Спорт

Оле, Оле, Оле…

Сан мыңдаған адамды теледидар алдына телмірткен әлем чемпионаты сәл сылбырлау басталды. Тізгінқағар кездесуде ОАР мен Мексика 1:1 есебімен бейбіт тарасты. Сол күні күш байқасқан Уругвай мен Франция кездесуінде есеп ашылған жоқ.

Ертеңіне оңтүстіккореялық аяқдопшылар тасқамал қорғанысымен мақтанатын гректердің «қалпағын қайырып» жіберді. Есеп 2:0. Кіл жұлдыздардан тұратын Аргентина 1:0 есебімен нигериялықтарды «өкпелетті». Дегенмен марғасқа Марадона баптайтын аргентиналықтар өз ойын өрнегін таба алмаған сықылды болып көрінді де тұрды.

Үшінші күні Англия мен АҚШ алаңға шықты. 1:0 есебімен ұтып жатқан Англияның қақпашысы Роберт Грин американдық Демпсидің әлсіз ғана соққысын жіберіп алып, қас масқара болды. Енді ол: «Қатемді толық мойындаймын, тіпті бас бапкер негізгі құрамға қоспай қойса да түк ренішім жоқ. Әгәрәки, сенім білдіріп жатса, айыбымды жуу үшін барымды саламын», — деп жатқан көрінеді.

Іріктеу турнирінде Ресейдің аузын айға қаратып кеткен Словения Алжирді 1:0 есебімен ұтты. Сербия 0:1 есебімен ганалықтарға тізе бүкті. Сол жеңістің буы ма, Гана құрамасының ойыншысы Салли Мунгари: «Гана құрамасын үздік төрттіктің қатарынан іздей беріңдер!», — деп жар салып үлгеріпті.

Біздіңше, ең қызық ойын Германия мен Австралия арасында өтті. Неміс машинасы жасыл құрлықты тапап өтті — 4:0. Подольски, Клозе, Мюллер, Какау соққан 4 доп немістердің бабында екенін байқатты.

Чемпионат енді қызып келеді…

Бек СҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button