Әлеумет

Бірыңғай жиынтық төлем мәселесі түсіндірілді

Облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің  халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Қалижан  Өтемұратов  Хромтау, Мұғалжар, Мәртөк және Ойыл  аудандарында екі апта іссапарда болып, бірқатар  мемлекеттік мекемелердің  қызметкерлерімен  кездесулер өткізді.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздің  кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандар қызметін заңдастыру мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті Заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылғандығы айтылды. Бұған дейін салық органдарында тіркелмеген азаматтардың бұл тобы «Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер» деп аталады. Сол себептен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар санатына кірмей, түрлі көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді ала алмайтын еді.

Кездесу барысында арнайы мекеменің бөлім басшысы аталған заң жобасында  алдағы уақытта  өзін-өзі  жұмыспен қамтығанды тіркеуді оңайлату және  олардың қызметін заңдастыру мақсатында  4 төлемді: жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарнасын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорына   төленетін түсімдерді  біріктіретін арнайы салық  режимі — бірыңғай жиынтық  төлемді  енгізу  ұсынылғандығын түсіндірді.

Оның айтуынша, ендігі жерде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай жиынтық төлем ай сайын  салық органының тиісті есепшотына аударған ретте бірқатар оң өзгерістер әкеледі. Егер оларды тарқатып айтар болсақ, зейнетақы жинақтаушы  жүйесіне қатысушы ретінде, оған қатысу өтіліне сәйкес базалық зейнетақы алатын болады. Еңбекке жарамсыздық жағдайында, асыраушысынан айырылғанда, жүктілік, бала асырап алу, баланы  бір жасқа дейін бағу кезеңдерінде  тиісті жәрдемақылар мен  төлемдерді алады. Денсаулық жағдайына байланысты өздері қалаған медициналық ұйымдарда белгіленген тегін медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізеді. Бірыңғай жиынтық төлем мөлшері қала тұрғындары үшін бір айлық есептік көрсеткіш (ол  2019 жылы- 2 525 теңге болады), ауылдық жерде тұратындар үшін 0,5  айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрайды.

Кездесулер соңында Қ.Өтемұратов қатысушылар тарапынан өзіне қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Сонымен бірге тиісті мекеме қызметкерлеріне осы ақпараттарды халыққа кеңінен түсіндірудің  қажеттілігін  жеткізді.

 

А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button