Жаңалықтар

Өнімді экспорттау — басты міндет

Аманғос ТӨЛЕУОВ,

«Степное» ЖШС басшысы:

— Елбасының биылғы Жолдауы өте ерекше болды. Ауыл шаруашылығы маманы ретінде айтар болсам, кезекті Жолдауда осы салаға өте үлкен көңіл бөлінді. Аграрлардың алдына қойылған негізгі міндет — еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экпортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Президент өз сөзінде мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігі турасында айтты. Ең бастысы — ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, отандық тауар өндірушілердің өнімін экспортқа шығаруға ерекше мән берді. Себебі, елімізде өсіп жатқан өнім экологиялық жағынан таза әрі өте сапалы. Өндірілген өнім құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Сондықтан біз осындай таза өнімдерімізді шетелге жеткізуіміз керек. Әрине, елімізде ауыл шаруашылығы саласында экпорттық әлеуетті көтеруге айрықша көңіл бөлініп жатыр.

Сонымен қатар елді мекендерді өркендету, оның ішінде тірек ауылдарды дамытуға жағдай жасау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану жөнінде тағы да әңгіме болды. Шынымен де қазір бос жатқан жерлер көп. Біз ондай жерге төрт түлікті өсіріп, одан өнім алуымыз керек. Бірінші кезекте өзімізді-өзіміз сапалы өніммен қамтамасыз етіп, содан кейін шетелге шығаруымыз қажет.

Биыл «Степное» серіктестігі 35 мың гектар алқапқа егін екті. Оның 5 мың гектарына мал азығы ретіндегі дақыл егілді. Осы жылы облыстағы қуаңшылық жағдайға қарамастан біздер өнімді жақсы алдық.

Шаруашылық жұмысын жетілдіру мақсатында мемлекеттен жеңілдетілген несие, субсидия берілді. Мемлекеттің мұндай қолдауын «Степное» шаруашылығы да сезінді. Алайда қазір егінге субсидияның берілмейтіні шаруаларға сәл қиындық тудыруда. Субсидия тек гербицидке және асылтұқымды мал басына ғана беріледі. Елбасы кезекті Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін айтты. Сондықтан алдағы уақытта мұндай мәселелер оңтайлы шешіледі деген ойдамын.

 

Қарғалы ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button