Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Алға ауданын аралады

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алға ауданына барды. Облыс басшысы аудандағы бірқатар шаруашылықтарды аралап, Маржанбұлақ ауылында газ тарату желісін, сондай-ақ Қарақұдық елді мекенінде ауызсу құбырын іске қосу салтанатына қатысты.

Алдымен облыс басшысы Маржанбұлақ ауылының маңындағы «Маржанбұлақ-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік басшысы Андрей Текебаев өз жоспарларымен бөлісіп, облыс әкіміне шаруашылықтың жай-күйін баяндады.

  • Серіктестік өткен жылы құрылды. Биыл сәуір айында Голландиядан 52 ешкі алып келдім. Оның елуі аналық болса, екеуі — аталық. Қазіргі таңда 34 ешкі төлдеді. Бір айдан кейін аналық ешкілерді саууды бастаймыз. Жуырда ешкілерден қан алдырып, сүтін сараптамаға жібердік. Зааненский тұқымды ешкілер — сүтті бағыттағы ешкілер. Алдағы уақытта оларды төлдерінен айырып, күніне екі рет сауатын боламыз. Жақында Барнаулға пастеризатор сатып алуға тапсырыс бердік. Құрылғы келген соң сүтті өңдеп, сатылымға шығарамыз. Ақтөбе қаласындағы облыстық онкологиялық аурухана мен облыстық балалар ауруханасы маңынан жер алдық, сол жерде өз өнімдерімізді сату тіркемесіне қойып, халыққа ұсынамыз. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — деді шаруашылық басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде серіктестік қарамағында 220 гектар жайылымдық жер бар. Алдағы уақытта шаруашылық 16 гектар жерге зауыт, ешкі өсіретін, сондай-ақ мал

төлдететін баз салмақшы. Шаруашылық басшысы өткен жылы «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында 12 жылға 38 миллион теңге несие алған. Қазір серіктестікте 4 адам жұмыс жасайды. Шаруа болашақта зааненский тұқымды ешкінің санын 800-ге дейін жеткізбек. Қазір серіктестік малға жем-шөп дайындап жатыр.

Бұдан кейін облыс басшысы Маржанбұлақ ауылында газ тарату желісін іске қосу салтанатына қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімі ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

  • Осыдан үш жыл бұрын бұл жер жазық дала болатын. Қазір бұл жерде 3 мыңға жуық отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар елді мекенге ауызсу, газ келсе деген тілектерін білдірген болатын. Бүгін, міне, сіздердің тілектеріңіз орындалып, ауылға көгілдір отын берілуде. Ұзындығы 28 шақырым болатын газ құбырын тартуға бюджеттен 290 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл ауыл жол бойында орналасқан, Ақтөбеге жақын. Сондықтан алдағы уақытта ауылды дамыту керек. Қазір осы ауылдың батыс жағына жаңа мектеп салу үшін облыстық білім басқармасы құжаттар дайындап жатыр. Жалпы Маржанбұлақтың мәселелері бізге белгілі. Алайда оның барлығы қаржының мүмкіндігіне қарай шешіледі. Барлықтарыңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Отбасыларыңызға аманшылық, құт-береке тілеймін, — деді ол.

Бұдан кейін ауыл ақсақалдарымен бірге Бердібек Сапарбаев сол жерде газ бұрандасын бұрап, оны салтанатты жағдайда іске қосты.

Тұрғындарымен тілдескен облыс басшысы алдағы уақытта елді мекеннен жер алып, үй салғанда белгілі бір ретпен, жүйемен салу керектігін айтып, ауыл азаматтарын мал шаруашылығымен, дәстүрлі емес шаруашылық түрлерімен айналысып, ауылды түлетуге, дамытуға үлес қосуға шақырды.

Айта кету керек, бүгінгі күні маржанбұлақтықтар ауызсуды тасып ішіп отыр. Көбісі аулаларынан ұңғыма қаздырып алса, кейбіреулер суды қысы-жазы тасымалдауға мәжбүр. Осы мәселені көтерген тұрғындарға облыс басшысы:

  • Ауызсу мәселесі алдағы уақытта шешіледі. Қазір облыс орталығына жақын орналасқан ауылдарды жарықпен, газбен, ауызсумен қамтамасыз ету үшін барынша жұмыстар жасалып жатыр. Көп ұзамай бұл ауылға ауызсу да жеткізіледі, — деді.

Сөзінің соңында Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа көп ұзамай ауыл шетінен мектепке баратын балаларға арнайы көлік шығаруды тапсырды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қарақұдық елді мекеніндегі ауызсу құбырын іске қосу рәсіміне қатысты.

