Жаңалықтар

Халық қамын көздеген

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор:

— Аталуынан да көрініп тұрғандай, Жолдау тұтасыменен халқымыздың әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс сапасының жақсаруына арналған.

Мені білім саласының қызметкері ретінде қазіргі заманғы білім беруге қатысты мәселелер мен талаптар және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістерін дамытуға атсалысуы ерекше қызықтырды.

Қазіргі жаһандану заманында төр білімділерге тиесілі, тұрмыс сапасының артуы да білім мен ғылымның дамуына тікелей байланысты. Президент өз Жолдауында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізуді міндеттеді.

Білімнің бастауы — мектепте. Ендеше, мектепке дейінгі және мектептегі білім берудің сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Ол үшін білім беру қызметкерлерінің жағдайына да назар аударған жөн. Осыған байланысты Президент алдағы уақытта тәрбиешілердің, оқытушылардың, басқа да оқу мен тәрбие саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделетін болады.

Көп жылдардан бері білім саласында көтеріліп жүрген мәселелердің бірі — педагог мәртебесі болатын. Президент осы Жолдауында: «Педагог мәртебесі  туралы» Заңды әзірлеп қабылдау қажет» — деді. Жолдауда атап көрсетілгендей, бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.

Алдағы уақытта жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді, оқу орнының табыстылығы енді оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуымен, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуымен өлшенетін болады. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететін оқу орындары ғана қалуы тиіс. Ендеше, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясаты жүргізіледі.

Тәуелсіз даму жылдарымызда елімізде әлеуметтік-саяси, экономикалық, құқықтық, рухани салаларда көптеген өзгерістер жүрді. Қазақстандықтар осы үдерістерді ары қарай дамытуға атсалысуы қажет. Оны табысты жүзеге асыру үшін қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы да аса маңызды.

Президент осы Жолдауында: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет», — деді.  Бұл өз кезегінде жастар мен отбасы институтын кешенді қолдаудың мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуын қажет етеді. Осыны ескере отырып Президент жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек дей келе, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды.

Жалпы алғанда,  ҚР Президентінің биылғы Жолдауының басты ерекшелігі — халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруды және әл-ауқатын өсіруді негізгі бағдар етуінде. Бұл — заман талабы. Өйткені, ел ынтымақтығы арқасында халқымыздың бақуатты өмір сүруі және алдағы уақытта еліміздің озық 30 елдің қатарына қосылуы —   тәуелсіз мемлекетіміздің басты және мәңгі мұраты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button