Денсаулық

Әлемнің он елінің травматологтары Ақтөбеде бас қосты

Ақтөбеде алғаш рет  Ресей, Қытай, Германия,  Түркия, Австрия, яғни әлемнің он мемлекетінен келген травматологтар мен еліміздің мамандары травматология, ортопедия саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Азия-Тынық мұхитының травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, Түркияның Хаджаттепе университетінің профессоры Махмут Дорал, ҚР Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығының директоры, профессор, медицина ғылымының докторы Серік Ақшолақов, «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК-ның директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Батпенов қатысты.

Жиында облыс басшысы ел медицинасының дамуына тоқталып, келген қонақтарға алғысын айтты.

— Елбасымыз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап қазақстандықтардың денсаулығын қорғау, сақтау  бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударды. Бұған қабылданып жатқан заңдар, мемлекеттік бағдарламалар, денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлініп жатқан қыруар қаржы дәлел бола алады.  Астана мен Алматының, облыс орталықтарының медициналық мекемелері заманауи жабдықтармен жарақталды. Мамандар біліктілігін жетілдіру үшін шетелде тәжірибеден өтті. Облыстың өзінде осы бағытта үлкен шаруа атқарылды. Осы саланы дамыту үшін сырттан мамандар шақырттық, түрлі конференциялар ұйымдастырылды. Бүгінгі өтіп жатқан жиын да медицинаның ең өзекті саласы— травматологияның дамуына серпін береді деген сенімдемін, — деген облыс әкімі  көшпелі Еуропалық конгресті алдағы жылдары Ақтөбеде өткізуге ұсыныс жасады.
— Өткен жылы  алты  елдің ортопедтерінің басын  қосып, конференция өткіздік. Биыл 10 елдің травматологтары келіп, тәжірибе алмасып жатыр. Енді 2019 жылы немесе 2020 жылы травматологтар мен ортопедтердің көшпелі Еуропалық конгресін өткізуді ұсынамын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ал Азия-Тынық мұхитының травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, Түркияның Хаджаттепе университетінің профессоры Махмут Дорал бұл саланың әлемде өзекті екенін айтып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі күн бойы әріптестеріммен бірлесе отырып травматология саласының күрделі мәселелерін талқылаймыз. Ең бастысы — тәжірибе алмасамыз. Біз тек бүгін ғана емес, жыл бойы келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп тұруға дайынбыз, — деді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 2400 адам жол-көлік оқиғасынан алған жарақатынан көз жұмады. Ал 23 мың адам түрлі жарақат алса, 800 адам алған жарақатынан  мүгедек болып қалады. Оның ішінде біздің облыстың да көрсеткіші қуантарлық емес. Әсіресе халық жиі шоғырланған қалаларда жол-көлік оқиғасы, құрылыс жұмысы кезінде жарақат алатындар саны күрт көбейген. Соңғы жылдары облыс орталығында тұрғындар санының артуы көрсеткішті өсіріп отыр. Ал жарақат алушылардың саны өскен сайын, медициналық құралдарға деген сұраныстың да артатыны анық.  Конференцияда травматологтарға қажетті бекітпе құралы мен гипстің  түрлері ұсынылды. Себебі, жаңа құрал-жабдықтар науқастар үшін аса қажет.
— 2010 жылдан бастап Ақтөбеде травматология және ортопедия бөлімі жұмыс жасайды. Жергілікті мамандар тізе, жамбас буындарын ауыстыруды меңгеріп алды. Қазір бұндай оталарды өзіміз жасаймыз. Барлығы 500-ден астам ота жасалды. Отаға қажетті аппараттар мен кереуеттер саны да жеткілікті. Бірақ жарақат алған адам саны көбейгендіктен, сүйектерді бекітетін бекітпе құралдар жетпей жатады. Біз дәрі-дәрмекпен емдемейміз, сондықтан осы бағытқа қосымша қаржы бөлсе деген ұсынысымыз бар. Сондай-ақ қазір политравма көп. Мәселен, жол-көлік апаты болса, бір ғана адам емес, бірнеше жолаушы жарақат алып, ауруханаға  түседі. Бірінің іш құрылысы зақымдалса, бірінің басы жарылып, екіншісінің сүйегі сынуы мүмкін. Бір адамды бірнеше маман емдейді. Сондықтан травмотология саласын жетілдіріп отыру өте маңызды, — деді облыстық медициналық орталықтың травматология бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі травматолог дәрігер, ортопед, медицина ғылымының кандидаты Серік Исаев.

Ортопед маман сақ жүрсең жарақаттың алдын алуға болатынын айтады. Жұмыста қарапайым қаупсіздік ережесін сақтаған жөн.

Ақтөбе облысында травматология және ортопедия саласы жыл өткен сайын дамып келеді. Мамандардың біліктілігін жетілдіру және жаңа технологияны игеру жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бүгінгі конференцияда шеберлік сабағы өтіп, 7 ота жасалады. Тізе буынындағы өзгерістерді қалпына келтіру және эндопротезден кейінгі асқынуды жою, омыртқаға протез қоюдың жаңа әдістері көрсетіледі. Облыста 70 кереуеттік стационар бар. Бұл науқастарды емдеуге жеткілікті, —  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Конференция кезінде Ресей медицинасының білікті өкілі, медицина ғылымының докторы В. Шевцов, Қазан медицина  институты травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі Ильдар Ахтямов секілді жан-жақтан келген мамандар осы саланың күрделі проблемаларын ортаға салды. Сонымен қатар жеті адамға ота жасалды. Оның ішінде «Бақытты бала» жобасы бойынша үш бала бар. Операция кезінде алғаш рет вертебропластика, ірі буындардың энлопротездеуден кейінгі асқынуларын емдеу секілді әдіс-тәсілдер қолданылды.

Жиын соңында еліміздің травматологиялық қызметін дамытуға серпін беретін қарар қабылданды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button