Саясат

118 адам қаза тауып, Сан мыңдаған адам босқынға айналды

Оқиға

Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар саны 118 адамға жетті. Ал жараланып ауруханаға түскендер саны бір мың алты жүзден асқан. Бұл — дүйсенбі күні берілген ресми мәлімет.  Ал ресми емес деректерге сай, қаза тапқандар мен жараланғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Мысалы, Жалалабадтағы өзбек диаспорасы өкілдерінің мәлімдеуінше, қақтығыстар салдарынан 700 адам көз жұмған. Сонымен қатар, кей деректерде — 60 мың, ал енді бір мәліметтер бойынша 75 мың адам Өзбекстан аумағына өтіп кеткен. Қырғызстанның оңтүстігінде өзбектер мен қырғыздар арасындағы қақтығыстар 10 маусымнан 11-іне қараған түнде басталған. Жағдай, әсіресе, Ош және Жалалабад қалаларында қатты ушықты. Жалалабад қаласында жиылған топ — қырғыздар жағы — әскери бөлімге басып кіріп, қару-жарақ пен әскери машиналарды тартып алып, мұздай қаруланған. Қырғызстанның уақытша өкіметі Жалалабад пен Ош облыстары аумағында төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді. Уақытша өкіметтің мәлімдеуінше, бұл қақтығыстарды Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің бауырлары ұйымдастырып және қаржыландырып отыр.  Ал Бакиевтің өзі: «Бұл жағдайға менің еш қатысым жоқ» деп мәлімдеме таратқан. Үйлерді қиратып-өртеу, жаппай атыс-шабыс, адамдарға тиісу секілді әрекеттер бірнеше күнге жалғасты. Дүйсенбі күні таңертеңгілік Ош, сондай-ақ Жалалабад қаласында қырғыз және өзбек ұлтының сыйлы ақсақалдарының қатысуымен жиын өтіп, жеті нан таратылып, екі жақ бәтуаға келгендей болған. Бұл қалаларға қосымша әскер күші жіберіліп, сондай-ақ тәртіп сақтау мақсатында еріктілер тобы да тартылып отыр. Кейбір дерек көздеріне сенсек, қазір Ош қаласында атыс-шабыс, үйлерді қиратып-өртеу секілді әрекеттер тоқтатылған. Ал Жалалабад облысында тағы бір әскери бөлімді басып алуға талпыныс жасалыпты. Дегенмен, бұл жолы бөлімдегілерге көмек дер кезінде жеткен көрінеді. Жалалабадтың коменданты Қуатбек Байболовтың айтуынша, осы іске байланысты бір белгілі саяси тұлға тұтқынға алынып, қазір тергеуде отырған көрінеді. Әзірге оның аты-жөні айтылған жоқ. Әйткенмен, ол бұл қақтығыстардың алда өткізілгелі отырған референдумға қарсы саяси күштер ықпалымен орын алғанын мойындапты. Қуатбек Байболов бүгінгі күні тұрғындар арасында отқа май құюшылар жүргенін және олардың бір бөлігі милиция киімінде екенін айтыпты. 12 маусым күні уақытша өкімет Мәскеуден көмек сұраған болатын. Бірақ Ресей билігі өзге елдің ішкі ісіне қол сұғуды жөн көрмейміз деген жауап қайтарған. Сондай-ақ бішкектік құқыққорғаушылар да бұл қақтығыстарды елдің өз күшімен шешу мүмкін еместігін айтып, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға хат жолдаған еді. Әйткенмен, дүйсенбі күні Ошта да, Жалалабадта да жұрт қолдарындағы қаруларын билік орындарынына өткізе бастапты…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button