Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Халықтың тұрмысын жақсарту үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек

Жолдау

Өткен сенбіде облыс әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс активінің отырысы өтті. Оған облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Келер жылы облыста 38 мың адамның жалақысы 1,5 есеге артады

Активте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі мен маңызы туралы айта келіп, облыстың былтырғы жылғы әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

— Биылғы жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша өңірдегі экономиканың даму қарқыны 5 пайыздың көлемінде болып отыр. Біз бұл көрсеткішті әрі қарай дамытуымыз керек. Облыстың барлық мүмкіндігін, әлеуетін пайдалана отырып, биылғы жылды 5 пайызбен аяқтауымыз керек. Сол кезде біз Мемлекет басшысының тапсырмасын толығымен орындаймыз. Сондай-ақ Жолдауда көрсетілген әлеуметтік мәселелерді шешуде барлық мүмкіндіктерді жасаймыз. Ендігі мәселе — халықтың тұрмыс сапасы, яғни жалақы мәселесі. Қазір облыста жалақының өсу көрсеткіші — 109 пайыз. Бұл республикада жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Біз биыл жыл басында облыстағы барлық компаниялардың, кәсіпорындардың басшыларымен кездесіп, жалақыны көбейту туралы меморандумға қол қойдық. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады. Сондай-ақ адам өмірінің сапасына әсер ететін көрсеткіштердің бірі — баға, инфляция. 9 айдың қорытындысы бойынша облыстағы инфляцияның көлемі — 102,8 пайыз. Бұл да республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ендігі мақсат — өңірдегі барлық кәсіпорындар мен шаруашылықтардың басшылары осы бағытта өз жұмыстарын жалғастыруы керек. Сонда ғана халықтың жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасалатын болады, — деген облыс әкімі келер жылдан бастап облыста 38 мың тұрғынның, оның ішінде 20 мыңға жуық бюджеттік сала қызметкерінің жалақысы 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді.

  • Жолдауда айтылған негізгі бағыттардың бірі — кәсіпкерлік саласының дамуына жағдай жасау. Бұл мақсатта елімізде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Кәсіпкерлерге бұл бағдарламаның маңызы зор. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін біз 2,5 миллиард теңге алуымыз керек. Биыл сәуір айында осы бағдарлама бойынша 5 миллиард теңге алғанбыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту үшін бизнес саласына жауапты облыс әкімінің орынбасарлары мен мекеме басшылары тиісті жұмыстарды атқаруы керек.

Келесі мәселе — бәсекелестікті дамыту. Бұл мақсатта алдағы уақытта халыққа қажет өнімдерді көбірек шығаруымыз керек. Осы тұрғыдағы мәселенің бірі тариф мәселесі. Президент тапсырмасы бойынша өңірде экономика саласында бәсекелестікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялар қызметіне тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту қажет. Тұтынушылар өз қаражаттарының қайда жұмсалып жатқанын нақты білулері керек. Сондай-ақ монополистер өздеріне тиесілі бастамашыл міндеттерді алға тарта отырып, тарифтің инвестициялық шығындарын тұтынушылардың мойындарына іледі. Мұндай тәжірибе тоқтатылуы тиіс, — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс басшысы алдағы уақытта көрші мемлекеттермен ынтымақтастық байланысты нығайту, сол арқылы сауда-саттықты дамыту қажеттігін атап өтті.

Жол бойы сервисі қолға алынады

Жиында облыс басшысы аудан әкімдеріне Елбасы Жолдауында айтылған көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырып, нақты тапсырмалар жүктеді.

— Ақтөбе облысы — көлік-логистика жүйесін дамытуда қолайлы өңір. Себебі біздің облыс аумағында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай», Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Атырау автокөлік жолдары орналасқан. Мәселен, Ақтөбе-Орск автокөлік жолы Қарғалы ауданының аумағында жатыр. Алайда бұл ауданда жол бойы сервисі дамымаған. Жол бойында жолаушылар тамақтанатын, не көлігін жөндейтін қызмет көрсету орны жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта дамытуымыз керек. Бұл жұмыстарды Ақтөбе-Атырау жолының бойында орналасқан Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарында да дамытуымыз керек. Аудан әкімдері сол жолды салып жатқан компаниялардың мүмкіндігін пайдалануы керек. Себебі бұл автокөлік жолымен күніне 10-15 мың машина өтеді. Сондықтан алдағы уақытта аталған автокөлік жолдарының бойынан 30-40 шақырым сайын қызмет көрсету сервистерін салу керек, — деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Елбасының қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап облыста суармалы жерлерді көбейту керектігін атап өтті.

