Жаңалықтар

Отбасымыз үшін де маңызды құжат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы халыққа Жолдауын теледидардан тыңдадым. Елімде болып жатқан өзгерістердің менің отбасыма, менің балаларымның болашағына қатысты екендігін білемін. Сондықтан еліміздің даму бағытының басты стратегиялық құжаты — жыл сайынғы Елбасы Жолдауын асыға күтемін, ол құжатта не айтылады деп үмітпен күтемін.

Мен көпбалалы анамын, жолдасым екеуміз 10 бала өсіріп отырмыз. Сондықтан біздің отбасы үшін елдегі білім, медицина салалары, басқа да салаларда болып жатқан өзгерістер аса маңызды.

Биылғы жолдауда Елбасы: «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» деді. Бұл ақиқат. Тұрмыс сапасының жақсы болуы үшін жалақы мөлшері жоғары болуы маңызды. Осы бағытта Президент Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.

Өмір сүру деңгейін арттыру бағытында бірқатар жайттарға тоқталды. «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», — деді Елбасы. Осыған орай Н.Назарбаев Үкіметке әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тапсырма берді.

Білім саласына үлкен өзгерістер қажет. Менің балаларымның алды енді ғана мектеп бітіруге жақындады. Қалғаны орта білім алып, балабақшаға барып жүр. Сондықтан мектепке дейінгі білімнің де, орта білім мен жоғары, арнаулы білімнің де менің отбасым үшін маңызы зор. Елбасы мектепке  дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін айтты. Осы мақсатта аталған салада біліктілік талаптары, оқыту әдісі, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болды. Орта білім беру жүйесінде белгіленген негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аудару керек екенін көрсетті Президент.

Балаларым мектеп бітірген кезде олардың алдында білімін арнаулы, жоғары оқу орындарында жалғастыру күтіп тұр. Сондықтан оқу орындарындағы білім сапасы да бізді ойландырады. Осы бағытта Елбасы маман даярлауда сапаға көңіл бөлу қажеттігін, студенттердің жұмыспен, соның ішінде жалақысы жоғары жұмыспен қамтылуы секілді мәселелерді көтерді.

Балалар болғасын ауырады, сондай кездері медицина мекемелерінің есіктерін тоздыратынымыз да аян. Биылғы Жолдауда біз күткен тағы бір мәселе — медициналық қызмет сапасын арттыруға да көңіл бөлінді. Халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті ретінде бұл саланың сапасын арттыруға, соның ішінде емханалардағы ұзын сонар кезектерді азайтып, бюрократияны жоюға, қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған іргелі істер жасалатын болды. Осы құжатта айтылған мәселелер дер кезінде тиісті деңгейде орындалса, аталған салаларда қызмет сапасы артып, халықтың әл-ауқатының жақсы болуына айтарлықтай септігі тиеді деп сенемін.

Айсәуле САТЫБАЛДИЕВА,

«Алтын Алқа» иегері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button