Жастар

Жастар жылы — жаңа серпін бастауы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын Ақтөбе политехникалық колледжінің ұжымы ерекше ықыласпен тыңдады.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауында ел ертеңі жастарға ерекше сенім артады. Бұл жолы да ол өз сөзінде: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — дей келе, келер жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.
Жиын барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов:

— Елбасы Жолдауы жастардың болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Келер жылды жастардың жаңа идеялар жылы болады деген сенімдемін. Енді алдымызда бар күш-жігерімізді аямай, жұмыла еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу міндеті тұр. Жолдаудың маңызы болашақ үшін зор мүмкіндік. Сондықтан жан-жақты қамтыған әрбір міндеттемеге жұмыла атсалысып, бірлесе күш қосу, әсіресе, жастар серпінін арттыру өте маңызды, — деді өз сөзінде.

Президент Қазақстанда халықаралық деңгейдегі тағы да бір университет құруды ұсынды. Сондай-ақ еліміздегі сапасыз жоғары оқу орындарын азайтып, керісінше шетелдік оқу орындарымен серіктестікті нығайтуды тапсырды.

Жиын соңында Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, үн қосқан жастар қатары көп болды.
— Жақында Ақтөбе политехникалық колледжінде Бизнес инкубатор ашылғалы отыр. Мұндағы мақсат —  жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлік оқу  орнын қалыптастыру арқылы мемлекетке қызмет ету. Мұның өзі жастарға тың серпін берері сөзсіз. Біз әрдайым ізденіс үстінде болып, білімімізді жетілдіре түсуіміз керек. Өзімізді жан-жақты дамытуға, тіл үйренуге тырысып, еліміздің дамуына барынша атсалысайық, — деді Ақтөбе политехникалық колледжінің 2-курс оқушысы Ержан Қаленов.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button