Экономика

Нетворкинг кездесудің бизнестегілерге пайдасы қандай?

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу — табыс кепілі. Әсіресе, бизнес саласында «адамның күні адаммен» деген сөз тіркесі өте өзекті. Себебі, бизнесте мәселелер жақсы байланыстар болған жағдайда ғана жылдам шешіледі. Кәсібіңді жүргізуде қажетті байланыстар орнату үшін серіктестерді қайдан табуға болады?

Бұл үшін бизнес қоғамының арасында нетворкинг кездесулер өткізудің пайдасы зор.

Нетворкинг — іскерлік қарым-қатынастың шеберлігі. Яғни, өз кезегінде сіздің идеяларыңыз, жобаларыңыз бен дағдыларыңызға қызығушылық танытатын көп адамға арналған іскерлік байланыстардың кең желісі. Ақтөбеде осындай басқосуларды «АртЛаб» халықаралық көркемсурет галереясының басшысы Марина Деркач ұйымдастырады. Кездесу еркін форматта, М. Деркачтың өнер туындыларының арт-галереясы аясында өтеді. Оның әр аптаның жұма күні облыс орталығындағы «Байтау» қонақ үйінің мәжіліс залында өткізетін мұндай кештеріне белгілі және өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, сондай-ақ, өңірдегі бизнесті дамыту мәселелерімен түрлі деңгейде айналысып жүрген мекеме өкілдері қатысады.

Нетворкингке пікірлестер, бірге жұмыс істегісі келетін жандар жиналады. Өмірде де,  бизнесте де басыңа іс түспей тұрып, тиімді қарым-қатынас орната білудің маңызы зор. Осындай креативті кездесулерде күнделікті бетперде шешіліп, адамның жан-дүниесі ашыла түседі. Біздің мақсатымыз — бизнес өкілдерінің арасында достық қарым-қатынас орнату, — дейді Марина Деркач.

Мамандардың айтуынша, тараптар арасында мұндай кездесулер өз нәтижесін бере бастапты. Кәсіпкерлер нетворкинг кездесулерді өздері іздеп келетін жағдайға жеткен. Бұл жолы М.Деркач кезекті кездесуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановты шақырыпты. Қатысушыларға  өңірлік кәсіпкерлер палатасының директорымен жақын танысумен қатар, бизнесті дамыту туралы қажетті кеңес алудың сәті түскен.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы бизнес-тренинг өткізу барысында адамның бизнесте мол табысқа қол жеткізуіне кедергі келтіретін мәселелер төңірегінде өз пікірімен бөлісті. Бірлескен талқылау нәтижесінде оған көбіне адам бойындағы еріншектік, сараңдық пен өзімшілдік сияқты жағымсыз әдеттердің тосқауыл болатыны анықталыпты. Емен-жарқын атмосферада өткен кездесуде кәсіпкерлерді қолдау механизмдері туралы да құнды деректер айтылды. Н.Мұқанов жиналғандарды палатада кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтермен таныстырып өтті.

Нетворкинг кездесуден өзіме қажетті мәліметтер мен кеңес алдым. Бірсыпыра адаммен жақын таныса түстім. Мұндай кездесулер өз мүмкіндіктеріңді анықтап, қабілетіңді шыңдау үшін қажет. Кәсіпкерлердің басын біріктіретін осындай жиындар көп болса дейміз, — дейді «Сана-зер» даярлық орталығының басшысы Әйгерім Аймағамбетова.

Сонымен қатар, кездесуде кәсіпкерлерге арналған 2Gis қосымшасының артықшылықтары туралы түсіндірілді. 2Gis қосымшасы — ғиматтардың мекен-жайын анықтауға, компаниялар, кеңселер, орталықтардың байланыс нөмірлерін алып, олармен хат алмасуға, қоғамдық көліктердің бағыттарын анықтауға, қай жерде тұрғаныңызды білуге, көлік кептелісін бақылауға көмектеседі. Бүгінгі күні мұндай қосымша еліміздің ірі қалаларында кеңінен қолданылып жүр. Қазір бұл қосымшаға Ақтөбедегі 10 мыңнан аса ұйым мен заңды тұлғалар туралы мәлімет енгізілген. Қазірдің өзінде бұл қосымшаны  сексен мыңнан астам ақтөбелік пайдаланады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button