды демеушілер есебінен сатып алу бойынша жұмыс басталып, сымсыз ғаламтор орнатылды. Мұнымен бірге, қоғамдық ұйымдардың қолдауымен қазақ-ағылшын тілдеріндегі шағын театр ашу ойда бар. Ол туралы кейін толығырақ айтып беретін боламын.

— Жас отбасылардың несиеге үй алуына мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп жатыр. Облыстағы бұған қатысты жүзеге асқан жобалар, жастарға жасалған тиімді ұсыныстарға кеңірек тоқталсаңыз.

— Иә, мемлекет тарапынан азаматтарға, соның ішінде жастарға тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары аясында қаламыздың «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 деп аталатын шағын аудандарынан мыңдаған пәтерлер салынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты барлық дерлік құрылыс компаниялары мен екінші деңгейлі банктер қолдап, қазіргі күні баспана мәселесіне мықтап көңіл бөлінуде. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы да пәтер сатып алуға, ақша жинауға ынталандыратын жағдайлар жасалған. Мысалы, тапқан қаржысын жинап, аталмыш банк арқылы баспанаға ие болған жас отбасылардың бірі — Әбішевтер отбасын айта аламын. Жас отбасы 2 жыл көлемінде банктің тұрақты салымшысы болып, соның арқасында наурыз айында жаңа баспанаға кірді. Отағасы Дарын мен оның жары Гүлжаһан баспанасын одан әрі кеңейту мақсатында алдағы уақытта аталмыш бағдарлама арқылы «Нұр сити-4» шағын ауданынан тағы да бір баспана алуды жоспарлап отыр. Осы орайда әйгілі Джон Рокфеллердің «Менің қандай нәрседен рахаттанатынымды білесіз бе? Жұмсаған күш-жігерімнің пайда алып келгенін көруден» деген сөзі еске түседі…

Нұрлан Жеткергенұлы, сұхбат соңында жақында қайта құрылған облыстық жастар саясаты басқармасының қызметі, ондағы мамандар, жастар ресурстық орталығы жөнінде айта кетсеңіз.

— Басқармадағы 8, облыстық жастар ресурстық орталығындағы он шақты маманмен және аудандағы өкілдіктерімізбен барлық мәселелерді, бастамалар мен ұсыныстарды бірге талқылап, қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз. Бұл ортақ жұмыс өз нәтижесін беретіндігіне сенімім кәміл.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button