Жаңалықтар

Елорданың жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесі енгізілуде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін пайдалануды тапсырды. Осы міндетті орындау мақсатында облыста «Ақтөбе — құтты мекен» жобасы жасалып, бекітілді.

Жобаның басты үйлестірушілері — облыс әкімі аппараты мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаменті.

— «Ақтөбе — құтты мекен» негізіне «Астана — адалдық алаңы» жобасы алынды. Ол жобалық менеджмент көмегімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізуге бағытталған. Жобалық офис облыс әкімшілігінің және мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің қызметкерлерінен құрылымдалды. Сондай-ақ сараптамалық қауымдастық — қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер тартылатын болады, — деп хабарлады облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Архат Байқазақов тұсаукесер барысында.

Жоба нақты ұсыныстар жасаумен және олардың орындалуына бақылау жасаумен әкімшіліктің барлық құрылымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді сыртқы талдау жасау формасында жүзеге асатын болады. Жобалық топ бірінші кезекте жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасайтын болады.

Жобалық офис қызметінің басты мақсаты — тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты, әкімшілік кедергілерді қысқарту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызмет сапасын және халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыру.

— Сыбайлас жемқорлықты жою — Президенттің негізгі тапсырмаларының бірі. «Ақтөбе — құтты мекен» жобасы сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар барлық салаларды, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу салаларын қамтуы тиіс. Ең бастысы — жұмыста формалдылыққа жол берілмеуі керек. Барлық мемлекеттік органдар жобаны сапалы түрде жүзеге асыруға мүдделі болуы тиіс. Біз сонда ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, — деп атап көрсетті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ақтөбе — құтты мекен» жобасы аясында бірінші басшылардың сыбайластық құқықбұзушылықтар және бағынышты қызметкерлерінің елеулі тәртіптік теріс қылықтары үшін дербес жауапкершілігін күшейтетін құжат әзірленді. Бүгінгі күні оған 250-ден астам басшылық буындағы мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдері, басқарма басшылары бар, қол қойды. Олардың қатарына мектептердің, коллеждердің директорлары, медициналық мекемелердің басшылары, т.б. қосылады деп күтілуде.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдай талқыланды. Бұл тақырыпта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Расул Медетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов талдау жасады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button