Жаңалықтар

Күзде 40 мыңнан аса ағаш егіледі

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстағы қалалар мен елді мекендер аумағындағы саябақтар мен гүл бақтарын абаттандыру жəне көгалдандыру мәселелері қаралды.

Жиын жұмысына мемлекеттік органдар өкілдерінен өзге орман тəлімбақтары мен басқарушы компаниялардың басшылары қатысты.

Осы жылғы көктемде облыс аумағында 101 мың көшет егілді. Облыстық табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жүргізген тексеріс көктемгі көшеттердің ұласып өсуі 73% құрағанын көрсетті. Бұл туралы жиын кезінде басқарма басшысы Нұржан Аққұл баяндады. Ол сондай-ақ күзде көшет отырғызу кезінде облыстың жасыл қоры 41 мың көшетке толығады деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді.

— Егер 73 пайыз нақты дерек болса, онда бұл — едәуір көрсеткіш. Ағаштардың ұласып өсуін мұқият қадағалап, сонымен қатар гүлзарлар мен көгалдар алаңын кеңейту жұмыстарын жалғастыру керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ жақын маңдағы аумақтарды көгалдандыру жұмыстарына атмосфералық ауаны ластаушы кәсіпорындарды тартуды тапсырды.

Бұдан басқа, облыс басшысының тапсырмасымен Ақтөбеде жаңа саябақтар мен гүл бақтарын құру жұмыстары жалғасатын болады. Бүгінде қалада 66 саябақ пен гүл бақтары бар. Олардың 48-і кейінгі үш жылдың ішінде  мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің, түрлі кәсіпорындар қызметкерлерінің және бейжай қарамайтын азаматтардың күшімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жабдықталып, ашылды. Саябақтар мен гүл бақтары аумақтарын суару жағдайын жақсарту үшін биыл сорғылары бар 11 су ұңғымасы бұрғыланды, — деп жеткізді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Жиын соңында облыс басшысы Ақтөбе қаласының тұрғындары мен ұжымдарын қоғамдық сенбіліктерге қатысуға шақырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button