Жаңалықтар

Ерліктің марапаты

Төтенше жағдай

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бейсенбі күні Әбілқайыр хан даңғылындағы 9 қабатты үйде болған өрт кезінде тұрғындарға көмек көрсетіп, оларды дер кезінде құтқарған бір топ азаматты марапаттады.

Олардың қатарында Ақтөбе қаласының тұрғындары Александр Тимошенко мен Владимир Калмыков, Ақтөбе қаласының өртке қарсы күрес қызметінің бөлім командирі Қуантай Баймұрзин, аға инженер, капитан Әділ Муфтаков, азаматтық қорғаныс бөлімінің аға сержанты, аға өрт сөндіруші Нұрболат Сүйеуов, кіші сержант, өрт сөндіруші Қанат Жәутіков, прапорщик, бөлім командирі Еркін Отарбаев, сондай-ақ Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің лейтенанты Алмат Сарин, полиция аға сержанты Медет Қойтанов, Сазды полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Арман Күшниязов бар.

Шарада қала әкімі тұрғындарға Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификатын табыс етіп, ал Ақтөбе қаласының өртке қарсы күрес қызметі мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.

Ілияс Испанов өрт кезінде батылдық танытып, адал қызмет еткен барлық қызметкерлерге өз ризашылығын білдіріп, қала тұрғындарына ерекше алғысын жеткізді.

Өрт кезінде тұрғындарды құтқарғандардың бірі — Ақтөбе политехникалық колледжінің 4-курс студенті Александр Тимошенко. Ол тұрғын үйде өрт шыққанын көріп, пәтерлердегі тұрғындарды сыртқа алып шыққан.

  • Өрт шыққан кезде барлық пәтерді түтін басып кетті. Біз Владимир екеуміз екі подъездегі барлық пәтерді аралап шығып, тұрғындардан үйлеріндегі бағалы заттарды, құжаттарды алып, тездетіп шығуын өтіндік. Құтқарушылар келгенше балалар мен қарияларды сыртқа алып шықтық. Өрт — тілсіз жау, сондықтан одан келетін залал көп. Мен тұрғындарға қол ұшын бергеніме, оларды құтқарғаныма қуаныштымын, — дейді Александр Тимошенко.

 

 Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button