Жаңалықтар

Өрттің себептері әлі белгісіз

Әбілқайыр хан даңғылы №73 үйде тұтанған өрт оқиғасына қатысты кеше құзырлы орган өкілдері облыстық әкімдік ғимаратында түсінік берді.

Тілсіз жау бейсенбі күні түс ауа жоғарыда аталған көп қабатты үйдің №69 пәтерінің балконынан басталып, кейін  жоғарғы қабатқа қарай көшкен. Оқиғаның қалай болғаны жөнінде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов айтып берді:

— Өрттің салдарынан 30 пәтерге зақым келді. Оның біреуі толығымен жанып кетті.

Сол жердегі 47 адам құтқарылып, 200 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Өрт шарпыған аумақтың жалпы көлемі — 240 шаршы метр. Қазіргі таңда арнаулы жұмыс тобы құрылып, пәтерлердің барлығында тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеден бері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов өз сөзінде зардап шеккен пәтерлердің иелеріне демеушілер, қоғамдық қор тарапынан көмек көрсетілетінін, атап айтқанда, есік-терезелерді жаңартуға қолұшы берілетінін атап өтті.

Ал Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Бағлан Құрманалин қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, оқиға бойынша сараптаманың қорытындысы 1 айдың ішінде белгілі болатынын айтты.

Бір ескере кетерлігі, өрт тұтанған кезде аталған пәтерде ешкім болмаған. Тілсіз жаудың қайдан, қалай келгені әзірге белгісіз. Оны сот сараптамасы анықтайды.

Өз кезегінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ернұр Өтегенов өрт сөндіру мамандары мен 10 бірлік техниканың жедел арада келіп жетіп, қажетті құтқару шараларының жасалғанын баян етті.
Сондай-ақ, атқарушы билік өкілдері оқиғадан зардап шеккендерге жәрдемдесемін дегендер үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорының жұмыс істейтінін, кез келген сұрақ  бойынша арнайы құрылған штабтың 109 телефон нөміріне хабарласу керектігін жеткізді. Әйтпесе, осы жағдайды желеу етіп, «адамдар ауруханада жатыр», «пәтерлер жөндеусіз тұр» деген жалған ақпарат тарату арқылы бас пайдасын ойлайтын алаяқтар бой көрсетуі  мүмкін… «Кез келген тұрғынның Ақтөбе қалалық әкімдігінің қолдауымен ашылған «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорына ақшалай немесе заттай көмектерін көрсетуіне болады. Егер сұрақтар туындаса, өзіме тікелей телефон шалсын: 8775-751-44-19. Ең бастысы, арам пиғылдағы адамдардың арбауына түсіп қалмаңыздар!», — дейді қордың өкілі Жайнагүл Бисенбаева.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button