Мәдениет

Ұлттық әндер жаңа өңдеуде ұсынылды

Байқау

Ақтөбеде өткен екінші республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы мәресіне жетті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 17-35 жастағы азаматтар қатысты.

Бір кезеңнен тұратын байқау барысында жас әншілер шара талаптарына сай, белгілі ақын-жыраулардың, сазгерлердің шығармаларын жаңа форматта, жаңа өңдеуде ұсынуы тиіс болатын. Ондағы мақсат — ән-жырымыздың ұлттық бояуын, ұлттық реңкін сақтай отырып, төл өнерімізді қазіргі тыңдаушының талғамына сай жаңа форматта ұсыну арқылы насихаттау. Байқау басталардан бұрын өткен баспасөз мәслихатында шараны ұйымдастырушы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония басшылығы мен қазылар алқасы мүшелері осы тақырыпта пікірлерін білдірген болатын.

— Дәстүрлі әндерімізді, терме-толғауларымызды эстрадаға салып, басқаша өңдеу арқылы тыңдарманға ұсыну кезінде оның ұлттық бояуынан айырылып қалмаймыз ба деген пікірлер жиі айтылады. Әр заманның талабына сай әнді жеткізудің өзіндік әдісі, өзгеше методикасы болады. Біздің ата-бабамыз әнді кезінде қоңыр домбырамен айтқан, алайда қазір тек бір ғана домбыраны ұстап отыра алмаймыз, әніміздің ырғағын, мақамын бұзып алмай, қазіргі заманға бейімдесек, жаңаша өңдесек, тыңдарманның сұранысы үшін де дұрыс болар еді. Рас, кейде әннің әуенін бұзып айтатындар да бар, бірақ ол қате көбіне өңдеуден емес, орындаушыдан кетеді. Қазір арзан әндер көбейіп кетті, сондықтан халықтың жетегінде кетпей, өзіміздің ұлттық әндерімізді жаңаша өңдеп, халықты жетелейтін әндерді орындауымыз керек, — дейді «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлы.

Ұлттық терме-толғауларды, халық әндерін жаңа өңдеуде ұсынып жүрген Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Өмірқұл Айниязов сынды көптеген әншілер бар. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы жаңа өңдеудегі «Дайдидау» әні де  — Бейбіт Оралұлының сөзінің айқын дәлелі. Бұл жолғы байқауда жеңімпаз атанып, жүлде алғандар осындай белгілі әншілердің ізін жалғайтынына күмән жоқ. Бәрі де талантты, бәрі де мықты. Өнер додасының бас жүлдесі және 500 мың теңге сыйақы Атырау облысынан келген жас әнші Айбар Ғаниұлына бұйырды. Жеңімпазға жүлдесін тапсырған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өз сөзінде байқауға қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Өнер жарысының бірінші жүлдесі және 300 мың теңге ақтөбелік әнші Ернар Дүйсеевке берілді. Ақтөбенің тағы бір жігіті Мират Есетов пен астаналық Дәстүр Асылхан екінші орындарды бөлісті. Үшінші орынға үш әнші лайық деп танылды, екі үміткер байқаудың дипломанты атанды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай, қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізілген байқау жүлдесіне жалпы алғанда 1500000 теңге қаржы тігілген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button