Жаңалықтар

Жылыту маусымына дайынбыз

Брифинг

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыстың жылыту маусымына дайындығы — 99 пайыз.

Қазіргі уақытта 580 қазандық, 243,8 шақырым жылу желілері, 484,3 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, 273,4 шақырым электрмен жабдықтау желілері, 1590 әлеуметтік нысан мен 2592 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Жылыту маусымының үзіліссіз өтуі үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға 39,442 тонна қатты және 3,065 тонна сұйық отын жеткізілді, — деді Қаржаубай Ыбырайымұлы.

Облыс тұрғындары үшін көмір отынына қажеттілік — 40 880 тонна. Бүгінгі күні Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз, Қаражыра көмір алаптарынан 10640 тонна көмір жеткізілген.

Көмір отыны 12 теміржол тұйықтары арқылы сатылады. Облыс тұрғындары үшін көмір алу ісінде ешқандай мәселе жоқ. Бүгінгі күні облыста бір тонна көмір 15-16 мың теңгеден сатылып жатыр. Жалпы бүгінгі күні жағдай қалыпты. Өйткені, Ақтөбеде басқа өңірлер секілді қатты отынға деген сұраныс пәлендей жоқ. Себебі облыс тұрғындарының 88 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыс көрсеткіштері жыл сайын өсуде. Әрине, газға қосылмаған шалғай ауылдар бар. Оның ішінде малдың қиын отын ретінде пайдаланып отырған ауылдар да жоқ емес. Осындай ауылдарда қатты отынды пайдалану халықтың өз құзыретіне байланысты. Көмір тасу ісіне қатысты тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, қазіргі күні 700 тонна көмір тиелген 10 вагон жол үстінде келе жатыр, — деді Қаржаубай Ыбырайымұлы.

Оның айтуынша, барлық өндірістік және әлеуметтік ғимараттар алдағы жылыту маусымына дайын. Бүгінгі күнге қажеттілігі бойынша әлеуметтік нысандарды жылумен жабдықтау жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жылу беру маусымына дайындық мәселесі жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты бақылауында.

Брифинг кезінде басқарма басшысының орынбасары Ақтөбе қаласындағы коммуналдық мекемелердің де жылу беру маусымына дайындығы турасында айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button