  • Бүгін, міне, ауылдарыңызға жақсы ниетпен келіп отырмыз. Осының барлығы мемлекетіміздің әл-ауқатын, халықтың тұрмысын көрсетеді. Егемендік алғаннан кейінгі 27 жылдың ішінде елімізде көптеген игі істер жасалып жатыр. Міне, бүгін 1500-ге жуық адам тұратын ауылда газ, ауызсу, жарық бар. Енді жетпейтіні — жол. Ол да көп ұзамай жөнделеді. Қазір құжаттары дайындалып жатыр. Сондықтан осы ауылдың барлық тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Су — тіршіліктің көзі, сол үшін судың қадірін білуіміз керек, — деді Б.Сапарбаев.

Ұзындығы 27 640 метр болатын ауызсу құбырын жүргізуге бюджеттен 556 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қазір ауылдың барлық көшелеріне су құбыры тартылып жатыр. Ауызсудың келгеніне тұрғындар дән риза. Шарада ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтар облыс басшысына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты.

Бұдан кейін облыс басшысы белгілі кәсіпкер Есімжан Кіржановтың салып жатқан жол бойындағы қызмет көрсету кешенінің құрылысымен танысты. 2017 жылдың аяғында басталған құрылыс келер жылы пайдалануға берілмек. Кешенде жолаушылардың тамақтанып, демалуына барлық жағдай жасалмақ. Жаңа құрылысқа жарық, газ тарту мәселесі алдағы уақытта шешілмек. Жоба құны — 300 млн теңге.

Сондай-ақ облыс әкімі Есімжан Кіржановтың шаруашылығымен де танысты. Бүгінде «Қазақ асылдары» шаруа қожалығында 180 ірі қара, 569 жылқы, 15 түйе бар. Шаруашылық қымыз өндірумен де айналысады. Алдағы уақытта кәсіпкер асылтұқымды ірі қара, сондай-ақ жылқы санын көбейтпек. Сонымен қатар кешен аумағынан жанар-жағармай құю бекетін салып, жеміс ағаштарын екпек. Келер жылы кешен жолаушыларға есігін айқара ашпақ.

Облыс әкімі бастаған топ аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі «Абылай» шаруа қожалығының алқабына барды. Биыл шаруашылық көкөніс түрлерінен сәбіз, картоп, қауын-қарбыз, қияр, сондай-ақ 500 гектарға бидай, 700 гектарға арпа, 250 гектарға суданка, 300 гектарға еркекшөп еккен. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалық қазір егін, бау-бақша егумен, сондай-ақ қымыз өндірумен айналысады.

Шаруашылық басшысы Қыдырбай Ксупов облыс әкіміне шаруашылықтың жай-күйін айтып берді.

  • Қожалық 1997 жылы ашылды. Қазір мал өсіру, көкөніс, егін егумен айналысамыз.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында несие алып, 10,5 миллион теңгеге 5,6 шақырым қашықтықтан электр желісін тарттық. 5,5 миллион теңгеге қымыз тасымалдауға көлік сатып алдық. 2014 жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 8 миллион теңге несие алып, 108 бас асылтұқымды сиыр сатып алдық. Сондай-ақ өткен жылы Ресейден 300 ақбас сиырын әкелдік. Қазір шаруашылықта 850 ірі қара, 320 ұсақ мал, 500 жылқы бар. Қазір сиырларды төлдерін айырып жатырмыз. Ендігі бір мәселе — оларды сатудың қиындығы. Себебі бүгінгі күні ірі қара төлін сатып алатын адамдарға субсидия берілмейді. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруалар отандық тұқымды ала алмайды. Сондықтан біз сияқты шаруаларға бұл мәселелер қиындық келтіріп отыр. Сол үшін қазір төлдерді сатуға бел буып отырмыз. Себебі жұмысшылардың еңбекақысын, несиемізді төлеуіміз керек, — деді Қыдырбай Ксупов облыс әкіміне.

Айта кету керек, қазір шаруашылықта 60 бие сауылады. Одан алынған қымыз арнайы цехта өндіріледі.

Шаруашылық басшысының айтуынша, цехта жылына 30-40 тонна қымыз өндіріліп, облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарына, сондай-ақ «Дина» супермаркеттеріне жеткізіледі.

  • Қазіргі таңда шаруашылыққа механизаторлар, малшылар керек. Ауылда жұмыссыз жүрген жастар бар, алайда олардың мал баққысы келмейді. Қазір қожалықта 20 жұмысшы бар, қыста олардың саны азаяды. Ай сайын жұмысшыларға 80-100 мың теңге жалақысын беріп отырмын. Шаруашылықта техника да жеткілікті, — дейді Қ.Ксупов.

Айта кету керек, бүгінгі күні шаруашылық қарамағында 10 505 гектар жер бар. Оның 600 гектары егістік болса, 9625 гектары — жайылым, ал 280 гектары — тыңайған жер.

Биыл шаруашылық картоптың әр гектарынан 18-20 центнер, қауын-қарбыздың әр гектарынан 15 центнер өнім алған. Қазір шаруашылық өз өнімдерін жинап жатыр. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 2,5 мың тонна шөп дайындалған.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button