Білім

Үндістанның үлгісін зерделеді

Шалқар ауданындағы №4 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ләззат Жиенбаева — Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының түлегі.  Ағылшын тілінен шәкірттерді білім нәрімен сусындатып келе жатқанына 20 жыл болды. Биылғы жазда оған шетелде ағылшын тілінен кәсіби біліктілігін арттырып, іс-тәжірибе алмасып келуіне мүмкіндік туды. Оның ағылшын тілінде сөйлеу деңгейі және білім саласындағы жетістіктері облыс тарапынан ескеріліп, Үндістан еліне бір жарым айға оқуға барып қайтты.

Бұл курсқа әр облыстан екі ағылшын тілі пәні мұғалімі таңдалып, елімізден барлығы  25 мұғалім білімін жетілдіріп келген.

— Біз Үндістан елінің Хайдарабад қаласындағы ағылшын тілі және шетел тілдері университетінде оқыдық. Бұл — Үндістан мемлекетінің ITP халықаралық бағдарламасы бойынша жүргізілген курс. Оған барлық қаржы Үндістан мемлекеті тарапынан бөлінді. Университеттің іргетасы 1958 жылы қаланған. Сол елдегі жоғары оқу орындарының үштігіне кіреді.  Онда ағылшын тілімен қатар араб, қытай, француз, неміс, испан, итальян, орыс, парсы тілдері бөлімдері бар. Халықаралық бағдарлама бойынша Африка, Оңтүстік Азия, Оңтүстік Шығыс және Орталық Азия мемлекеттерінен келген әртүрлі мамандық иелері білімдерін жетілдіруде. Онда біздің білім алуымыз үшін барлық жағдай жасалды. Лингвистика, әдебиет, методикадан тәжірибелі профессорлар мен докторлар дәріс берді. Бұл елде адамның жасына қарамай, оның білімі мен еңбегі бірінші бағаланады, — дейді Ләззат Жиенбаева.

Тәжірибелі оқытушының сөзінше, көп тіл білу адамның табысты және тұрмысының жақсы болуына мүмкіндік береді. Өзге тілді меңгеру арқылы сіз басқа әлемге енесіз. Оған басқаша көзқараспен қарайсыз.
— Ағылшын тілі — халықаралық қарым-қатынастың құралы.  Шекара асып, өркениетті қай мемлекетке барсаңыз да ағылшын тілінде сөйлейтін адамды  қиналмай кезіктіресіз. Әрине, біздің елде де оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Енді аз уақытта физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайды деп күтілуде. Дегенмен қазір бірінші орында оқушылардың функционалдық сауаттылығы, яғни тілді қарым-қатынас құралы ретінде күнделікті өмірде қолдана білу тұрғанын ұмытпауымыз керек. Баланы бұл бағытта дамыту үшін оған орта керек. Сондықтан аудан орталығында білімді жастарымыз бен оқушыларымыздың басын қосатын, ағылшын тілінде әртүрлі жобалармен бірігіп жұмыс істеп, ағылшын тілін қарым-қатынас құралы ретінде дамытатын «English Club»  сияқты орталық ашу — менің басты мақсатым. Сонымен қатар шетелден келіп Қазақстан мектептерінде жұмыс істеп жатқан ағылшын тілі пәні мамандарын, волонтерларді жергілікті жерлерге неге тартпасқа? Бұл сауатты болашақ ұрпақ үшін керек, — дейді ол.

Ләззат Жиенбаева Үндістандағы білім беру ерекшеліктеріне де тоқталды. Онда ағылшын тілі екінші тіл болып есептеледі. Балалар 3 жастан мектепке барып, 2 жыл дайындық тобында оқиды. Ал 5 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданады.

Біз университетке оқуға барған шетелдіктер мен университет мұғалімдеріне қазақ елін, оның мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырып, кеш ұйымдастырдық. Шетелдіктер біздің ұлттық құндылықтарымызға ерекше қызығушылық танытты.  Еліміздің Әнұранын шырқаған кезде, орындарынан тұрып құрмет көрсетті.

Мемлекеттік мектептерде білім алатын бала саны өте көп. Бір сыныпта 40-50 оқушыдан отыратын мектептер барын білдік. Осындай жағдайға қарамастан, оқушылардың білім алуға деген құштарлығы ерекше.

Мектепке дейінгі кезеңде балалардың ең негізгі әрекеті ойын болғандықтан, сабақ үрдісінде ойын түріндегі жұмыстар қолдану өте тиімді және пайдалы. Себебі ойын ойнау арқылы балалар өздерін көрсете алады, өзара қарым-қатынасқа түседі, жеңіске деген ұмтылыс пайда болады. Ойын арқылы тақырыпты оңай меңгертуге болады. Мысалы, оқушыларды ағылшын дыбыстарын және әріптерін меңгерту үшін фонетикалық ойындар өте тиімді.

Дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін біздің міндетіміз — білімді ұрпақ тәрбиелеу, — деп аяқтады өз сөзін Ләззат Жиенбаева.
Біз әлем деңгейінде бәсекеге қабілетті жастарды даярлай білуіміз керек. Себебі еліміздің болашағы — білімді ұрпақтың қолында.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button