  • Біздің облыс — ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңір. Бүгінгі күні облыста 25 миллион гектар жайылымдық жер бар. Алайда облыс аудандарында суармалы жерлерді игеру бойынша көрсеткіштер төмен. Сол үшін жыл сайын аудандар суармалы жерлерді 8-10 гектарға көбейтуі керек. Облыста екі жылдан кейін ең кем дегенде 50 мың гектар суармалы жер игерілуі тиіс. Ал одан кейін бұл көрсеткішті 100 мың гектарға жеткізу міндеті тұр. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімдері осы бағытта жүйелі жұмыс жасап, ауыл тұрғындарын осы салаға тартуы қажет, — деген облыс басшысы көктемде мал шаруашылығы саласында субсидия беруді тоқтату керектігін жеткізді. Оның айтуынша, мал шаруашылығына берілетін субсидияны облыстағы «АкТеп» «Айс», «Степной» сияқты ірі шаруашылықтарға беру керек. Себебі ұсақ шаруашылықтар субсидия алғанымен, мол өнім ала алмайды.

Мақсат — білім сапасы мен мамандардың кәсіби деңгейін арттыру

Жиында облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдерін Елбасының экспорт әлеуетін көтеру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, бағаның негізсіз көтерілуі мен инфляцияға жол бермеу, сондай-ақ мұғалімдердің мәртебесін көтеру, сапалы білім беру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, бұқаралық спортты дамыту, елді мекендерді абаттандыру, халықты сапасыз әрі адам денсаулығы мен өміріне зиян тауарлар мен қызметтерден қорғау, т.б. туралы тапсырмаларын орындау үшін бар мүмкіндікті пайдаланып, жүйелі жұмыс жасауға шақырды.

  • Елбасының Жолдауындағы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары бірлесе, нәтижелі жұмыс жасауы керек. Елбасы айтқандай, облыстағы мектептердің, оның ішінде жеке мектептердің саны артуы керек. Егер біз осы салаға кәсіпкерлерді тартатын болсақ, сонда жақсы нәтиже болады. Сондай-ақ білім саласы бойынша апатты, үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін түбегейлі шешуіміз керек. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігімен жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі күні облыста балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші — 98 пайыз. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуіміз керек. Сондай-ақ алдағы уақытта облыстағы оқу орындарына Назарбаев Университетінің тәжірибесін пайдалана отырып, жаңа технологиялармен жан-жақты жұмыс жасауды қолға алуымыз керек. Бұл оқушылардың білім сапасын, оқуға деген қызығушылығын арттырады. Ал денсаулық сақтау саласына келсек, алдымен облыста дәрігерлердің сапасын арттыруымыз керек. Бүгінге дейін оларға материалдық-техникалық базаны жасақтап бердік, енді олардың кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында жан-жақты жұмыс жасауымыз керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыстағы үш ауданда спорт кешені жоқ. Сондай-ақ кейбір елді мекендерде әлі күнге дейін спорт, футбол алаңдары салынбаған. Осыған байланысты облыс басшысы аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, келер жылы аудан, ауылдарда спорт алаңдарын салу үшін кәсіпкерлер мен демеушілерді тарту керектігін жеткізді.

  • Егер ауылдарда спорт алаңы, Мәдениет үйі, кітапхана болмаса, балалар, жастар қайда барады?! Содан келіп қылмыс жасау, бұзақылық деректері көбейеді. Сол үшін, Мемлекет басшысы айтқандай, жастарға жан-жақты жағдай жасауымыз керек. Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Сондықтан жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау үшін бұл бағытта қарқынды жұмыстар атқарылуы қажет, — деген Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевке нақты тапсырмалар берді.

 «7-20-25» бағдарламасы: субсидия және жеңілдік

Жиында облыс басшысы бүгінгі күні өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы табысты іске асырылып жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта «7-20-25» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар атқарылу керектігін жеткізді.

Президенттің биылғы Жолдаудағы бастамалары алдындағылар секілді азаматтардың баспаналы болу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. «7-20-25» бағдарламасы аясында біздің облыста бастапқы жарнаны бюджеттің 2 миллиард теңге көлеміндегі субсидиясы есебінен 10 пайызға дейін төмендету шешімі қабылданды. Сондықтан жауапты тұлғаларға субсидия беру механизмін әзірлеуді жылдамдатуды және үдерісті орындауға көшуді тапсырамын, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметкерлерді тұрғындармен кері байланысты күшейтуге, формализм мен бюрократизмді жоюға шақырды, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің тұрғындармен тікелей байланысын мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру есебінен төмендету қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келер жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, 2020 жылы кем дегенде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуі тиіс. Бүгінде біздің облыста мемлекеттік қызметтердің 85 пайызы электронды форматта көрсетіледі.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы:

  • Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға 1,5 триллион теңге аударылады. Бұл — қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға барынша тиімді жұмсауымызды қажет ететін үлкен қаражат. Сондықтан алдағы уақытта ел сенімін ақтайтындай, бірлесе, жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Ең негізгісі, халықтың тұрмысын жақсарту үшін қолда бар мүмкіндіктердің барлығын пайдалануымыз керек, — деді.

Жиын соңында облыста әр салада еңбек етіп жүрген бір топ қызметкер мен белсенді жастар Елбасы Жолдауында айтылған міндеттер жайында өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе қаласындағы №17 мектеп-гимназияның физика және информатика пәнінің мұғалімі Оксана Сахртдинова, «Семейный врач и Ко» клиникасының басшысы Людмила Покотило, жас кәсіпкер Ақбота Омарғалиева, т.б. бар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button