Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбеде мұз сарайы ашылып, хоккей командасы құрылды

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында облыс әкімдігінің және Қазақстан хоккей федерациясының бастамасымен Мұз сарайы ашылып, «Ақтөбе» жастар хоккей командасы құрылды. Жексенбі күні ҚР жастар чемпионаты аясында ақтөбелік хоккейшілердің алғашқы ойыны өтті.

Мұз сарайының ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала тұрғындарын құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Бүгін — тарихи күн. 28 жылдан кейін тұңғыш рет ақтөбеліктер Қазақстанның жастар хоккей лигасына қатысып отыр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Бүгінде қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым деңгейі жақсы дамып келеді.

Бұған дейін де қалада «Олимп» хоккей модулі пайдалануға берілді. Онда қазір 900-ге жуық бала қысқы спорт түрлерімен айналысады. Жақында Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, онда бұқаралық спортты әрі қарай дамыту және заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу міндетін қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, — деді облыс әкімі.

Мұз сарайының жалпы құны — 3,7 миллиард теңге. Оның 70 пайызын словакиялық «H+H TECHNIKА» инвесторлары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржыландырған.

— Дүние жүзіне отыздан аса кәсіби мұз айдынын салдық, бұл біздің Қазақстандағы алғашқы жобамыз. Бұл арена дүниежүзілік технологияларға толықтай сай келеді, тіпті әлем чемпионатын өткізуге де болады. Біз 1993 жылдан бастап, қажетті жабдықтарды өзіміз өндіріп, шығарып келеміз. Технологиялар жыл сайын жақсаруда. Мұнда орнатылған жабдықтар мұз температурасын бақылауға мүмкіндік береді. Біз сондай-ақ «Ақтөбе» хоккей командасының құрылуына ықпал етіп, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, бұған дейін «Ертіс» хоккей командасын жаттықтырған Юлиус Пензесті Словакиядан бас жаттықтырушы болуға шақырдық, — деді «H+H TECHNIKА» құрылтайшыларының бірі Ян Хован.

Мұз алаңы жыл сайын тек хоккейден ғана емес, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанау, баскетбол, шағын футбол, бокс, үлкен теннис, гимнастикадан да кәсіби жарыстар өткізуге, сондай-ақ, мәдени ойын-сауық шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Спорт кешенінің жалпы аумағы — 8500 шаршы метр. 2500-ден аса көрерменге арналған орын бар .

Мұз сарайының есігі тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, сонымен бірге әуесқойларға және конькимен жаппай сырғанауға қатысқысы келетіндерге де ашық. Кешенде алаңнан бөлек, мәжіліс залы, жаттығу залдары, кеңселер, спорт тауарларын сататын дүкен мен кафе бар.

Мұз сарайының ашылуына орай хоккейден ҚР жастар чемпионаты аясында «Ақтөбе» мен Петропавлдың «Құлагер» хоккей командалары арасында кездесу өтті.

Жарыс нәтижесі ақтөбелік хоккейшілердің жеңісімен, 7:1 есебімен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button